Іс-шараның күн тәртібі қауіпсіздік және оның одан әрі даму келешегі тұрғысынан ислам әлемі үшін өзекті болып табылатын мәселелердің кең ауқымын қамтыды. Күн тәртібі бойынша негізгі мәселе ретінде Бангладеш және Мьянманың шекара маңы аймағынан рохинджа халқының жаппай көшу нәтижесінде туындаған ауқымды гуманитарлық дағдарыс жайы қаралды. Қ.Әбдірахманов өз сөзінде Қазақстан рохинджа халқын қорғаудағы ұжымдық ерік-жігер мен жауапкершілікті толық ұстанатынын атап өтті. Биылғы сәуір айында Қазақстан Үкіметі Бангладештегі Рохинджа босқындарына 500 мың доллар көлеміндегі гуманитарлық көмек көрсетіп, ол тиісті жерлерге жеткізілген.
Министр, сондай-ақ мұсылман елдерінің арасындағы қатынастарда шыдамдылықты нығайтудың және мемлекетаралық диалогқа дайындықты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап көрсетті. Осыған байланысты Қазақстан 2016 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған ұсынған ислам татуластығы бастамасына басты назар аударады. Қарардың тиісті тұжырымдамалары ИЫҰ СІМ кеңесінің қарауына ұсынылды.
Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің осы 45-ші отырысының қорытындылары бойынша декларация мен бірқатар резолюциялар қабылданды.
ИЫҰ СІМ кеңесі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «ғаламдық дағдарысқа қарсы шешімдерді іздеуге қатысатын елдер санын кеңейту арқылы xалықаралық экономикалық саясатты айқындаудағы ең салмақты күш ретінде жаңа G-Global коммуникациялық платформасын құру» жөніндегі бас-
тамасын қошеметтеді. Резолюция «басқа мекемелермен үйлестіре отырып, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы мен Ислам Даму банкінің бас xатшылықтарының G-Global платформасына қатысу мәселесін қарастыруға шақырады».
Бөлек құжатта Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның исламдық татуласу туралы бірлескен декларациясына қолдаушылық танытылған. «ИЫҰ СІМ кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне ИЫҰ-ның қолдауын растайды және 2018 жылғы 10-11 қазанда Астанада «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін» ұранымен өтетін VI съезге ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен халықаралық қоғамдастықтың діни көшбасшыларын белсенді қатысуға шақырады», деген сөз тақырыптық қарарда атап көрсетілген.
Қару-жарақты өңірлік бақылау және қарусыздану жөніндегі қарар «ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерден ғана тұратын бірінші аймақ болған» Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы келісімнің 2009 жылы 21 наурызда күшіне енуін қолдады.
Қазақстанның бастамасы бойынша бұрынғы Семей ядролық полигонына, Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне және Арал теңізінің аймағын қалпына келтіруге арналған қарар қабылданды.
Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, сессия барысында қазақстандық дипломат Асқар Мусинов ИЫҰ Бас хатшысының ғылым және технологиялар жөніндегі орынбасары болып сайланды.
Сайлаудағы бұл жеңіс Қазақстан өкілі ИЫҰ-да осындай жоғары лауа-
зымға бұрын-соңды тағайындалмағанымен де ерекше болып отыр. А.Мусиновтың сайлаудағы қарсыласы бангладештік дипломат Камрул Ахсан болған еді. Қазақстан өкіліне ИЫҰ Азиялық топтың 18 мүшесінің 12-сі дауыс берді.
Дайындаған
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»