Елбасы бастамалары, еліміздің ақпараттық саясаты, мемлекет атқарып жатқан іргелі шаралар туралы халыққа жан-жақты ақпарат беру ісінде республикалық Бірыңғай медиа жоспардың тиімді жүзеге асып жатқанын атап өткен министр телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ілкімді істерге де тоқталды.
Соның ішінде, ерекше атап айтатын мәселе, министрлік биылдан бастап еліміздің аймақтарын кезең-кезеңімен цифрлық хабар таратуға көшіре бастайды. Жыл соңына дейін Маңғыстау, Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында телерадио хабарларын тарату ісі толық цифрлық форматқа алмастырылады. Сонымен қатар, аналогтық хабар тарату тоқтатылады. Ал еліміздің өзге де өңірлері цифрлық хабар таратуға 2020 жылдың соңына дейін көшіріледі деп жоспарланып отыр. Бұл жоба еліміздің көрші елдермен іргелес жатқан елді мекендерге қатысты көптен бері айтылып келе жатқан өзекті мәселе – жергілікті тұрғындар үшін отандық телеарналар мен радиолардың қолжетімді болуын қамтамасыз етпек.
– Ауылды жерлерде 15-ке жуық, ал облыс орталықтарында 30-дай жоғары сапалы телеарна тегін көрсетіледі. Сондай-ақ «Отау ТВ» отандық спутник операторын дамыту мақсатында жаңа «Отау+» ақылы пакетін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның құрамында шетелдік түрлі жанрдағы белгілі 14 телеарна болады, – деп атап өтті Дәурен Абаев. 2017 жылдың соңында Ақпарат және коммуникациялар бағытындағы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенін айтқан министр, қоғамдық орындарда, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда тек қана отандық телеарналарды көрсету қажеттілігі туралы міндеттеме белгіленгенін алға тартты. Сондай-ақ Елбасы тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жобалар жөнінде баяндай келе, қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жоюдың маңыздылығына екпін қойды.
– Қазір еліміздің 13 миллионнан астам тұрғынына жоғары жылдамдықты интернет қолжетімді. 10 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерде 3G, ал 50 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерде 4G үлгісіндегі байланыс орнатылған. Өткен жылы еліміздегі барлық аудан орталығы 4G үлгісімен қамтылды. Министрліктің алдағы уақытта атқаратын міндеті – ауылдық елді мекендерге кеңжолақты интернет жеткізу. Ол үшін қазіргі кезде Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі бойынша тиісті жоба іске асырылып жатыр. Аталған жоба аясында 2021 жылға дейін 2 миллионнан астам тұрғыны бар 1249 ауылдық елді мекен жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтылады, – деді Дәурен Абаев. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығын цифрландыру, электронды сауда мен қаржы технологияларын дамыту сынды бағдарламаның негізгі міндеттеріне жол аша түсері сөзсіз.
Халыққа қызмет көрсету саласында да атқарылған жұмыстар ауқымды. Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы барлық мемлекеттік қызметтердің 83 пайызын (621 қызмет) көрсетіп келеді.
Экономикалық тиімділікті арттырудың заманауи мүмкіндіктерін дамыту бойынша министрлік проактивті қызметтер (ХҚКО-ға баруды талап етпейтін), «Paper free» принципі (толықтай қағазсыз үдеріс), цифрлы халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру бағыттары негізінде атқарылатын міндеттерді жалғастыра берді. Бұл тараптағы жобалау процестері бойынша тәжірибе жетіле түсетінін айтқан министр жыл соңына дейін цифрлы халыққа қызмет көрсету орталықтары республиканың әр облыс орталығында ашылатынын жеткізді.
– Енді ХҚО-ның жұмысы толығымен автоматтандырылып, қызметтерді оператордың көмегінсіз алуға болады. Алғаш рет мұндай ХҚО Астанада жыл басында ашылған еді. Оның ашылуына дейін резидент емес тұлғалар алты мекемеге дейін барып, әрқайсында жеке кезекке тұруға мәжбүр болатын. Бүгінде бұл қызметтердің барлығы бір жерде «бір терезе» қағидаты бойынша беріледі, – деді министр.
Жұртшылықпен кездесуде министр ұялы байланыс қызметіне, электронды үкімет жұмысына, БАҚ саласындағы мәселелерге қатысты жиынға қатысушылар қойған және министрлік блогына келіп түскен бірқатар сұрақтарға жауап берді. Министрдің сөзіне қарағанда, шалғайдағы елді мекендерді ұялы байланыспен қамту шаралары жалғаса береді. «Қазір мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерде ұялы байланыс бар. Тағы осындай 500 елді мекенге байланыс қызметін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл тарапта ұялы байланыс операторларына тиісті міндеттемелер жүктелді», деді халыққа есеп беру кездесуінде Ақпарат және коммуникациялар министрі.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»