Әлем • 17 Мамыр, 2018

Қазақстан Президенті БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті

343 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана экономикалық форумы аясында өткен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Пан Ги Мунның Біріккен Ұлттар Ұйымын дамытуға зор үлес қосқанын атап өтті.

Қазақстан Президенті БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті

– Сіз Қазақстанда бірнеше рет болдыңыз. Біз ядролық қарусыздану бағдарламасы бойынша бірлесе жұмыс істедік. 29 тамыз бүкіл әлемде Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде атап өтіледі. Сізбен және Корея Республикасымен арамызда өте жақсы достық қарым-қатынас қалыптасты, – деді Мемлекет басшысы.

Пан Ги Мун Астана экономикалық форумы жаһандық сын-тегеуріндерді талқылап, оларды еңсеру жолдарын табу ісінде маңызды рөл атқаратынын айтты.

– Мен Қазақстанға жаңа қызметімде алғаш рет келіп отырғаныма қуаныштымын. Жаһандық көптеген проблемалар бар, мен оларды шешуге қолдау көрсетуге әзірмін. Астана экономикалық форумы тек қазіргі өзекті тақырыптарды ғана емес, сондай-ақ жаһандық дамудың келешектегі мәселелерін де талқылауға арналған алаңға айналып отыр, – деді Боао Азия форумы кеңесінің төрағасы.

Әңгімелесу барысында тараптар Боао Азия форумы мен Астана экономикалық форумы арасындағы ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ «жасыл» технологияларды дамыту саласында, ғылыми-инновация секторы мен білім беру ісінде байланыстар орнатудың перспективаларын талқылады.