Аймақтар • 16 Мамыр, 2018

Қызылордадағы «Рухани жаңғыру» орталығының құрылысы аяқталды

1016 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорданың сол жағалауында салынып жатқан «Рухани жаңғыру» орталығының құрылысы аяқталды. Құрылыс көп қой, бірақ бұл нысанның алаш баласы үшін орны ерек болғалы тұр. Өйткені кешен бұрынғы Қазақ орталық атқару комитеті ғимаратының негізінде салынған.

Қызылордадағы «Рухани жаңғыру» орталығының құрылысы аяқталды

1925 жылға дейін қазақтарды империяшыл Ресей «қырғыз-қайсақ» деп кемсітіп келгендігі белгілі. Ал қырғыздарға «қара қырғыз» деп айдар тақты.

Қазақ астанасын қиырдағы Орынбордан орталыққа көшірген Сұлтанбек Қожанов бастаған алаш қайраткерлері империямен жағаласып жүріп қазақ деген атауды қайтарды.

Байтақ халқымызды басын­ғысы келген келімсектерге есік­тегі орнын көрсетті. Жаңа аста­наға «Қызылорда» деген атау беріп, жаңа үкіметтің үйін салды. Бірақ замананың ұйытқыған желі тарихи нысанды бұзып тынған болатын. Жаңа орталық салу туралы шешім қабылданғанда ғалымдардың мұрағаттан тапқан ғимараттың сызбасы негізге алынған. Киіз туылдырықты алашты өз алды­на егемен ел қыламыз деп басын бәйгеге тіккен қазақтың асыл азаматтарының иісі сіңген киелі жерге ұлттық жаңғыруға негізделген кешен бой көтерді. Қазақ Орталық Атқару коми­теті үлгісімен салынған бұл ғима­раттың бір жағында «Руха­ни жаңғыру» орталығы, бір жағын­да музей орналасады.

– Сырдария өзенінің сол жағалауы игеріле бастағалы алғаш салынып біткен орталық ғимараты болды. Мемлекеттік комиссия ғимаратты қабылдап алды. Қазақ Орталық Атқару комитетінің ғимаратының сыз­басымен салынған нысан астана болған Ақмешітте ха­лыққа қыз­мет еткен Жалау Мың­баев, Ахмет Байтұрсынұлы, Ұзақ­бай Құлымбетов, Әлихан Бө­кейханов секілді Алаш қай­рат­­керлерінің ұлт алдындағы ең­бегіне құрмет, – дейді орта­лық директоры Нұрлыбек Мың­жасов.

Құрылыс мердігері, «Пром­Строй­Сервис» серік­тес­тігінің бас директоры Манарбек Еспем­бетов бұрынғы ғимарат қалан­ған Николай заманындағы кір­піш табылмағандығын айтады. Бірақ сол негіздегі кірпішті Ресей­дің Белгород қаласынан алдырған.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы