Әбілхан Қастеев "Түрксіб" 1969 жыл
Бұл бағытта қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрлігі өз қатарын ғылым жолында жүрген білікті мамандармен толықтыруға мейлінше көңіл бөліп келеді. Дерек үшін айтсақ, бүгінде министрлікте және құзыретіне қарасты мекемелерінде 56 ғылым докторы, 325 ғылым кандидаты, 83 PhD докторы ғылыми дәрежесі бар қызметкер жұмыс істейді. Соңғы 4 жылда ғылыми-зерттеулер бағытындағы жұмыстардың өсуі елеулі түрде байқалуда. Мәселен, осы кезеңде 20 ғылыми-зерттеу жобалары, оның ішінде жетекші археологтар мен шетелдік ғалымдардың қатысуымен 30 археология бағытындағы жобалар іске асырылды. Нәтижесінде 10 мыңнан астам артефакті табылып, Қазақстандағы мұражайларға тапсырылды. Осы жобалардың қорытындылары 20 халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда қызу талқыланды.
Бұған қоса, 30-дан астам авторлық монография мен оқулық шығарылды, 60-тан астам мақала жарияланды. Ірі халықаралық кинофестивальдерде арнайы сыйлықтар мен наградаларға ие болған 10-нан астам ғылыми-танымал және деректі фильмдер жарыққа шықты. Сондай-ақ виртуальдық картаның мәдени және туристік тартымдылығы бойынша Қазақстанның сайты құрылып, киелі нысандардың 3D туры ұсынылды, ол өткен жылы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде таныстырылды. Археологиялық қазбалардың нәтижелері бойынша 10-нан астам ақпараттық портал құрылды.
Ұлттық ғылыми кеңестерде министрліктің құзыретіндегі мекемелердің қатарынан 5 ғалым республикалық ғылыми кеңестерге енген. Енді осы бағыттағы жұмысқа тоқталып өтсек.
«Ұлттық ғылыми кеңестердің құрамын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 шілдедегі Қаулысы бо-
йынша Ұлттық ғылыми кеңестің бірнеше бағыты белгіленген. Соның ішінде, «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер) бағыты бойынша ұлттық ғылыми кеңесте министрлік құзыретіндегі оқу орындарының 4 қызметкері болса, агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі бағыттары бойынша ұлттық ғылыми кеңесте министрлік құзіретіндегі оқу орындарының 1 қызметкері бар.
Сондай-ақ министрлік қарамағындағы мекемелердің ғылыми қызметкерлері тарапынан соңғы үш жылда барлығы 5106 ғылыми мақала жарияланды, оның ішінде 146-ы Импакт-факторы бар ғылыми журналдарда жарық көрді. Ғылыми-техникалық қызметтің субъектілерін аккредиттеу туралы куәлік 7 мұражай-қорық және республикалық маңызы бар 3 музейде бар және ҚазҒЗМН негізгі қаржыландырудың субъектісі болып табылады.
Ғылыми бағыттарды қолдау мақсатында 2016 жылы мәдениет және өнер саласындағы ғылымға бөлінген қаражат мөлшері 97 млн теңге болса, 2017 жылы 600 млн теңге және 2018 жылы 500 млн теңгені құрады. Мәдениет және спорт министрлігі «Ғылыми қолданбалы зерттеулер» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде өткен жылы музей саласының ғылыми жобаларымен қатар, археологиялық зерттеулер жүзеге асырылды.
Ғылыми жобалары министрлікке қарасты Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, Мемлекеттік орталық музейі, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты іске асырды. Игілікті жобаларды жүзеге асыруда еліміздің танымал ғалымдары К.Байпақов, В.Зайберт, З.Самашев, Е.Смағұлов және басқа да дарынды зерттеушілер қомақты үлес қосқанын атап өтуіміз керек.
Шетелдік тарихнамада сан түрлі музейлік артефактілерді дереккөз ретінде пайдалану ғылыми дәстүрге айналған. Халықаралық тәжірибенің негізінде көрнекілігімен және репрезентативтілігімен ерекшеленетін, сондай-ақ деректердің бірегей корпусын құрайтын музейлік артефактілерді ғылыми айналымға енгізу мақсатында 2017 жылы «Әбілхан Қастеевтің акварель туындылары тарихи-этнографиялық дерек ретінде» атты монография-каталогқа арқау болатын музейлік заттарды кең көлемді әрі терең зерттеу қолға алынды. Бұл орайда қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті бойынша ерекше тарихи-этнографиялық дерек болып табылатын Ә.Қастеевтің музей қорындағы акварель шығармаларын зерттеу және біртұтас ғылыми-инвентарлық каталогын жасау алдыға мақсат етіп қойылды. Зерттеудің нәтижесінде отандық музейлердің қорларында сақталған Ә.Қастеевтің акварель туындылары инвентарланды, Мемлекеттік Орталық музей қорындағы Ә.Қастеевтің 130 акварель шығармасының 35 сақтам бірлігі жүйеленді, камералдық өңделді, атрибуцияланды. Сонымен қатар Ә.Қастеевтің картиналарында бейнеленген этнографиялық бұйымдар ғылыми сәйкестендіріліп, автордың көркемдік-эстетикалық ұйымдастыру және композициялық шешімдерін құру ұстанымдарына көңіл бөлінді, дәлірек айтсақ, зерттеу бұйымдарының хронологиялық және географиялық шеңберлері анықталады.
Отандық және алыс-жақын шетелдердегі әр алуан музейлер мен архивтер қорында хронологиялық шеңбері ХVІІ ғасырдың соңы мен ХХ жүзжылдықтың бас кезеңін қамтитын дәстүрлі қазақ мәдениеті мен этнографиясына қатысты бай коллекция сақтаулы. Оларды ғылыми тұрғыдан тиянақты, кешенді зерттеу толыққанды жүргізілмеген және осы орайда дәстүрлі қолөнердің түрлі салалары мен оларды жасаудың және қолданылуының технологиялық әдіс-тәсілдерді ғылыми тұрғыдан сараланбағанын айтуымыз керек. Осы бағытта «Қазақтың дәстүрлі қолөнерінің тарихи-этнографиялық деректілігі». Монография-каталог» тақырыбы бойынша музейлер қорындағы қазақ тарихы мен мәдениетіне және қолданбалы өнеріне қатысты коллекциясына бірыңғай зерттеу, зерделеу, ғылыми атрибуциялау жұмыстарын жүргізу жүзеге асырылды.
Сонымен қатар өткен жылы бірқатар археологиялық ғылыми жобалар бойынша нәтижелі жұмыс жүргізілді. Мәселен, Сауран қалашығының даму деңгейін және оның қазақ халқы мен мемлекеттілігінің қалыптасу тарихындағы орнын көрсететін тарихи жаңа мәліметтерді, қала өміріндегі маңызды тарихи мәнге ие архитектуралық кешендерін іздестіріп, олардың пайда болу уақытын анықтау, архитектуралық құрылыстарын зерттеу (XIV-XVIII ғғ.) мақсатында Қаратөбе қалашығында (Ежелгі Сауран) X-XIII ғғ., (қазба ауданы 120-200 ш.м. дейін), Міртөбе қалашығында және Сауранның солтүстік шетінде кескіндеме қазба (қазба ауданы 260-300 ш.м. дейін) жұмыстары қолға алынды. Жетісудағы субэлиталық сақтардың әлеуметтік құрылымы мен мәдени дәстүрлерін қалыптастыру және дамыту ерекшеліктерін зерттеу мақсатында «Есік қорымы және Жетісулық сақтар мәдениеті» жобасы іске асты. Жоба аясында дереккөз ретінде ерте темір дәуірінің материалдары ретінде Рахат және Өрнек ескерткіштері пайдаланылды. Нәтижесінде Есік аумағындағы көшпенділердің қоғамдағы қайта жаңғырған этномәдениет пен әлеуметтік-экономикалық жаңа мүмкіндіктерін ашуға ықпал жасалды. Бұдан бөлек, зерттеу барысында Өрнек қорымындағы ғұрыптық-жерлеу салттарды көрсету, айырмашылықтарын ашу, таңдалған әлеуметтік топтарын анықтау басты назарда болды. Осы айтылған жұмыстар Қазақстан аумағында полигенездік мәселелерге қатысты сұрақтарға ғылыми негізді жауап табуға септігін тигізді. Алынған жаңа мәліметтер мен материалдарды талдау Қазақстанның археология ғылымын жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Түркістан қаласының туристік маршруттағы маңызын ескеріп, «Күлтөбе қалашығы» жобасы аясында қала аумағында орналасқан Күлтөбе қалашығының ежелгі нысандарын анықтау, ашу және қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Күлтөбе қалашығының археологиялық зерттеулері Қазақстанның маңызды қалаларының ежелгі қамалын алғашқы зерттеп, қазақ халқының ежелгі және ортағасыр кезеңдегі рухани және материалды мәдениетін зерттеу деңгейін көтерді. Қазба барысында табылған материалдар, Қазақстан мәдениет тарихында ерекше орны алатын сәулет ескерткіштері жайлы жаңа мағлұматтар алынуда. Атап айтқанда, жоба шеңберінде ежелгі Ясы қамалының құрылыстары ашылды. Қамал қабырғасының б.з.д. II ғ. – б.з. IVғ. солтүстік бөлігі ашылып зерттелді, кескіні анықталды, ішкі жобасы зерттелді (қазбаның ауданы 700-800 ш.м.). Табылған олжалар жан-жақты кешенді зерттеледі және осылайша қамал қабырғасының қаланған мерзімі анықталып олардың функциясы, даму жолдары анықталады.
«Сарыарқаның ежелгі және ортағасырлық кескіндемелері» тақырыбы бойынша ата-бабамыздың, көшпелі халқымыздың ең құнды деректері болып табылатын қазақ даласының тас мүсіндері зерттелді. Қазақстан тас мүсіндері жинағының бөлігі ретінде мүсіндердің суреттері мен сипаттамасы, картографиялық материалдар мен олардың иконографиялық атрибуттары, бейнеленген мүсіндердің геологиялық-петрографикалық сипаттамасы, аналитикалық бөлігі (мүсіндерінің жіктелуі, атрибуттары, құрылыстар, ландшафтық жағдай, хронологиясы мен этникалық атрибуция) дайындалды, Шет ауданының тас мүсіндерінің жинағын әзірлеу мақсатында жұмыстар жүргізілді.
«Алтынордалық Мыңтөбе қалашығын археологиялық зерттеу» (ХІІІ-ХІV ғғ. қаланың және ХV ғ. екінші жартысы – ХІХ ғ. қаланың қалдықтары) тақырыбы бойынша Қызылорда облысының Қазалы ауданы Өркендеу ауылының солтүстік-батыс шетінде орналасқан Мыңтөбе қалашығында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қала Арал маңын кесіп өтетін Жібек жолының дамыған тармақтарының бірінде орналасты. Археологиялық зерттеулер қалашықтың цитаделінде (Регистанда), орталық бөлігінде, қамал қабырғасында регистан, шахристан, рабад, некропольді іздеу және қазуға бағытталды.
«Мәдени мұра бойынша зерттеу материалдары» тақырыбында жүргізілген жоба бойынша Орталық Азия археологиясының деректері бойынша толыққанды анықтамалық жасау контексінде, Қазақстан аумағында барлық уақытта жүргізілген зерттеулер нәтижесінде көне заман тарихы мен археологиясына қатысты алынған деректерді баспаға дайындап шығару бойынша жұмыстар жүргізілді. Батыс Қазақстандағы ежелгі көшпелілердің қалыптасу кезеңін, шаруашылығын зерттеу, ел тарихына жаңа мәліметтер алу мақсатында ерте темір ғасырының негізгі кезеңдерінің бірі көшпелі шаруашылығының генезисі болып табылатын сармат мәдениеті Қырық оба жобасын жүзеге асыру шеңберінде зерттелді. Нәтижесінде сарматтардың қабір үсті сәулет құрылыстарының ерекшелігін анықтау, жерлеу дәстүрі үшін өзекті діни-ғұрыптық генезисті зерттеу, діни көзқарастарды реконструкциялау мақсатында 10000 шаршы метрге жуық болатын сармат көсемдерінің Қырық-оба қорымында археологиялық жұмыс жүргізіліп, 4 оба зерттелді. Жұмыс барысында қорымның топографиясы, планиграфиясы, архитектурасы, стратиграфиясы зерттелді.
Археологиялық олжалар мен мифологиялық аңыз әңгімелер рухани және материалдық мәдениеттің феномені саналады. Осыған байланысты «Жетісу сақтарының идеологиясы мен мифологиясы» атты тақырып бойынша ерте темір дәуірінде Жетісу өңірін мекендеген бабаларымыздан қалған өнер туындыларын зерттеу негізінде Қазақстан көшпенділерінің идеологиялық және мифологиялық таным-түсінігін қайта жаңғыртуға бағытталған зерттеу жүргізілді. Жоба аясында Есік және Түрген өзендерінің биік шыңдарынан, Кетпен жотасы, Райымбек, Ұйғыр, Панфилов, Жансүгіров және де басқа аудандардан табылған ерте темір дәуірінің петроглифтері қызықты, әрі құнды мәліметтері зерделенуде. Бұдан өзге 2017 жылы Қарағанды облысындағы Нөгербек Дарасы, Алматы облысындағы Қызылбұлақ, Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай қоныстарындағы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы белгілі Отырар, Құлан қалашықтарындағы археологиялық қазба зерттеулердің нәтижесінде құнды мәліметтер мен олжалар анықталды.
Қорыта айтқанда, тарихи мұраларымызды жалпыадамзаттық құндылықтар қатарына қосу, тұтастай алғанда, мәдениет саласындағы барша игілікті істер уақыттың өзі талап етіп отырған ғылыми негіздермен ұштасып дами беретіні шүбәсіз.
Қуатжан УӘЛИЕВ,
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрлігінің
жауапты хатшысы