Рас, кейде ол ойда жоқ жерден аяғын балпаң-балпаң басып, қалың тоғайдың арасынан аю сияқты қорбаңдап шыға келуі де мүмкін. Ондайда жоғалған малын іздеп жүрген талай жанның зәресі ұшып, ат тізгініне ие бола алмай, басы ауған жаққа безе жөнелгенін бала күнімізден естіп-біліп келе жатырмыз.
Бәрін айт та, бірін айт, нар тұлғалы Нәсір көкем өз шаруасына мығым, ыждағатты әрі қолы ашық, жомарт кісі ғой.
Қай кезде іздеп барсаң да көкейіндегі ойын жасырмай, нақышына келтіріп, асықпай, баппен айтады. Ел тарихын, жер тарихын жақсы біледі. Ә дегенде есте жоқ, ескі заманалардан басталған сияқты көрінетін со бір қызықты әңгімелердің әне-міне дегенше бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен қалай ұштасып, қалай жалғасып кеткенін тіпті байқамай да қаласыз.
Бір қызығы, Нәсір көкемнің ешкімге өкпесі жоқ. Өзі өмір сүріп жатқан қоғамды да, заманды да кінәламайды. Тіпті жыл сайын өсіп бара жатқан инфляцияны ауыздықтай алмай отырған үкіметке де тиіспейді. Өз қызығы өзіне молынан жететін болған соң, басқада шатағы жоқ адамдай шалқайып, мамыражай кейіпте отырады.
– Ана-а-ау, төмендегі дүкеннен қант пен шай ғана сатып аламыз. Ал басқасы өз қорамыздан, өз бақшамыздан табылады, – дейді ол азық-түлік мәселесін құс жастықта жантайып жатып-ақ оп-оңай шешіп тастаған сияқты көзіңізді қызықтырып.
Расында да, бұл үйдің бау-бақшасы жаз бойы жайқалып тұрады. Жеміс ағаштары мәуесін көтере алмай, жерге иіліп, отағасы секілді жантайып жатады. Ал бақшадағы қалың көкөніске құр әншейін қарап тұрып-ақ қарның қампиып, тойып қалғандай боласың. Әсіресе олардың биылғы еккен кәртөшкесімен бүкіл ауылды бір жыл қинал-
май асырап шығуға болатынына кәміл сенесің.
Нәсір көкемнің қолындағы малы да қоңды, қора-қопсысы да кең. Тау бөктерінде арқандаулы тұратын биелерінің түгі жылтырап, қос бүйірі шермиіп кетіпті. Олардың үстіне қонбақ болған итшыбын екеш итшыбынның өзі аяқ тірейтін бүдір таппай, қайта-қайта домалап түсіп қала береді.
– Әй, қызталақтар-ай! – деді бүгін Нәсір көкем төмендегі ауыл жаққа қарап отырып, мырс етіп күліп. – Әлі отыр... Көрдің бе?
– Кімді? – деймін мен көкем қараған жаққа қарай мойнымды созып.
– Ана-а-ау, ағайындарды айтамын да...
Ол ауылдың орта тұсындағы жуан қарағаштың түбінде жайғасқан бір топ адамды нұсқады иегімен. Оның «ағайындар» деп отырғаны негізінен өзінің қатар-құрбылары екенін жақсы білем ғой. Өйткені Бөжілдек көкем бастаған оншақты кісі күнде жиналады сол жерде.
– Бағана-а, мен биені арқандауға шыққанда келіп еді, – дейді Нәсір көкем оларды жақтырмай жерге шырт түкіріп. – Құр әшейін мылжың сөзбен не бітіреді екен десейші?.. Әнеугүні: «Әй, қарап отырғанша, осылармен бір әжік-күжік әңгімелесіп, әзілдесіп қайтайыншы» деп барсам, бәрі жабылып биыл ғана мектепке деректір боп келген жап-жас жігітті жаманда-а-ап
отыр. Жыным келіп, біреуінің желкесінен қойып жіберейін деп оқталып тұрдым да, құдай оңдап, сабыр сақтадым-ай!.. Содан бері о жаққа аттап баспайым. Одан гөрі арық тазалап, шөп шапқаным артық қой.
Біраз отырып, тандыр нанға сары май жағып жеп, бір-екі кесе қымыз ішіп, үйге қайттым. «Ал жақсы, аман болайық», деп шарбақтың сыртында қол алысып тұрғанымызда, Нәсір көкем төмендегі ауыл жаққа тағы да бір көз салып:
– Ойпыр-ай, аналар әлі отыр! – деді таңғалып. – Не деген бітпейтін сөз! Осы уаққа шейін талай-талай тірлікті аяқтап тастауға болар еді-ау...
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»