Білім жүйесінің сапасы көптеген факторлардың арқасында түзіледі. Солардың ішіндегі ең бастылары стандарттар, бағдарламалар және оқулықтар сапасы екені ақиқат. Қазір мемлекет сапалы оқулықтар шығаруға жыл сайын қомақты қаражат бөліп келеді. Мәселен, 2015 жылы оған 10 млрд теңге бөлінсе 2016 жылы 19 млрд, 2017 жылы 27 млрд теңге бөлінді. Білім және ғылым министрлігі жыл сайын мектеп оқулықтарын жетілдіру бойынша орасан жұмыстар істелінгені жөнінде мәлімет береді. Бөлінген қаражаттар тұтастай игерілген болып шығады. Алайда оқулықтардан концептуалдық, фактологиялық, орфографиялық, стильдік қателіктер табушылар және салмағы мен көлемінің үлкендігіне алаңдаушылық білдірушілер қатары арта түсуде.
Мектеп оқулықтарын шығару жұмысына қатысты айтылып жүрген кемшіліктерді жүйелесек төмендегідей болды.
1.Елімізде оқулық жаза алатын білікті мамандар аз, ал оқулықтану ғылымы тіпті дамымаған. ЖОО-лардың кәсіптер реестрінде мұндай кәсіп тіпті қарастырылмаған. Оқулықтарды осы сала бойынша арнайы білімі жоқ адамдар жазып жүр.
2.Авторлық ұжымдардың бір-бірімен байланыс орнатуы да кемшін екені көрініп тұрады. Түрлі пәндердің оқулықтарында бір оқиғалар, фактілер мен олардың болған уақыттары әртүрлі болып көрсетіледі.
Сонымен қатар оқиғалар өте көп және олар күрделі ойлармен жеткізілген. Немесе керісінше. Мәселен, «Дүниежүзі тарихы» оқулығында Ұлы Отан соғысы тақырыбына бір-ақ параграф арналған. 7 сыныпқа арналған «Орыс тілі» оқулығы туралы наразылықтар өте орынды айтылды, өйткені әдеби тілмен жасалуға тиісті әңгімелесулер қарадүрсін, тұрмыстық тілмен берілген. Бұл жерде мәтіндер арқылы тәрбие мәселесін айтудың өзі артық.
Осыған орай біз Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, төмендегі сұрақтарға жауап беруін өтіндік:
1.Бізде оқулыққа енгізілуге тиісті материалдардың сұрыпталуын, сапасын, құрылымын талап ететін арнайы құжат бар ма?
2.Кез келген оқулық тәжірибеде қолданылмас бұрын апробациядан өткізіліп, сарапшылар, педагогтар, ата-аналар тарапынан оң бағасын алуы керек. Осы орайда 2017 жылы 5,7 сыныптарға арналған оқулықтар апробациядан өткізілді ме?
3.Республикалық «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығы не үшін құрылған, олардың оқулық сапасына біз жауапты емеспіз, оған баспа немесе БҒМ жауап береді деген сөздері шындық па? Осы қызмет бастықтарының жиі ауысуы сыбайлас жемқорлықпен байланысты емес пе?
4.Бізде сарапшылардың қатары қандай тәртіппен құрылады? Олардың оқулық жазудағы біліктілігін кім анықтайды?
5.Оқулықтарды әрбір төрт жыл сайын ауыстырудың қандай негізі бар? Осы мәселені қарастырғанда озық шетелдердің оқулықтарын тұрақты ұстайтын себебі ескерілді ме (Мысалы, Ұлыбритания)?
6.Оқулықтар бағасының жыл сайын шарықтай өсуінің себебі неде? Мәселен, бір-ақ жылда оқулықтар бағасының 2-3 есе өскенін көріп отырмыз. Бұл бағалар Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетімен келісілді ме?
Біз Үкімет басшысынан осы сұрақтарға жазбаша жауап беруді өтіндік.
Ирина СМИРНОВА,
Мәжіліс депутаты