Қоғам • 01 Мамыр, 2024

Татулықты тұмар еткен

120 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Отыз жеті жастағы Оксана Өскемен қаласында дүниеге келген. Оның әкесі – татар, анасы – орыс, күйеуі – қазақ. Ынтымағы жарасқан шаңырақта қазақтың салт-дәстүрі ерекше мәнге ие.

Татулықты тұмар еткен

– Әкем анамды қатты ұнатып қалып, сезімін білдірген екен. Ә дегенде атам мен апам екеуінің үйленуіне қарсы болыпты. Себебі балаларының татар қызын ғана әйелдікке алғанын қалаған. Бірақ, уақыт өте анамды олар да ұнатып, келісімдерін берген. Сенімдеріне қарай анам әулеттің ең сүйікті келіндеріне айналған. Мен – үйдің тұңғышымын. Өзімнен кейін Равиль есімді інім бар. Күйеуім Ми­распен 2007 жылы қызмет бабымен жүріп таныстық. Қаладағы «Калкен ТВ» телеарнасында видеомонтажер болып жұмыс істеп жүрдім. Ол бізге оператор болып жұмысқа орналасу үшін тағы­лым­дамадан өтуге келді. Бас­шы­лық маған «Оған камераны қалай ұстауды, жарықты қосуды, ракурсты ауыстыруды үйрет», деді. Осы­лайша, әріптес ретінде сөй­ле­сіп жүрдік. 2008 жылы көңі­ліміз жарасқан соң кездесе бастап, 5 жылдан кейін үйлендік. Мирас – ақкөңіл азамат. Үйленгенде қазақ, татар, орыс халқының салт-дәстүрлерін сақтап, той жасадық. Беташар да болды, – дейді Оксана бақытты сәттерін еске алып.

Бүгінде интернационалды отбасы бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қыздары Самина он жаста, ал ұлдары Бахтияр жетіге келген. Әр мерекеге мән беретін олар жыл сайын Наурыз, Қазақстан халқының бірлігі күнін, Құрбан айт, Сабантой, Масленица, Пасха мейрамдарын ерекше атап өтеді. Балаларына тұсаукесер жасап, ұл­дарын сүндетке отырғызған.

– Көктемнің шуақты мейра­мын­да үйде ет асып, наурыз көже, бауырсақ пісіреді. Ақ дас­тар­қан жайы­лып, үш ұлттың басы қосылады, емен-жарқын әңгі­ме­лесіп, көңілді кеш өткіземіз. Ән де айтылады, би де билейміз. Ана­ла­рымыз бір-бірімен өте жақын ара­ласып кетті. Кездескен сайын құшақтасып, сыр ақтарысады. Отбасылық отырыс­тарда екеуі де, әкем де үнемі күліп, мәз-мейрам болады. Әкем – өте қарапайым адам. Бәріміз Димашты тыңдағанды жақсы көреміз. Оның әндері үнемі қосылып тұрады, – дейді Оксана.

Қыздары телеарнада балаларға арналған «TV-Kids» бағдарламасын жүргізеді. Сондай-ақ 2021 жылы «Наурыз Party» атты қалалық бай­қау­ға қатысып, жеңімпаз атан­ған. Байқауда өз өнерін көр­сетіп, қазақ халқының салт-дәстүріне, тарихына қатысты сұрақтарға жауап берген.

Ал Оксана өзі бос уақытында сурет салады, фитнеспен айналысады. Мирас болса, футбол ойнағанды жақ­сы көреді. Айтуларынша, жыл сайын қайырымдылық акция­ла­рына қатысады. Мысалы, 1 қыр­күйек­те тұрмысы төмен шаңы­рақ­­тан шыққан жеті балаға оқу-құ­рал­дарын алып берген. Жал­пы, ерлі-зайыпты жыл көле­мін­де мүм­кіндіктеріне қарай мұқтаж жан­дар­ға қаржылай көмек көр­се­тіп, жұма күндері садақа береді.

 

ӨСКЕМЕН