АҚШ басшысы әлемдік қоғамдастықты дүрліктірген бұл мәлімдемесін 8 мамырда жасаған еді. «Келісім Иранға ядролық бағдарламасын кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр, – деді ол. – Келісім негізі жалғандыққа құрылған. Бізде дәлел бар. Бұл жақсылыққа апармайтын біржақты шешім болды. Егер осы келісімде қалып, оны жалғастыра берсек, Таяу Шығыста ядролық қару жарысы басталады». Сонымен қатар Дональд Трамп Иран режімі «Хизболла», «Хамас», «Талибан», «әл-Каида» сияқты ұйымдарға қолдау көрсетіп келеді, деген айыптар да таққан болатын.
Енді әріге бармас бұрын, осы Иран ядролық келісіміне тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз. Аталған құжатқа 2015 жылдың шілдесінде Венада Иран мен тағы алты мемлекет – АҚШ, Қытай, Ресей, Германия, Ұлыбритания және Франция қол қойған еді. Келісім бойынша Иран тарапы уранды байыту бағдарламасын төмендетуге, ал халықаралық қоғамдастық Тегеранға салынған санкцияларды жұмсартуға міндеттеме алған. Бұған дейін Батыс елдері Иран Ислам Республикасын ядролық қару жасауға бағыт ұстап отыр деп айыптап келген-ді. Ресми Тегеран болса, бұл айыпты жоққа шығарып, елдің ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатты көздейді дегеннен танбаған болатын.
Осы келісімге қол қою тараптар үшін оңайға түскен жоқ. Құжатты талқылау, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты келіссөздер екі аптадан астам уақытқа созылды. Сол кезде Иранның сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф бұл келісімді «жеңіске жеткізетін шешім» деп атаған еді. Иран министрі бұл пікірді жайдан-жай айтып отырған жоқ. Өйткені ондаған жылды қамтыған экономикалық санкция салдарынан ел экономикасы орасан зор шығын көрді. Мұның кесірі әлеуметтік қайшылықтарға ұрындыратыны белгілі.
Дональд Трамптың президенттік сайлау алдындағы бір сөзінде Иранмен жасалған ядролық келісімді «апат» деп бағалап, келісім Иранға ядролық қаруларын сақтауға мүмкіндік береді, деген пікірі халықаралық қоғамдастықты тіксіндіріп тастаған еді сонда. Президент болып сайланғаннан кейін де ол осы пікірін бірнеше рет қайталады. Ақыры АҚШ Иран ядролық келісімінен шығып тынды. Кімнің ұтып, кімнің ұтылатынын уақыт көрсетеді.
АҚШ сияқты ірі державаның әрең қол жеткізілген келісімнен шығуы, президент Д.Трамптың соған байланысты қатқыл мәлімдемесі сол күні-ақ бүкіл әлемді шарлап кетті, мемлекеттер басшылары мен халықаралық деңгейдегі саясаткерлерді елең еткізді. Бүгінде осы өткір де өзекті мәселеге қатысты көптеген пікірлер айтылуда... «Еуропалық одақ АҚШ-тың шешіміне қарамастан, Ұлыбритания, Франция және Германиямен бірге Иранмен арадағы ядролық келісімді әрі қарай жалғастыра береді, – деді Еуропалық одақтың сыртқы саясат бойынша жоғарғы өкілі Федерика Могерини жоғарыда аталған үш мемлекет пен Иран сыртқы істер министрімен кездесуінде. – Біз АҚШ үкіметінің ядролық келісімнен шығу туралы шешіміне өкінішпен қараймыз. Алайда біз Иранмен сауда-экономикалық қатынасты реттеу келісімнің негізгі бөлігі болып табылады деп есептейміз».
Ядролық келісімнен шықпайтындарын, сондай-ақ Германия канцлері Ангела Меркель, Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй және Франция президенті Эммануэль Макрон да мәлім етті. Осыған байланысты олар бірлескен мәлімдеме де жасады. Мәлімдемеде Иран ядролық келісімінің әлемде қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзіндік орны бар екендігі аталған және АҚШ-ты «мәмілеге қатысты барлық өзге тараптардың оны толық жүзеге асыруына кедергі келтіретін іс-әрекеттерден аулақ болуға» шақырды. Осының алдында ғана Франция басшысы Э.Макрон егер АҚШ Иранмен жасасқан келісімнен шығатын болса, бұл қадам соғысқа бастайтыны, ал Трамптың соғысты қаламайтыны жөнінде ой айтқан болатын. Содан кейін ол АҚШ-қа сапармен барған кезінде Д.Трампты аталған келісімді сақтап қалуға шақырған еді. Бұдан ешқандай нәтиже шықпады.
Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылуы расында да халықаралық дипломатияның үлкен жетістігі болды. Алғашында бірқатар саясаткерлер мен сарапшылар «6+1»-дің ортақ келісімге келуі мүмкін емес деген де пікір айтқан болатын. Олар қателесті, Иран ядролық келісіміне қол қойылды... Бұл құжаттың маңызы өте зор. Өйткені онда бірінші кезекте ядролық қаруды таратпау көзделген. Осыған байланысты МАГАТЭ Иранның жасалған келісімнің шарттарын сақтауын қатаң бақылап отырды. Осы тұста атап өтейік, МАГАТЭ тарапынан Иранға да, басқа қатысушыларға да бүгінге дейін ешқандай ескерту жасалған жоқ. Яғни келісім талаптары бұзылмады.
АҚШ-тың келісімнен шығуына сарапшылардың дені өкініш білдіруде. Себебі халықаралық жағдайдың шиеленісуі ядролық қаруды таратпау режиміне теріс ықпал етуі мүмкін. Оның үстіне Таяу Шығыста, өзге де өңірлерде ядролық қаруға иелік еткісі келетін елдердің бар екені мәлім. Бұл келісім БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан да мақұлданған еді. «АҚШ біздің тараптың келісімді орындамағаны туралы дәлелдерді көрсетуі тиіс еді, – деді Иран президенті Хасан Рухани осы жөнінде. – Бұл тек Иран мен АҚШ арасындағы құжат емес, бұл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде және өзге де мемлекеттердің парламенттерінде бекітілген келісім болатын. Иран енді келісімде көрсетілген шарттарды АҚШ-тан бөлек бес елмен жалғастыра береді».
Иран ядролық келісімі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарары бойынша бекітілген көпжақты құжат болып табылады, ол халықаралық маңызды құжат мәртебесіне ие. Сондықтан оған қатысушы мемлекеттер бей-жай қарамағаны жөн. Мәлімдемеден соң Иран сыртқы саясат ведомствосының басшысы Мохаммад Жавад Зариф келісімге қатысушы елдердің бірнешеуіне сапармен барып қайтқан еді. Оның қытайлық әріптесі Ван И бұл мәселеде Қытай тарапы объективті, әділетті және жауапты позиция ұстанатынын атап өтті. «Осы келісім аясында әрі қарай АҚШ-тан өзге де қол қойған елдермен жұмыс істей береміз. Себебі бұл халықаралық құжат көптің қалауымен, өте қиын жолмен жүзеге асты», деді Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И мырза.
Дәл осындай ұстанымды Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров та білдірді... АҚШ басшысы өз мәлімдемесінде, сондай-ақ егер Тегеран ойынан қайтса, жаңа келісім жөнінде келіссөз жүргізуге дайын екенін де білдірген болатын. «Иран алты елмен бірге қол қойған келісімді қайта талқыламайды. Өзгертулер енгізбейді. Егер өзгертулер енгізу қажет болса, АҚШ-тың келісімге табанды болуын қамтамасыз ететін бір тармақ қосуға тура келеді», деген мазмұнда жауап берді Иран сыртқы істер министрі.
Жалпы, бүгінде күрделі мәселеге айналған Иран ядролық келісіміне қатысты пікірлерді таразыға салатын болсақ, сарапшылардың барлығы дерлік келісімнің бұзылмағанын, ондағы шарттардың толық жүзеге асқанын қалайды. АҚШ-тың одақтастары саналатын елдердің өзі де осындай ұстанымда. Мысалы, Германия канцлері Ангела Меркель таяуда Иран басшысы Хасан Руханимен телефон арқылы сөйлесіп, Тегеранды Таяу Шығыстағы қақтығысты бәсеңдетуге көмектесуге шақырды. Сонымен қатар ол аймақта соғыс тұтану қаупі төніп тұрғанын жеткізді. Бұған қоса канцлер Германияның Ұлыбритания және Франциямен бірге Иранмен жасалған келісімнің шарттарын сақтайтынын атап өтті.
Ал солтүстіктегі көршімізге келсек, Ресей халықаралық құқықтың сақталуын, келісім жұмысының әрі қарай жалғасын табуын қолдайды. Ядролық мәмілені бекітіп, қол қойған барлық мемлекет келісім талаптарын сақтауы тиіс. Сонда аймақта ғана емес, бүкіл әлемде ядролық қаруды тарату қаупі сейіледі. Қазақстанның, сондай-ақ бейбітшілік сүйгіш өзге де елдердің бұрыннан бері ұстанымы осындай.
Негізінен алғанда, ядролық келісімнен АҚШ шыққанымен, оның одақтастары Ұлыбритания, Германия және Франция шыға қоймайды. Өйткені, бұл мемлекеттердің Иран экономикасынан алары да, берері де баршылық. Оған мысал ретінде қазіргі кезде Иранның энергетика, оның ішінде мұнай-газ саласында және басқа салаларда жұмыс істейтін еуропалық компанияларды алуға болады...
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»