Бүгінгі таңда әлемге әйгілі сарапшылардың, саясаттанушылардың, дүние жүзінің бизнес элитасының көпшілігінің ой-пайымдауларына салсақ, адамзат түбегейлі өзгерістердің табалдырығында тұр. Осыған дейінгі даму барысында шешуші рөл атқарған бірқатар ресурстар сарқылуда, технологияның өте жедел дамуынан туындайтын мәселелерді болжап білу де мүмкін емес. Озық технология адамзатты жаңа этикалық нормаларға көшуге мәжбүрлейді, цифрлы экономика адамдардың тұрмыс салтын, мемлекеттердің ұстанған саясатын өзгертеді, күн сайын жаңа мүмкіндіктер мен тәуекелдер пайда болады. Дамыған елдер әлі де әлемдік қоғамдастықтың дамуының оңтайлы стратегиясына сай уағдаластыққа қол жеткізе алмауда. Ал дамушы елдерге осы ғаламдық өзгерістерге орай бейімделу үшін, уақыттың жедел көшіне ілесіп алға жылжу үшін қазіргі қолында бар ресурстар аздық етеді.
Ертеңгі күннің, одан арғы күндердің қалай болатыны бүгін жасалып жатқан шешімдерге тәуелді екені түсінікті. Бұл орайда алда туындайтын мәселелерді алдын ала күн тәртібіне шығаратын және оларға жауап іздейтін, сәйкесінше қадам жасайтын ел жаһандық табысқа жетуде зор мүмкіндікке ие болмақ. Ал Global Challenges Summmit-2018 стратегиялық шешімдер қабылданатын алаңның қызметін атқарады.
Таза энергияның тиімді тұстары
Ғалымдардың жыл өткен сайын Жер шарында энергияға деген сұраныс ұлғайып бара жатқанын, уақыт өте келе бұл сұранысты өтеу үшін түрлі проблемалар туындайтынын айтып дабыл қағып келе жатқанына талай жылдың жүзі болған. 2040 жылға қарай электр энергиясына деген әлемдік сұраныс 70%-ға артады деп күтілуде. Қоршаған ортаға залалсыз қуат көзін алуды дамытқан елдер осы көрсеткішті одан сайын арттыруда. Ал экономикасы жаңғыртылмайтын табиғи ресурстарды өндіруге негізделген дамушы елдердің табысы уақыт өткен сайын кеми түсуде.
Сөз жоқ, дамыған елдердің басым көпшілігі баламалы энергетикаға қатысты бағдарламалар жасап, оны біртіндеп жүзеге асырып жатыр. Жаңғырмалы қуат көздерінің артықшылығы – оның таусылмайтындығы мен экологиялық тазалығы жасыл энергетиканы серпінді дамытуға негіз болып отыр. Ғалымдар тобы 2050 жылға қарай жаңғырмалы энергия көздеріне толық көшуге мүмкіндік бар деп санайды. Мұндай жағдайда электр қуатына деген сұраныс толық өтеліп қана қоймай, оның бағасын арзандатуға да жол ашылады.
– Күн батареясынан алынатын бір ватт электр қуаты 2015 жылы 0,3 долларға дейін құлдырады, ол 1977 жылы 76 доллардан қымбат болатын. Яғни соңғы 5 жылда күн энергиясын тұтыну құны 80%-ға арзандады. Алдағы уақытта басқа да қуат көздерінен алынатын энергияның бағасы арзандай береді, – деген қорытынды жасады ғалымдар.
Халықаралық энергетикалық агенттік 2040 жылға қарай электр энергиясының 60%-ын жаңғырмалы көздерден, оның ішінде күн мен желден алынады деген болжам жасап отыр. Әлемдік энергиялық баланстың осылай өзгеруі мұнай-газ секторындағы бірқатар компанияларды баламалы энергетикаға инвестиция құюға, сондай-ақ корпоративтік венчурлық қорлар құруға итермелегені осыған байланысты.
Жалпы, «жасыл қаржыландыру» – бұл экологиялық орнықты дамудың кең шеңберінде экологиялық артықшылықты қамтамасыз ететін инвестициялар. Оған қоршаған ортаны қорғайтын, табиғи ресурстарды сақтайтын және климаттың өзгеруінің алдын алуға немесе оның өзгеруіне бейімделуге ықпал ететін инвестицияның барлық түрлері жатады.
Бүгінгі таңда капиталы тұрақты түрде өсіп келе жатқан, әлеуметтік жауапкершілігі күшті инвесторлар осы бағытта белсенді жұмыстар атқаруда. Жекелей қалталы тұлғалар мен ұйымдар өздерінің қаржылық көрсеткіштерін инвестиция құю салаларын таңдау барысында әлеуметтік және экологиялық факторларды біріктіруге талпынып отыр. Олардың абсолютті басым бөлігі Еуропа мен АҚШ-та.
Климаттық облигацияларға құйылар инвестициялардың ең кең тараған саласы көлік, машина жасау саласы болса, энергетика мен мультисекторлық инвестициялар екінші және үшін орында тұр.
«Жасыл» энергетиканы қарқынды дамытушы елдердің санатында энергияға деген сұраныстың басым бөлігін жаңғырмалы қуат көздері арқылы өтеп, энергияны экспорттаумен де айналысатын Данияны ерекше атап өту керек. Одан кейінгі орынды Германия алады. Жаңғырмалы энергия өндіру ерекше қарқын алған мезгілде бұл елдерде мұндай қуат көздері сұранысты 100 пайыз өтейді. Мұндай жағдайда жылу, атом электр стансалары резервтік функцияны атқарады, себебі ЖЭК-генерация әлі де болса тұрақты емес.
Қазақстан қалыс қалған жоқ
Жаңғырмалы қуат көздерін дамыту Қазақстанда да қарқынды жүргізілуде. «Қазақстан-2050» Стратегиясында 2050 жылға қарай баламалы және «жасыл» энергетикалық технологиялар барлық тұтынылатын энергияның 50%-ын бере алатыны атап өтілген болатын. Қазақстан осы бағытта БҰҰ Ғаламдық конвенцияларының ( Рио-де-Жанейро, 1992), Мыңжылдық саммитінің декларациясын (Нью-Йорк, 2000) және Бүкіләлемдік тұрақты даму саммитінің (Йоханнесбург, 2002) ұстанымдарын біріктіру мен бағдарламаларын жүзеге асыру жайлы міндеттемелерді мойнына алды. 2016 жылы тамызда Қазақстан Үкіметі Париж келісіміне қол қойды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен 2013 жылы «Жасыл» экономикаға өту тұжырымдамасы қабылданды. Аталған құжатта экономиканың ауыл шаруашылығы, көлік, жаңғырмалы энергетика секілді салаларын реформалауға бағытталған басымдыққа ие нақты тапсырмалар тізімі көрініс тапты. Осы тұжырымдамаға сәйкес еліміздің энергетикалық балансындағы баламалы энергия үлесін 2020 жылы қазіргі 1%-дан 3%-ға, 2030 жылы 30%-ға және 2050 жылы 50% -ға көтеру жоспарланған. 2020 жылы бұл деңгейге 22 жел электр стансасын (қуаты 957 МВт) 18 күн электр стансасы (қуаты 750 МВт), 13 су электр стансасын (қуаты 268 МВт), басқа да 53 нысан салу арқылы жету көзделген.
2012 жылдан бастап Қазақстандағы жалпы электр энергиясы өндірісіндегі «жасыл» энергетиканың үлесі 2 еседен астам өсіп, өткен 2017 жылы 1%-ға жеткен болатын. Жаңғырмалы энергия көздері соңғы жылдары Қазақстанда энергетикалық кешеннің даму векторының бірі ретінде көрсетілуде. Сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанның ЖЭК әлеуеті өте жоғары.
Қазіргі таңда басты тақырыбы «Болашақ энергиясы» аталған ЭКСПО-2017 мұрасы ретінде «жасыл» технологияны дамытатын халықаралық орталық құру жөнінде жұмыстар жүріп жатыр. Бұл орталық үлкен тәжірибелер алаңына айналып келеді, болашақта Орталық Азия елдерімен, Қытаймен, Кореямен, Еуроодақ елдерімен, басқа да мемлекеттермен арада әріптестікті дамытады деген үміт артылып отыр.
Даму кілті адами капиталдың қолында
Болашақ әлемі озық технологияларға арқа сүйейді, адам мен машина арасындағы шекара мүлдем азая түседі. Бұл футурист ғалымдар ондаған жыл бұрын болжаған, ал бүгінде шындыққа айнала бастаған аксиома. Жер-жерде жасанды интеллектіні пайдалану, виртуалды әлемдегі өмір адамзаттың алдына жаңа сауалдар қойып отыр. Адам қандай құндылықтарды басшылыққа алуға тиіс? Өміріміз қандай этикалық нормаларға бағынуы керек?
Бүгінгі таңда қорашаған орта, білім және мәдениет адамның дамуының маңызды факторлары болып табылады. ХХ ғасырда дамыған елдердің білім беру секторында үлкен өзгерістер орын алды. Білім беру жалпыға қолжетімді және міндетті болды, ал әлеуметтік құқықтар бірінші орынға шықты. Толеранттылық, нәзік жандылардың құқықтары ХХ ғасырдың адамы бейнесін қалыптастырды. Адам 21-ші әлем қалыптасқан білім кеңістігін күрделі өзгертуі мүмкін, себебі қазірде инновациялардың жаңа толқынының босағасында тұрмыз. Қоғам жаңа әлеуметтік-экономикалық ақиқаттарға сәйкес дәстүрлі білім модельдерінің трансформациялануын, бәсекелестіктің қарқын алуын бастан кешуде.
