Қабылдауға жазылғандар қатарында Алматы қаласындағы «Ашық әлем» дамуында ауытқушылық бар балалар мен жасөспірімдерге қолдау көрсету қайырымдылық қорының жетекшісі Әлия Архарова да болды. Ол ерекше оқытуды қажет ететін балалардың ата-аналары айтқан ұсыныстар мен идеялардың негізінде осы саладағы нормативті-құқықтық базаны жақсартатын нақты механизмді дайындаған. Сол бастамасына партия тарапынан қолдау сұрап келген қоғам белсендісі бұл жоба жүзеге асырылса, мүмкіндігі шектеулі балалардың толыққанды білім алуына жол ашылатынына назар аударды.
Ә.Архарованың айтуынша, Қазақстанда аталған оқытудың нақты талаптары мен қағидалары әлі де болса жетілдіруді қажет етеді. Осы мәселелерге назар аударған ол көптеген мектептерде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жоғары қабаттарға көтерілетін арнайы сатының жоқ екенін, жоғары оқу орындарындағы жұмыстарды да жүйелеу керектігін айтты. Осы бағыттағы педагогтардың біліктілігін арттырып, жалақысына қосымша үстемақы төлеу мәселесін көтерді. Балабақшалардағы жұмысты жандандырудың маңызы зор екенін де назардан тыс қалдырмады. «Кейбір мүмкіндігі шектеулі балалар мектеп жасына келіп арнайы білім ордаларына барғанда көптеген кедергілерге тап болады. Себебі оларды балабақшада ондай жағдайға ешкім бейімдемейді», деді қоғам белсендісі.
Осы орайда М.Әшімбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мақсатында арнайы «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы жұмыс істейтінін жеткізді. Сондай-ақ ол алдағы уақытта партия тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп арнайы отырыс өткізетінін, онда инклюзивті білім беру мәселесі жан-жақты талқыланатынын атап өтті.
Қабылдауда болған Ұлттық дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова елімізде Дельфий және Парадельфий қозғалыстарын дамыту үшін Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінен қолдау көрсетілсе деген ойын айтып, осы жұмысқа партияның көмектесуін сұрады. Соңғы жылдары Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі тарапынан көрсетіліп келген қаржылай қолдау өткен жылы тоқтап қалған көрінеді. Жақында ғана аталған ведомство мен партия арасында өзара іс-қимыл жөніндегі Жол картасы бекітілгеніне назар аударған М.Әшімбаев сол құжаттың аясында осы мәселені қайта қарауды ұсынатынын айтты.
Қабылдауға келген астаналық мұғалімдер Күлшат Яхина мен Сәуле Сайтиева ұстаздар қауымының тұрғын үй мәселесін жақсартуға қатысты ұсыныстарын айтты. Атап айтқанда, ұстаздар ипотекалық несие рәсімдеу үшін зейнетақы қорындағы жинақтың белгілі бір бөлігін алғашқы жарна ретінде пайдалануды ұсынды. Мәулен Әшімбаев партияның бұл мәселені осыған жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп талқылайтынын жеткізді.
Ал өнертапқыш Қайрат Нұрлыбеков партиядан өз жұмыстарына ақпараттық қолдау көрсетуді сұрап келді. Ол аяқ киім кептіріп және тазалайтын инновациялық қондырғы ойлап тапқан. Қайраттың айтуынша, мектептердегі аяқ киім ауыстырудың және медициналық мекемелердегі бахиланың орнына осы қондырғыны қолдануға болады екен. Өнертапқыштың сөзіне қарағанда, бұл қондырғы қазірдің өзінде Астана қаласындағы бірқатар аурухана мен емханаларға орнатылған. Іс-шарада партия тарапынан жаңа қондырғының қолданыс аясын кеңейтуге қатысты тиісті қолдау көрсетілетіні айтылды.
Назарбаев университетінің студенті Мират Жекеев қабылдауға өзінің авторлық жобасымен келді. Жаяу жолаушылардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыс ЭКСПО-2017 көрмесінде Швейцария делегациясы ұйымдастырған инновациялық идеялар байқауында 1-орын алған. Жобаның негізгі мақсаты – әсіресе түнгі мезгілде жаяу жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларын азайту. Аталған жүйе толық автономды режімде жұмыс істейді. Арнайы сенсорлар арқылы адамның арнайы жолаққа жақындағанын автоматты түрде анықталып, көлік жүргізушілеріне алдын ала белгі беріледі. Өз кезегінде бұл көлік тізгіндеген жандардың жылдамдықты азайтып, жаяу жолаушының жолдың арғы бетіне қауіпсіз өтуіне жағдай туғызады. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары бұл бастамаға қызығушылық танытып, «SmartAstana» жобасы аясында жүзеге асырудың жолдарын қарастыру үшін партияның Астана қалалық филиалына нақты тапсырма берді.
Партияның қоғамдық қабылдауына хабарласып, өз өтінішін білдірген келесі өнертапқыштың жасы небәрі 14-те. Соған қарамастан қарағандылық Алдияр Божбанов бірқатар жобалардың авторы атанып үлгерген. Бүгінде 10-сыныпта оқитын Алдиярдың жобалары да өте өзекті әрі аса маңызды. Мысалы, ол ойлап тапқан судан энергия өндіретін табиғи таза қондырғы жабық технологиялық циклде жұмыс істейді. Ал кез келген гаджетке арналған әмбебап қуаттау құрылғысы ешқандай электр энергиясын қажет етпейді. Тіпті жел, күн, су энергиясы да керек емес. Яғни құрылғы қолмен қысқан кезде адамның механикалық энергиясынан қуат алады. Бұл екі жоба қазірдің өзінде жүзеге асырылған. Одан бөлек, жас өнертапқыш ұшатын жел-күн электр стансасы мен қоқыс қалдықтарынан электр, газ, сутек және оттегі өндіретін арнайы қондырғының жобасын таныстырды.
– Қазіргі таңда кез келген мемлекеттің болашағы шикізатпен емес, ақпараттық технологиялар мен ІТ-жобаларда, ғылым мен білімде екенін ескерсек, мұндай бастамалардың берері мол. Алдағы уақытта өтініштер мен ұсыныстардың барлығы назарға алынып, тиісті деңгейде партиялық қолдау көрсетіледі. Себебі партия әрдайым елмен етене жұмыс істеп, халықты алаңдатқан мәселелердің оңтайлы шешілуіне тікелей мүдделі. Сондықтан біз өмірімізді жақсартуға бағытталған түрлі идеяларды талқылап, халыққа қолжетімді, ашық жұмыс істеуге қашанда дайынбыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»