Қазақстан • 21 Мамыр, 2018

Бейбіт Атамқұлов: «KADEX-2018» отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің дамуына серпін береді

283 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бейбіт АТАМҚҰЛОВ, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі: «KADEX-2018» отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің дамуына серпін береді

Бейбіт Атамқұлов: «KADEX-2018» отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің дамуына серпін береді

– Бейбіт Бәкірұлы, жа­қында Астанада дәс­түрлі «KADEX-2018» халық­аралық қару-жарақ және әскери-техникалық жаб­дықтар көрмесі өтетіні бел­гілі. Дәстүрлі көрменің жыл өткен сайын ауқымы ке­ңейіп келеді, екі жыл бұрын екі жүзден астам шетелдік компания келіп қатысқанын білеміз. Биыл қанша ел қатысады деп жоспарланып отыр?

– Өзіңіз білетіндей, бұл көрме 2010 жылдан бері өткізіліп келеді және осы уақыт аралығында қор­ғаныс өнеркәсібі өнімдерін өндіру­шілер мен тұтынушылар арасында оңтайлы байланыс орнату және қорғаныс күштерін технологиялық тұрғыда жаңғырту мәселелері жөнінде тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды.

23-26 мамыр аралығында елорда халықаралық әуе­жайы­ның әскери секторы аумағында өтетін мерейтой­лық V Халықаралық «KADEX-2018» қару-жа­рақ жә­не әс­ке­ри-техни­ка­лық мүлік көр­ме­сіне қор­ға­ныс министр­­ліктері мен ме­ке­мелер­­дің басшылары, сондай-ақ алыс-жақын шетелдік ірі кәсіп­орындардың жетек­шіле­рі қатысады деп жос­пар­­ланып отыр. Биыл көр­ме алғаш рет Қор­ға­ныс жә­не аэро­ғарыш өнер­кә­сібі ми­нис­тр­лігінің ұйымдас­ты­руымен өткізіледі.

Бүгінгі күні Ресей, Бела­русь, Қырғызстан, Армения, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Иордания, Әзер­бай­жан, Египет, Израиль, Ита­лия, Моңғолия және басқа ел­дер­дің 43 ресми өкілі көр­меге қатысатынын растады. Сонымен қатар  100 шетелдік кәсіпорынның басшылары «KADEX-2018» көрмесіне қатысуға ниет білдірді.

Экспонент ретінде биыл­­ғы көрмеде Беларусь, Бель­гия, Болгария, Бразилия, Гер­мания, Израиль, Үндістан, Ис­па­ния, Италия, Қытай, Ни­дерланд, Ресей Федера­ция­сы, АҚШ, Сербия қатар­лы әлемнің 30 елінен 300 кәсі­п­орын өз өнімдерін көрсетеді.

Көрмеде әлемнің жетекші өндірушілерінің қару-жарақ және әскери техника, әскери және екі мақсаттағы өнімдері, ғарыш техникалары мен тех­нологияларының үлгілері, ақ­параттық қауіпсіздік сала­сындағы әзірлемелері ұсы­нылады.

 «KADEX-2018» аясында қандай шаралар өтеді? Бұл жолғы көрменің қан­дай жаңалығы бар?

–  Көрмеге қорғаныс-өнер­кәсіп кешені мен ғарыш сала­сындағы отандық және шет­елдік кәсіпорындар, жетекші конструкторлық бюролар, ақпараттық қауіпсіздік саласы бойынша ғылыми-зерттеу институттары қатысады. Жо­ғы­рыда айтып өткенімдей, ша­раның аясы жылдан-жыл­ға кеңейіп келеді. Соған сай жоспарланған шаралар қатары да ауқымды. Биыл көрмеге келушілер қор­ғаныс-өнеркәсіп кешені мен ғарыш саласының соңғы жетіс­тіктері мен келешегі бар ғы­лыми жаңалықтармен, соны­мен бірге ашық көрме алаң­ында 124 бірлік құрлық техни­каларымен, 18 бірлік әуе және ұшқышсыз бас­қа­ры­ла­тын техникалармен таныса алады.

