Аймақтар • 16 Мамыр, 2018

Жаңарқада Бақытқали Мұса­бековтің әдеби-танымдық кеші өтті

729 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жаңарқада Бақытқали Мұса­бековтің әдеби-танымдық кеші өтті

Жаңаарқа ауданының орта­лығы Атасу кентінің мәдениет үйінде қоғам қайраткері, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің Қарағанды облысы бойынша бас менеджері Бақытқали Мұса­бековтің әдеби-танымдық кеші өтті. Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының, Аза­мат­тық альянстың облыс­тық бөлім­шесінің және Жаңа­арқа ауданы әкімдігінің қол­дауы­мен, «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының аясында ұйым­дастырылған шара «Қазақтың би-шешендерінің мұрасы» та­қырыбына арналды.

Қазақтың ауыз әдебиетін қа­лып­тастыруға шешендік өнердің өлшеусіз үлес қосқаны сөзсіз. Өскелең ұрпақ ел тарихындағы әйгілі шешендер туралы, олардан қалған асыл мұраны білуі тиіс.

– Біздің мақсатымыз – хал­қымыздың аузы дуалы би-ше­шен­дерінен қалған рухани­ мұраны ұрпақтан ұрпаққа жет­­кізу. Елбасы Н.Назарбаев өзі­нің қоғамдық сананы жаң­ғыр­ту туралы бағдарламалық ма­қаласында басты шарт – өз мә­дениетімізді, өзіндік ұлттық кодымызды сақтап қалу екенін атап айтқан болатын. Осы мақсатта біз жер-жерде жастармен кездесулер ұйымдастырып, рухани мәселелерге арналған тақы­рыптарды қозғап жүрміз, –  дейді «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бас менеджері Бақыт­қали Мұсабеков.

Кездесу барысында ол тыңдау­шыларға қазақ халқының Майқы би мен Аяз биден (ХІІ-ХІІІ ғ.ғ.) бастап, Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге дейінгі шешендік өнер мектебінің тарихынан әңгіме шертті. Дәрістің барысында 20 би-шешен, олардың бай мұрасы туралы салиқалы әңгімелер айтылды.

Жас буын үшін тәрбиелік мәні зор кештер бұған дейін облыстың Осакаров, Нұра және Бұқар жырау аудандарында ұйымдастырылған болатын.

– Мұндай кездесулер тек жас­тар үшін ғана емес, барша халық үшін пайдалы. Бүгін біз көп мағ­лұмат алдық, көп нәрсені білдік, – дейді Жаңаарқа ауданы ардагерлер ұйымының мүшесі, зейнеткер Шаһизада Әбілдин. – «Рухани жаңғыру» секілді бағдарламалар жастарымыздың ел мен жердің тарихын ұмытпауы үшін өте қажет.

Тәрбиелік мазмұнға құрылған таным­дық кештер одан әрі жал­ғаса береді.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы