Футбол • 17 Мамыр, 2018

Алғашқы аяқдопшылар

638 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Футбол – ғаламдағы ең кө­рер­мені көп спорт. Сондықтан да болар, осы спорт төңірегінде айты­лар әңгімелер де ұшан-теңіз.

Алғашқы аяқдопшылар

2007 жылы күллі әлем 1857 жылы Ан­глияның Шеффилд қаласында құрылған тұңғыш футбол клубы «Шеффилд ФК»-ға 150 жыл толған мерекелі датасын атап өтті. Бұл клуб әлі бар. Ағылшын премьер лигасында апырып-жапырып атағы шықпаса да, төменгі лигада томпаңдап ойнап жүр. Жо­ғарыдағы футбол клубының пай­да болуы әлемдік футболға жа­ңа дәуір әкелді деп есептейді ма­мандар. 

Әлемдегі екінші құрылған фут­бол клубы – «Ноттс Каунти». Бұл команда 1862 жылы тағы да Ан­глияның Ноттингэм қаласында пайда болған. Бұл тұста фут­бол­дың ортақ ережесі болған жоқ. Үлкен қалаларда орналасқан та­нымал университеттердің сту­денттері өздері шығарған ереже бойынша ойын өткізіп жүрді. Тіп­ті олар өзара сайысқанда қайсы ереже бойынша ойнау керектігін алдын ала келісіп алатын дәстүр болыпты. Көп жағдайда қонақтар алаң иесінің ережесіне бағынған көрінеді. 

Шамамен ХVII ғасырдың ор­тасында ағылшынның футбол­құмар студенттері жиналып «футбол ойнаудың ортақ ережесін қа­былдау қажет» деген шешімге келіп, барлығы қосылып, тал­қылау жасайды. Айтыс-тартыс 7 сағат 55 минутқа созылды. Нә­ти­жесінде әлемде тұңғыш рет «Кем­бриж ережесі» дейтін ортақ құжат өмірге келеді. 

Бұл құжатқа «Ойыншы қолды пайдаланбай торға доп енгізсе гол болады», «Доптың қарсы алдына қорғаныс шебін құрған ойыншылар қолтықтасып тұруға рұқсат», «Әуеде ұшқан допты қолмен ұруға болмайды», т.б. баптар енгізіледі. Бір қызығы, осында айтылған кейбір ереже баптары әлі күнге дейін өзгерген жоқ.

Әлем аяқдопшылары үшін екінші бір есте қаларлық дүние 1863 жылы орын алды. Яғни Лон­дон қаласының Грэйт-Куин ауданында орналасқан «Фри­мэйсон» атты шайханаға қала­дағы футболқұмар адамдар жина­латын. Осы әдет бойынша қазан айының 26-сы күні бір топ аяқ­допшы жоғарыдағы шайханада бас қосып, шарап ішіп шал­қып отырып «Әлемдік футбол одағын» құру туралы сөз қоз­ғайды. Сөйтіп қазіргі дүние жү­зіндегі аса қуатты құрылым «Әлем­дік футбол федерациясы» (FIFA) дүниеге келеді. Бұл феде­ра­цияның 150 жылдық мерейтойы 2013 жылы әлемдік ауқымда жо­ғары деңгейде атап өтілді.

Жоғарыдағы Әлемдік футбол одағын құрушылардың бәрі дерлік белгілі емес. Хат-шотқа берік ағылшындардың өзі осы мәселеде екіұдай. Бірақ футбол тарихын зерттеушілер Ж.Ф.Элкок («Фо­рест Клаб»), Воррон («Воро­фис»), Тернер («Кристал Палас»), Стю­ард («Крусэйдерс»), Кэмпбелл («Блэкхит»), т.б. болған дейді. 

Осы одақ құрылғаннан кейін футболдың ойын ережесі түзелді. Жаңа ереженің ерекшелігі: «Қақ­пашы допқа қол тигізуге болмайды» делінген. Сонымен қатар аяқ­допшыға ойын үстінде допты баспен, кеудемен игеруге рұқ­сат берілді. Ең бастысы, футбол ой­найтын алаңның көлемі бекі­тілді. Кейбір ұйымдастыру жұ­мыс­тары жүйеленді. Бұл құжат фут­бол тарихында «1863 жылғы ереже» деген атпен қатталды. Осы ере­женің 90 пайызы бүгінгі күнге дейін еш өз­гермей қолданылуда. Тек 1912 жылы қақпашының айып алаң­ында допты қолмен ұстауға, қағу­ға болатыны жайлы бап қана енгі­зілді. 

Әлемдік футбол одағының қызметі алғашында Англия елінің ше­гінде жүргізілді. Одақтың ұйым­дастыруымен тұңғыш рет 1866 жылы «Шеффилд» және «Лон­дон» командалары арасын­да жарыс өткізіліп, бұл турнир жыл сайын өтіп тұратын тұрақты бәсекеге айналдырылды. Жыл өткен сайын бұл жарысқа қатысуға басқа командалар да ниет білдірді. Сөйтіп жарыстың маңызы ұлғайды. Осыған байланысты жарысты ұйымдастырушылар 1871 жылы Футбол одағының «Кубоктық сайысы» дегенді ойлап тапты. Бұл кубокты жеңіп алған командаға «Англия чемпионы» деген атақ қоса берілетін болды. Осы оқиғаны спорт тарихшылары «әлем футболындағы төңкеріс» есебінде бағалап келеді.

1872 жылы жоғарыдағы кубок үшін жарыстың шешуші ойыны 16 наурыз күні «Кеннигтон Оуваль» атты крикет алаңында «Вондэрэс» және «Рояал Инжинерс» клубтары арасында өтті. Сайыс басталғанда ауа райы тым салқын тартқандықтан футболшылар бас киіммен ойнады. Бұл кездесуді әлемдік футбол тарихында «Кубок үшін» өткен ресми және алғашқы ойын» деп таныды. Арада 20 жыл өткен соң «Кубок үшін» жарыс пен «Англия чемпионаты» бөлек-бөлек өтетін үрдіс қалыптасты. 

Ал футбол тарихында ұлт­тық құрамалар арасында ұйымдас­тырылған тұңғыш ойын Англия мен Шотландия командалары арасында 1872 жылы өтіпті. Есеп – 0:0. Бірақ аталмыш ойын онша қызықты болмаса да, тұңғыш болғандықтан тарихта қалса, ал футболдан алғашқы әлем чемпионаты 1930 жылы Уругвайда ұйымдастырылып, шешуші сәтте аргентиналықтарды 4:2 есебімен ұтқан жергілікті футболшылар тұңғыш рет әлем чемпионы атану бақытына ие болды. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»