Көрме аясында 10 пави­льон жұмыс істейді, олар­дың ішінде Түркия, Қытай және Ресейдің 3 жеке пави­льоны, қазақстандық «Қазақ­стан инжиниринг» ҰК» АҚ, «Қазақстан Парама­унт инжиниринг» ЖШС, «Қаз­технология» АҚ кәсіп­орын­дарының павильондары, одан бөлек, космонавтика саласының жетекші үлгі­лері ұсынылатын ғарыш қыз­метіне арналған павильон ал­ғаш рет қойылып отыр.

Бұдан бөлек шара бары­сында Қазақстан Қару­лы Күштері әскери қызмет­ші­лерінің үлгілік көрсетілімдері мен отандық әскер қарулары­ның санатындағы жауын­герлік техника мүмкіндік­тері­нің көрсетілімі болады.

Атай кету керек, осы жыл­ғы көрмедегі ерекше жаңалық – оның аясында алғаш рет «Қазақстандағы ғарыш күн­дері» халықаралық форумы өтеді. Сондай-ақ көрменің орталық диалогтық аумағы ретінде «Cyber and Digital Security» және «Advanced Def Tech» конференциялары ұйымдастырылады. Бұл шараларда әлемнің түрлі елінен келген мамандар мен сарапшылар қорғаныс өнеркәсібі, әскери-техникалық ын­ты­мақ­­тастық, ғарыш қызме­ті мен ақпараттық қауіп­сіз­діктің маңызды мәселелері төңі­регінде пікір алмасып, заманауи кезеңдегі кибер­қор­ғаныс жөніндегі мәселелерді талқылайды.

Осы орайда Көрменің ал­ғашқы күнінде «Қаз­ға­рыштың» 25 жылдығына арналған «KADEX-2018» эмблемасымен бірге арнайы пошта мөрқалыбы соғылған алғашқы күн конвертіне пошталық марканы соғу салтанаты өтетінін айта кеткім келеді. Дәл осы күні Жерді қашықтықтан зондтау қа­зақ­стандық спутнигімен көр­ме аумағында ғарыштық түсі­рілім болады, одан кейін ол түсірілім аккредиттеу­ден өткен БАҚ арқылы көпші­лікке таратылады.

Көрмеде Қазақ­стан­ның қорғаныс индус­трия­сындағы қандай жетіс­тіктер көрсетіледі?

– Көрмеде қазақстандық қорғаныс кәсіпорындары өндірген қару-жарақтың, әс­кери және арнайы техни­каның заманауи үлгілері көрсетіледі. 

Қорғаныс және аэро­ғарыш өнеркәсібі минис­трлігіне қарасты «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы өз өнімдерін көр­сететін жеке павильон ұсы­на­ды, ол жерде Қазақ­стан­ның қорғаныс-өнеркә­сіп кеше­ні­нің жетекші әзір­ле­мелері таныстырылады.

Өз өнімдерін ұсына­тын­дар қатарында «Қазақ­стан Пара­маунт Инжи­ни­­ринг» бар. Бұл – «KA­DEX-2018» көрме­с­ін­де жаңа үлгі­дегі құрыш­пен қаптал­ған дөңгелекті «Ба­рыс», «Ар­лан» және «Алан» ма­ши­наларын ұсынатын елі­міздің қорғаныс-өнеркәсіп са­ласының көшбасшы кәсіп­орны.

Электронды-оптикалық өнімдерді өндіретін табысты жо­баның бірі – «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» ЖШС. Зауыт көрмеге барлау жә­не бақылау құралдары, оп­­ти­­калық нысаналар, түнде кө­ру құралдары, радиостанса­лар сияқты өз өнімдерін қоя­ды.

 «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының құ­рамына кіретін «Семей машина жасау зауыты» АҚ көр­менің әлеуетті тапсырыс берушілері мен қатысу­шы­ларының назарына шын­жыр табанды тасымал­дау-тартқышын (ШТ-Т) көр­сетеді, ол жоғары өтім­ділік­ті негізгі корпусы және ал­дыңғы жетекті доң­ға­лақ­тары бар жоғары жыл­дам­дықты жүзу машинасы. Ол машина экологиялылығы, құры­­лымының қарапайым­ды­лығы, жөндеуге өте жақ­сы жарамдылығымен ерекше­ленеді және құмды жерлерде төмен жүктеме қабілетімен күрделі климаттық жағ­дай­лардағы жұмыстарға пай­далануға арналған.

