Қазақстан • 17 Мамыр, 2018

Елбасы Астана экономикалық форумына қатысушыларды құттықтады

390 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумындағы кіріспе сөзінде жиынға қатысушыларды құттықтады.

 

Елбасы Астана экономикалық форумына қатысушыларды құттықтады

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Мемлекет басшысы АЭФ-тың дәстүрлі түрде өтіп келе жатқанын айта келе, қазіргі таңда әлемде кездесетін маңызды мәселелерге тоқталды.

«Астана экономикалық форумына қатысу жақсы дәстүрге айналып келеді. Осы орайда осында келген қонақтарымызға, жалпы біздің азаматтарға зор рахметімді айтамын. 11-ші рет өткізіліп отырған форум әлемдік экономиканың инвестициялары мен инновацияларының ең маңызды мәселелерін талқылау алаңы болып отыр. Былтырғы форумнан бері біз әлемдегі орасан зор өзгерістердің куәгері болдық. Жаңадан текетірес, конфронтациялар пайда болуда, мемлекеттер арасында келісімге келу қиындап барады. Әсіресе, үлкен мемлекеттер арасында өзара сенімсіздік, қарсыластықтың ұстанымын түсінуге талпынбау жиі кездеседі. Бұл әлем үшін өте күрделі кезең», деді Елбасы.

Сондай-ақ Н.Назарбаев осындай келеңсіздіктерге қатысты түйткілдерді объективті түрде талқылаудың маңызы зор екенін атап өтті.

«Сол себептен биылғы форум жаһандық сын-тегеуріндерге тиімді жауап іздеуге бағытталған. Сәйкесінше, форумда осы салалардағы білікті мамандар жиналып отыр. Олардың сөзін тыңдауға, ұсыныстарын пайдалануға әзірміз», деді Президент.

Мәдина Жәлелқызы,

«Егемен Қазақстан»