Соңғы жылдары технологиялар білім жүйесін өзгертуде – білім алу жеңілірек болып келеді.
Болашақтың адамы планшетке «жасанды ақыл-парасаты бар мұғалімді» жүктеп, өзінің жеке ұстазынан айырылмай жүре алады. 10 жылдан кейін жоғары білім алу ерекшелік болуын тоқтатып, оқи білу сияқты қалыпты құбылысқа айналуы мүмкін. Технологияның жаңа айналымы кітаптар, кинематограф, картиналар өмірден мәңгілікке жоғалады деген үрей тудырады. Алайда ақиқат бұдан басқашалау. Мұндай құндылықтардың барлығы болашақта да керек. Дегенмен технологиялық прогресс өнердің дамуына әсер етпей қоймайды. Мы-салы, бейнекөрініс жазбалары технологияларының пайда болуы өткен ғасырдың 60-жылдары медиа-арт, бейне-инсталляциялар сияқты бағыттың пайда болуына әкелген. Өнердің жаңа түрлері болашақта пайда болады, дейді халықаралық ғалымдар тобы.
Әлем дамудың постиндустриялық дәуіріне енген кезеңде стратегиялық ресурс нақ осы адам капиталы болып отыр. Қазақстандағы экономикалық өсу көп жағынан еңбек ресурстары санының есебінен қамтамасыз етілген.
Бүгінде ел халқының 11%-ы ғана білімдер экономикасы саласында жұмыс істейді, ол жоғары білікті зияткерлік еңбекті, шығармашылық қабілетті көрсетеді. Бүгінгі таңда орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға өту жалғасуда. 2017-2018 оқу жылының басынан бастап 15 мектепте бірқатар пәндерді ағылшын тілінде оқыту бойынша қанатқақты жоба басталды. Кәсіптік білім беру саласында оның сапасын, қолжетімділігін және беделділігін арттыру үшін жаңа тәсілдер әзірленді. 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 141 біліктілік бойынша жаңа модульдік бағдарламалар іске қосылған, онда 3 біліктілікке дейін алу қарастырылған. 10 мамандық бойынша ағылшын тілінде оқыту жүргізіледі.
Елбасының тапсыруымен 2017 жылдан бастап 583 колледжде «Техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы іске асырылуда. Үш тілде оқытуды іске асыру үшін оқу пәндерінің 50%-ы оқыту тілінде беріледі, 20%-ы – екінші тілде, 30%-ы ағылшын тілінде жүргізіледі. Еліміздегі жоғары оқу орындарының көпшілігінде 2,5 мың арнайы топ құрылып, онда 30 мың адам үш тілде білім алатынын айта кетейік.
Дүниежүзілік экономикалық форумның сарапшылары GlobalRisksReport-2017 баяндамасында 30 жаһандық сын-тегеурінді анықтады. Олар 5 санатқа бөлініп қарастырылады: экономикалық, экологиялық, геосаяси, әлеуметтік және технологиялық. Дүниежүзілік экономикалық форум осы сын-тегеуріндерді күшейтетін және олардың арасындағы арақатынасты өзгертуі мүмкін процестерді де анықтады. Олар: халықтың қартаюы, халықаралық құрылымдар рөлінің өзгеруі, климаттың өзгеруі және қоршаған ортаның бұзылуы, созылмалы аурулардан зардап шегетін адамдар санының өсуі, цифрлы технологияларға тәуелділіктің артуы, кедейлер мен байлар арасындағы табыстар айырмасының ұлғаюы, күш орталықтарының жылжуы, сондай-ақ урбандалудың күшеюі, тағы басқалар. Осындай жаһандық мәселелер туындаған тұста Астана экономикалық форумы сынды алқалы жиынның да бағасы арта түседі. Бұл форумның мақсаты – дүниежүзілік сарапшылар қоғамдастығына, технологиялық элитаға, мемлекеттік басқару өкілдеріне, ірі корпорациялардың визионерлері мен көшбасшыларына мағыналы жауаптар мен жаһандық ауқымдағы шешімдерді іздестіру алаңын ұсыну.
Әдеттегідей Астана экономикалық форумының базасындағы Global Challenges Summit-2018 еуразиялық конгресіне қатысатын халықаралық және отандық спикерлер туралы оқырманға аз-кем ақпарат ұсынып отырмыз.
Цзинь ЛИЦЮНЬ, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің директоры
Бейжің шетелдік зерттеулер университетін бітірген. Қытай Халық Республикасы Қаржы министрлігінің департамент бастығы, қаржы министрінің орынбасары, Азия даму банкінің вице-президенті, Қытай инвестициялық корпорациясы бақылаушы кеңесінің төрағасы, Азия инфрақұрылымдық банкінің вице-президенті, Азия инфрақұрылымдық банкінің президенті болып қызмет атқарған.
Азия даму банкінде вице-президент қызметін атқара жүріп Оңтүстік, Орталық және Батыс Азияның жеке сектордағы операциялары жөніндегі бағдарламаларына жауапты болған.
Мартина ДАЛИЧ, Хорватия премьер-министрінің бірінші орынбасары, экономика министрі
Загреб университетін, Сплит университетін бітірген, экономика ғылымдарының докторы.
2005-2012 жылдары Хорватияның Еуропалық одаққа қосылу жөніндегі келіссөз жүргізуші тобының құрамында болды. Хорватия Қаржы министрлігінде министрдің хатшысы, министрдің көмекшісі, министрліктің макроэкономикалық болжамдар бөлімінің меңгерушісі, қаржы министрі қызметін атқарды. Экономика, еңбек және кәсіпкерлік министрі, премьер-министрдің көмекшісі қызметін атқарды.
Тоомас ИЛЬВЕС, Эстонияның бұрынғы президенті
Эстониялық саясаткер, дипломат, журналист. Колумбия университетін, Пенсильвания университетін бітірген. «Азат Еуропа» радиосының Мюнхендегі зерттеу институтының сарапшысы, «Азат Еуропа» радиосының Эстониядағы редакциясының бөлім меңгерушісі, Эстония Социал-демократиялық партиясының жетекшісі, Еуропалық парламенттің мүшесі, Эстонияның АҚШ, Канада, Мексика елдеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі болған. Эстонияның сыртқы істер министрі, Эстония президенті қызметтерін атқарған.
Андрей ШАРОНОВ, «Сколково» Мәскеу басқару мектебінің президенті
Уфа авиация институтын, РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты.
Ресей Федерациясы Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы, Экономикалық даму және сауда министрлігінде департамент бастығы, министрдің орынбасары, «Тройка Диалог» инвестициялық компаниясының басқарушы директоры, осы компанияның директорлар кеңесінің төрағасы болған. 2010-2013 жылдары Мәскеу үкіметі мэрінің экономикалық саясат бойынша орынбасары лауазымын, 2013-2016 жылдары «Сколково» Мәскеу басқару мектебінің ректоры қызметін атқарды.
Жиырмадан астам ғылыми еңбек пен мақаланың авторы.
Алина АЛДАМБЕРГЕН, KASE басқармасының төрағасы
1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын үздік бітірген, 2007 жылы Рочерстер университетінің Е.Саймон Уильям атындағы Іскерлік әкімшілендіру мектебін аяқтаған.
Бұған дейін А.Ө. Алдамберген «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары, «Самұрық-Қазына Финанс» ЖШС бас директоры, Қаржылық нарық және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі төрағасының орынбасары, Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі төрағасының орынбасары болған, «ABN AMRO Банк Казахстан» АҚ-та және басқа да екінші деңгейлі банктерде басшылық қызметтер атқарған.
Қанат БОЗЫМБАЕВ, Энергетика министрі
Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. «Эдем лтд» ЖШС экономисі, Алматы қаласы әкімінің көмекшісі, Экономика және сауда министрлігі өңірлік саясат бөлімінің бастығы, «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы» АҚ Қаржы департаментінің бастығы, экономикалық мәселелер бойынша вице-президенті, Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің мұнай мен газ департаментінің директоры, Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, «KEGOK» АҚ бірінші вице-президенті, «KEGOK» АҚ президенті, Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы, «AirAstana» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Самұрық» холдингі» АҚ басқарма төрағасы, «KEGOK» АҚ басқарма төрағасы, Жамбыл облысының әкімі, Павлодар облысының әкімі болып қызмет атқарған.
«Құрмет» орденімен марапатталған, ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі.
Алмас БАТАНОВ, ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы
Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін экономика мамандығы бойынша, Алматыдағы технология және бизнес университетін өндірістік стандарттау және сертификаттау инженері мамандығы бойынша тәмамдаған. «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Ноттингем университетінде ақпараттық технологиялар менеджменті магистрі мамандығы бойынша білім алған.
Бұған дейін «Метрология» РММ Алматы қалалық филиалының жетекшісі, «ҚазМетрИн» РММ Оңтүстік Қазақстандағы филиалының бас маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысы, филиал басшысының орынбасары, Экономикалық зерттеу институтының бас сарапшысы, Президент Әкімшілігі Стратегиялық зерттеу және талдау орталығының сарапшысы, консультанты, референті, Өңірлік даму министрлігі Өңірлік мониторинг және бағалау департаментінің директоры, Премьер-Министрдің орынбасарының кеңесшісі, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасары, Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының орынбасары болып қызмет атқарды.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»