«Тыныс» қазақстандық зауыты көрмеде әлеуетті құ­рылымға арналған амуниция­ны, сонымен қатар автокрандар мен арнайы техника­ны ұсынады. Кәсіпорын «Қа­зақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы павильонында брондалған жилеттерді, брон­далған жүйелерді, жүк түсіргіш жилеттерді, такти­калық белдіктерді, танк шлемо­фондарын, оқтан қор­ғай­тын дулығаларды, соққы­ға қарсы қалқандарды қояды. 

Бұл бірнеше мысал ғана. Құрышты танк қару-жа­рақ және техника әуе шабуылына қарсы қорғаныс, ату қарулары және басқа да салаларда жобалар бар. Яғ­ни біздің кәсіпорындар бү­гінгі таңда ҚӨК саласында көптеген жобаларды жүзеге асырып отыр. Бұл Қазақстан қорғаныс өнеркәсібінің жаңа даму деңгейіне шыққанын дәлелдейді.

Біздің міндетіміз тек әс­кери және арнайы мақсат­тағы өнімді шығару мен коопе­рациялық ынтымақтастықты дамыту ғана емес, сонымен қа­тар отандық қорғаныс-өнер­кәсіп кешені өнімінің әлем­дік қару-жарақ нарығын­дағы бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату.

– Бейбіт Бәкірұлы, енді көрмені өткізуден күті­летін нәтижелерге аз-кем тоқталып өтсеңіз. Жал­пы, «KADEX-2018» көр­месі елімізге не береді? Іс-ша­раның аясында келі­сімшарт жасау, келісімдер мен меморандумдарға қол қою секілді жоспар бар ма?

– Әрине бұл іс-шараға үлкен үміт артылып отыр және менің ойымша көрме еліміз үшін нәтижелі болады. Біз ұйымдастыру барысында көрменің демонстрациялық бөлімімен қатар, іс-шараның практикалық бөлігіне де барынша назар аударып отырмыз. Яғни әскери-тех­ни­ка­лық және ғарыштық ын­ты­мақ­тастық саласында бірқа­тар алыс-жақын шетелдер ұйым­дары мен компа­ния­лары­мен бірқатар құжат­тарға – меморандумдар мен ке­лі­сімшарттарға және келісім­дерге қол қою жос­­пар­ла­нып отыр. Бұл өз ке­зе­гінде әс­ке­ри-техника­лық ын­тымақ­тас­тық, кибер­қауіп­сіз­дік және бей­біт мақ­саттар­да ғарыш­тық ке­ңіс­тікті бірле­сіп зерт­теу са­ла­­лар­­ындағы әріп­тес­тік­­тің да­муына ықпал ете­тіні сөзсіз.

«KADEX-2018» көр­ме­сі мемлекетаралық қаты­нас­тар мен сыртқы саяси көз­қа­растарға қарамастан, түрлі елдердің бизнес өкіл­дері, әскери мақсаттағы өнім­дерді құрастырушылары мен өнді­рушілері, салалық минис­тр­ліктер мен ведомство­лар­дың мамандары үшін конс­трук­тивті диалогтық алаң болады.

Тұтастай алғанда, көр­ме аясында әскери-техни­калық және ғарыш қыз­меті са­ласындағы ынтымақ­тас­тықтың нығаюына және дамуына бағытталған 50-ге жуық меморандум, келі­сім­шарт, келісімдер және хат­тамаларға қол қою жоспар­лануда. «KADEX-2018» көр­месі отандық қорғаныс-өнер­кәсіп кешені, ғарыштық сала мен киберқауіпсіздік кәсіп­орындары үшін маңыз­ды оқиға болып, олардың ха­лықаралық алаңда дамуы­на серпін береді деп үміттенеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Қамбар АХМЕТ,

«Егемен Қазақстан»