Аймақтар • 18 Мамыр, 2018

Жамбыл музейінде жаңа жоба

790 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық сана мәселесі туралы кеңінен айтылғаны белгілі. Президент мақаласындағы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде жәдігерлерге арналып QR-код орнатылды. 

Жамбыл музейінде жаңа жоба

QR-код ағылшын тілінде quick response деген сөз, яғни шұ­ғыл жауап деген мағынаны бе­реді. Сонымен қатар бұл Denso-Wave жапон фирмасы ойлап тапқан мобильді құрылғының камерасы арқылы затты жылдам тану үшін ақпарат беретін екі өлшемді штрих код болып табылады. Сондықтан да QR-кодтың көмегімен кез келген ақпаратты кодтауға және ақпаратты жылдам тануға болады.

Әрине бұл бүгінде жәдігер­лерді тануда әрі сол жәдігерлер тура­лы ақпарат алуда таптырмас құрал. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақаласында ақпа­раттық технологиялар қарыштап дамып бара жатқан бүгінгідей заманда ІТ саласын дамытпасақ, дамыған 30 елдің қатарынан көріну қиын екенін айтқан болатын. Бүгінде әлемдегі өркениетті елдердің барлығы дерлік цифр­лы жүйеге көшті. Ендігі жерде Елбасы белгілеп бер­­ген нақты бағыт нәтижесінде цифрландыру жүйесіне көшу заман талабы болып отыр.

«Музей – елдің тарихын, ұлт­тық санасын жаңғыртушы мекен. Ұрпақтар арасындағы сабақ­тас­тықты жалғау, сан түрлі мә­дениеттердің арасын жақындату, бауыр­ластық қарым-қатынас орнату музейлерге жүктелген мін­дет. Бұл ретте Жамбыл облыстық та­рихи-өлкетану музейі де музей қорындағы жәдігерлерді көрсетуде алдыңғы қатарлы технологияларды қолдануды бастап кетті. Мәселен, музейде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жасалып жатқан QR-код жобасы іске асуда. Бүгінде музей қорындағы 64 мыңнан астам экс­понаттың 200-ден астамына цифрлы код енгізіліп қойды. Қорымыздағы қалған жәдігерлер мен ескерткіштерді кодтау кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Бұл музейге келушілердің уақытын үнемдеуге, әсіресе смарт­фондар мен гаджеттерді көп пайдаланатын жас буын үшін тиімді әрі олардың музейге, тарихи жәдігерлерге деген қызы­ғу­шылықтарын арттыратын жоба болатынына сенімдіміз», дейді музей директоры Гүлнұр Ембердиева.

Музейдегі әрбір жәдігер мен макеттердің тұсында олар­дың тарихы туралы толық мағлұмат жазылған QR-кодтар орна­ластырылған. Мұнда келу­шілер смартфон немесе гаджет­терге жүк­телген арнайы ақпа­рат­тық қосымшаны ашып, тақт­а­дағы штрихкодты суретке түсі­ру арқылы жәдігерлер туралы мәліметті сайт арқылы үш тілде автоматты түрде ала алады. Му­зей қорындағы жәді­герлерді кодтау жұмыстары архео­логия­лық, нумизматикалық, этно­гра­фиялық, құжаттық және бейнелеу өнері топтамалары бойын­ша кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Ал әзірге QR-код жобасында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат беріледі. Болашақта мұнда қытай және түрік тілдерін қосу жоспарда бар. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар

Әр адамның пікірі маңызды

Ата заң • Бүгін, 11:20