Суретте: жүлдегерлер салған портреттер
Биыл осы байқауға облыс қалалары мен аудандарынан жастар 50-ден аса жұмыстарын ұсынды. Байқау шартына орай, олар өздерінің жақын туған-туыстарының, балаларының, достарының, ата-аналарының, қысқасы өмірде бар адамдардың бейнесін салуы тиіс. Юрий Новоселовтың байқауды неге тек қана портрет жанрында өткізуінің сыры да бар.
– Портрет ең қиын, күрделі жанрдың бірі. Жақындарының портретін салу оңай көрінгенімен, оның қиындығы бояулар үйлесімділігін, кейіпкердің ішкі және сыртқы ұқсастығын жасау, портретке психологиялық және рухани сипат беріп, модельдің негізгі идеясын табу, кісінің суреттегі өзіне ұқсайтын сәтін бейнелеуде болса керек. Портрет өнері басынан аяғына дейін шығармашылық жұмысты талап етеді, – дейді Юрий Дмитриевич.
Жыл сайын байқауға түскен жұмыстарды Қостанайдағы суретшілер саралайды. Биыл қазылар жастарға талапты күшейтіңкірепті. Олар ең жақсы деген жұмысқа бірінші емес, екінші орын берді. Оны Қостанай құрылыс колледжінің студенті Роза Ыбыраева алды. Ал үшінші орынға Л.Русин атындағы жекеменшік көркем сурет мектебінің оқушысы Арина Вакерованың жұмысы лайық деп табылды. Облыстық болғанымен байқаудың жүлдесіне тағайындалған сыйлық көп емес, 10-15 мың теңге ғана.
– Бұл сыйлықты мен өзімнің зейнетақымнан бөлемін. Жастар үшін бұл байқаудың сыйлық көлемі емес, ең бастысы оған қатысуы, сол арқылы шығармашылығын шыңдауы, ізденісі, үйренуі маңызды болуы тиіс. Жастарды өнерге баулу, шыңдау үшін мемлекеттен үйіп-төгіп қаржы бөлінеді. Ол көбінесе науқандық сипат алады. Жүлдесі аз болса да, қазір жастар осы байқауға жаппай қатысып келеді. Үш жылдың ішінде байқауға түскен дүниелерден назар аудартатын қаншама жұмысты байқадым. Өсу бар деген сөз. Менің мақсатым осы ғана болатын, – дейді Юрий Дмитриевич.
Байқаудың қорытынды көрмесі облыстық Көркемсурет галереясында бір ай тұрады. Қолына қылқалам ұстаған талапкерлердің талпынысын қызықтаушылар да көп.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