Қазақстан • 20 Мамыр, 2018

Торғайдағы Ахмет Байтұрсынов туған үй жөнделетін болды

775 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысында 29 киелі жерлер белгіленіп, олардың картасы жасалған болатын. Осы сакралдық орындардың 10-ы жалпыұлттық маңызға ие, қалған 19 жергілікті мазмұнда болып саналады. Республика мақтанышына айналған сакральды орындарға Қостанай облысында Торғай геоглифтері, Қамысты мекені, Екідің діни ескерткіші, Барақ, Жәуке, Ыбырай Алтынсарин, Міржақып, Абдығапар хан, Кейкі батыр кесенелері, сонымен қатар Амангелді батыр жерленген орын жатады.

Торғайдағы Ахмет Байтұрсынов туған үй жөнделетін болды

Биыл облыс өңіріндегі киелі орындар, ескерткіштердің бірқатары жөнделіп, қалпына келтіріледі. Оған бюджеттен тыс 88,5 миллион теңге қаржы тартылды. Барлық киелі орындар көркейтіледі, соның ішінде айырықша жөндеуді қажет ететін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың Торғайдағы, яғни Жангелдин ауданындағы туған үйі, Барақ батыр кесенесі және Қостанай қаласындағы Свято-Никольский шіркеуі назарға алынып отыр. Олар күрделі жөндеуден өтеді.

Ахмет Байтұрсынов туған үйді осыдан бірнеше жыл бұрын алдымен Арқалық қаласындағы Елена Цвентух басқаратын «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығы ұйымдастырған тарихи-танымдық экспедиция Ахаң туған өңірдің тарихын, оның кіндік қаны тамған үйдің тағдыр-талайын жақсы білетін ақсақалдарды ертіп барып, құлап қалған тамның іргетасынан кесегін алып, белгілеп, кейіннен оны қалпына келтіру туралы бастама да көтерген болатын. Біршама уақыт өткен соң Ахаң ұрпақтары тұратын Ақкөл-Қарасу ауылының жастары асарлатып, құлап, іргетасының орны ғана қалған ғимараттың қабырғасын қайта тұрғызды. Бірақ қам кесектен салынған үй уақыт көшіне шыдамай, тозып барады. Енді, міне, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында үйдің толық күрделі жөндеуден өтетіні туралы жақсы хабар жұрттың көңіліне қуаныш ұялатты. Ол Торғай өңіріне аяқ басқандардың барып көретін, кемеңгер адам кіндігінің қаны тамған жерге тағзым жасайтын орынға айналатын болады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай

Суретте: Ахаң үйінің орнына жасалған экспедиция мүшелері және үйді асарлатып қалпына келтірген ауыл тұрғындары