Департамент басшысының пайымынша, мемлекеттік қызмет саласында жүргізілген реформаның оң ықпалы нәтижесінде облыста мемлекеттік қызмет құрамында кадрлық тұрақтылық орнаған. «Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет органдарындағы бос орындар 7,1 пайызды құраса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 11 пайыз болған еді. Қызмет ауыстыру көрсеткіштері де тұрақты түрде төмендеп келеді. Жыл басынан бергі көрсеткіш 0,9 пайызды құраса, өткен жылдың осы мерзімінде ол 1,6 пайыз деңгейінде болатын», деді Б.Беспалинов өз сөзінде. Сондай-ақ жоғары лауазымға тағайындалған мемлекеттік қызметшілер саны да айтарлықтай артқан. Атап көрсеткендей, биылғы жылда ішкі конкурстарды өткізудің нәтижесінде жоғары лауазымға мемлекеттік қызметкерлердің 70 пайызы тағайындалыпты. Бұл ретте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында облыстық «Адал жол – Честный путь» сыбайластыққа қарсы күрес марафоны жүргізілуде. Мақсат – сыбайластықтың зияны туралы ақпаратты облыстың әрбір тұрғынына жеткізу.
Осымен төртінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан шараға қатысушылар саны артып келеді. Бүгінгі таңда облыстың төрт өңірінде 9 мың адамды қамтыған марафон ұйымдастырылды. Реті келгенде айта кету керек, «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы шеңберінде кез келген адам Агенттікке ақпарат жібере алады және оның қаралу мерзімі 10 күн деп белгіленген. Ақмола облысында қолға алынған бұл жоба өзінің нәтижесін де бере бастады.
Жалпы, Ақмола облысында үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 53 сыбайлас жемқорлық ісі тіркеліпті. Алайда сыбайластықпен күресте бір мекеменің күші жете бермейді. Сондықтан бұл іске қоғамды кеңінен тарту қажеттігі баса айтылды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы