Аймақтар • 19 Мамыр, 2018

Ақтауда «Жол қозғалысының жас инспекторлары» өңірлік слеті өтті

1302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету аймақтағы өзекті мәселелердің бірі. Жол-көлік оқиғаларының туындауының тежеуші факторы тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстарды жүргізу болып табылады.

Бұл мәселедегі басты назар, оның басты міндеті жолдағы балалар жарақатының алдын алу, балалар мен жасөспірімдер арасында Жол қозғалысы ережесін сақтауды насихаттау болып табылатын жол қозғалысы жас инспекторларының мектептегі топтарының қызметін ұйымдастыруға бағытталады.

Жас инспекторлар қозғалысы топтарының қызметін жетілдіру, сонымен қатар балалар жол-көлік жарақатының алдын-алу жұмысын жандандыру мақсатында 2018 жылдың 15 мамырында Ақтау қаласындағы №8 И. Сүйеубаев атындағы орта мектепте облыстық мамандандырылғанмектеп-интернатының базасында облыстың ІІД Жергілікті полиция қызметінің Білім басқармасымен бірлескен Ғазиз Байтасов атындағы жол қозғалысы жас инспекторларының 18-ші облыстық слеті өткізілді, онда облыстың ЖИҚ-ның қалалық және аудандық жеңімпаздары – 7 команда қатысты.

Слетке қатысушылар саптық байқау, жол қозғалысы ережесінің білгірлері, велосипедті мәнерлеп жүргізу, жас реттеуші, жас санитар,үгіт-насихат топтарының байқауы, тапқырлар (эрудиттер) турнирі, "Ашық үзіліс" байқауы бағыттары бойынша сынға түсті.

Байқау нәтижесінде жалпы командалық біріншілікте 1-ші орынды №5 мектеп оқушыларынан құралған Мұнайлы ауданының командасы иеленді.

2-орынға Ақтау қаласының командасы, №8 орта мектеп, 3 орынға Маңғыстау ауданының Жыңғылды селосындағы Е.Айшуақұлы атындағы орта мектептің командасы ие болды.

Облыстық слеттің жеңімпазы – Мұнайлы ауданының №5 орта мектебінің командасы Қызылорда қаласында 20-29 тамыз аралығында өтетін республикалық слетте Маңғыстау облысының атынан өз білімдері мен шеберліктерін көрсететін болады.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы