Аймақтар • 16 Мамыр, 2018

Арқада арқар көбейген

2045 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының аумағында маман­дандырылған ұйымдар даладағы арқарлар мен киіктердің санағын жүргізуде. Жануарларды мамандар тікұшақпен жүріп, әуеден түгендейді. 

Арқада арқар көбейген

Арқар-киіктерді есеп­­теу сәуір айында бас­талған. Санақ жүр­гізудің қа­лыптасқан әдістері бар. Мамандар киіктер өре­тін негізгі аумақтарды тік­ұшақпен аралайды. Алдын ала белгіленген бағыттар бойынша тік­ұшақтар санақ үшін ыңғайлы биіктікте ұшады.

Мамандардың ай­­туынша, әуеден бақылау нә­ти­же­сінде алғашқы апта­лардың өзінде жеті жүз бас­тан артық арқар есеп­ке алынған. Барлық мәлі­меттер өңделіп, экстрополя­ция әдісімен болжам жа­­салады. Бұрыннан қа­лыптасқан кәсіби есептеу тәсіліне сәйкес, жа­нуарлардың әр басы онға көбейтіледі. Яғни бас­тап­қы нәтижелердің өзімен Қа­рағанды облысында 7 мың бас арқар тіркелді деуге болады.

2017 жылғы санақ бо­йынша өңірде 7,5 мың бас арқар есепке алынған. Салыстырмалы түрде алғанда, жабайы жануарлардың саны артып келе жатқаны байқалады. Олардың көбеюіне тиісті мекемелер мүмкіндігінше жағдай жасап келеді. Жануарларды қорғаумен айналысатын шағын топтар популяция мониторингін тұрақты жүргізеді. Оның үстіне, кейінгі жылдары Арқада қыс қатты бола қойған жоқ.

Қатаң бақылаудың арқасында браконьерлік қылмыс азайды дегенмен, ара-тұра болса да орын алып тұратыны жасырын емес. Былтыр заңсыз аң аулаушылардың қолынан екі арқар өлген. Оның шығыны – 20 миллион теңге.

Қарағанды облысында киіктер саны да артып келеді. Осыдан үш жыл бұрын жаппай қырылған түз жануарлары қайтадан көбейе бастаған. Қазір өңірде 50 мыңдай киік бар. Енді табиғи апаттан немесе кісі қолынан ажал құшпаса, ен даланың сәні болған арқар-киіктердің саны өсе түспек.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы