Он үш адам деп отырғанымыз – Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарлары Виктор Иванов пен Сергей Грибенщиков, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бұрынғы басшысы Александр Воробьев, осы мекеменің қызметкері болған Дәулет Алтынбеков, әкімдік қызметкері болған Татьяна Гук, сарапшылар – Владимир Летуновский, Абул-Амит Байменшеев, Серік Бектаев, Олег Сипун, Нұрқуат Бисенов, Станислав Юрченко, Евгений Лазарев, Андрей Вибе.
Элиталық тұрғын жай есебіндегі 60 пәтерлі тұрғын үй кезінде халыққа қымбат бағаға сатылған болатын. 2009 жылы пайдалануға берілген үй 2012 жылдың сәуір айында құлап қалды. Үйдің орналасқан жері осал, құрылыстың сапасы нашар болып шықты. Құдай сақтағанда, жергілікті билік тұрғындарды басқа жаққа көшіріп үлгерді.
Сол кездегі жай еріксіз еске оралады. Тұрғын үй кешенін салып, пайдалануға берген – «КарПромИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания басшыларының әуел баста «Бір жыл ішінде көп қабатты жеті тұрғын үй салып береміз» деп лепіргенінің өзі күмәнді еді. Үйлер салынып жатқан кезде «КарПромИнвест» өз құқықтарын басқа фирмаға – «СервисПромСнаб» ЖШС-не бергені де белгілі. Осы серіктестіктің басшысы Андрей Малянов «Бесоба» тұрғын үй кешенін салу кезінде, яғни 2007-2010 жылдар аралығында үлескерлерден миллиондаған теңге қаражат алып, құрылысты толық аяқтамастан Ресейге қашып кеткен. Оның үстінен аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалып, халықаралық іздеу салынды. Алаяқ Маляновтың басқа да құйтырқы істері көп. Ол басқарған компанияның банкке қарызы 300 миллион теңгеден асып жығылды. Баспаналы болсам деп, бала-шағасының аузынан жырып ақша жұмсаған үлескерлер аяқ астынан осындай қиын жағдайға душар болды. Алайда кейін жергілікті билік ешкімді баспанасыз қалдырған жоқ, қаланың басқа аудандарынан пәтерлер бөлді.
Қарағанды қаласы әкімдігінің талап арызын қанағаттандырған Қазыбек би атындағы ауданның соты жауапкер тұлғаларды мемлекеттің пайдасына 597 миллион 501 мың теңге төлеуге міндеттеді. Кезінде «Бесобаны» қабылдап алған мемлекеттік комиссияның мүшесі болған бұрынғы шенеуніктер өз кінәсін мойындамай, соттың талап арызды қанағаттандырмауын сұрағанмен, олардың дегені болмады. «Құрылыс көрер көзге мінсіз, сарапшылардың тұжырымдамасы оң болды, біздің кінәміз қанша? – дейді олар. – Үйдің құлауына тұрғын үй кешенін жобалау барысында инженерлік-геологиялық жұмыстарды дұрыс жүргізбегендер кінәлі».
Экс-шенеуніктердің апелляциялық шағымын облыстық сот та қанағаттандырған жоқ, Қазыбек би аудандық сотының шешімі өзгертусіз қалдырылды. Енді олар кассациялық шағыммен Жоғарғы сотқа жүгінуге құқылы. Алайда бұл оларды бірінші инстанциядағы сот шешімі бойынша мемлекет қаражатын қайтаруды бастау міндетінен босатпайды.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