Қазақстан • 21 Мамыр, 2018

Академик Түймебай Әшімбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

684 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қазақстанның экономика ғылымы: ізденістер мен шешімдер» тақырыбында ҚР Білім және ғылыми министрлігі Ғылым комитетінің Экономика институтында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция академик Түймебай Әшімбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналды. Ғалымның еңбектері жайындағы кең ауқымды конференцияны ұйымдастыруға Экономика институты мамандарымен қатар «Тұран», Нархоз Университеті, Қазақстан экономика ғылымдар академиясы, ҚР Президентінің мұрағаты, ҚР ЖОО қауымдастығы, «Тұран-Астана» университеті өткізді.

Академик Түймебай Әшімбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарынан кейін еңбек жолын қатардағы экономист болып бастаған академик Түймебай Әшімбаевтың еліміздің ғылымына қосқан сүбелі үлесі зор. 1958 жылы еңбегін ҚазССР Экономика институтында кіші ғылыми қызметкерден бастаған ғалым 1963 жылы институттың ғылыми хатшысы, 1965 жылы – бөлім меңгерушісі, ал 1967-1973 жылдары директордың орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. 1973 жылы Экономика институтының директоры болып тағайындалды.  1988 жылға дейін  15 жыл осы міндетті қалтқысыз атқарған ғалым 1970 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды. 

Конференцияның алғысөзін бастаған ҚР БҒМ ҒК Экономика институтының директоры, э.ғ.д, профессор, ҚР ҰҒА академигі А.А. Сатыбалдин академик Т.Әшімбаевтың осы институт қабырғасындағы ілгерінді еңбектерін атап өтті. Ал конференцияны құттықтау сөзімен бастаған ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Е.Т. Садықов Т.Ә.Әшімбаевтың тыңнан жол салып, әлеуметтік-экономикалық проблемаларды зерттеудегі еңбектері баға жетпес құндылығымен ерекшеленетіндігін атап өтті.

Ғылым жолында Т.Әшімбаев 400-ден астам ғылыми еңбек, соның ішінде 19 іргелі монография жариялады, 40-қа жуық ғылыми жұмыс тікелей ғалымның редакциялығымен жарық көрген. Т.Ә.Әшімбаевтың ғылыми кадр даярлауда өз мектебі қалыптасып, онға жуық  ғылым докторы мен 50-ден астам ғылым кандидат тәрбиелеп шығарды. Бүгінде ғалымның шәкірттері экономиканың түрлі салалары мен мемлекеттік құрылымдарда еңбек етуде.

Конференция барысында Т.Әшімбаевтың қызы Наталья Әшімбаева әкесінің өміріне қатысты маңызды сәттерді еске ала отырып,  ғылымдағы еңбегінің барысына тоқталып өтті. Ал ҚР ҰҒА академигі А.Қ. Қошанов, ҚР ҰИА академигі, э.ғ.д., профессор, C.О.Сәбден, ҚР ҰҒА академигі, э.ғ.д., профессор, О.Б. Баймұратов,   ҚР ЖОО Қауымдастығының президенті Р.А. Алшанов,  э.ғ.д., профессор С.А. Святов, М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалының директоры, э.ғ.д, профессор А.В. Сидорович, Ташкент мемлекеттік экономикалық университеттің профессоры, э.ғ.д. А.Ф. Расулев, э.ғ.д., профессор У.Ж. Алиев және т.б. баяндама жасап, академик Т.Әшімбаевтың өмірдегі және ғылымдағы жарқын жолдары туралы сәттерді еске алды.

Конференция жұмысына қатысқан өзге де отандық және шетелдік ғалымдар,  бизнес және халықаралық ұйымдары өкілдері ЕАЭО елдерінің экономикалық даму теориясы тұрғысында жалпыәлемдік үрдістер мен ұлттық ерекшеліктер; өндірістік қорлардың тиімділігін арттыру және Қазақстан өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін өсіру проблемалары; Қазақстанның әлеуметтік саясатының басымдықтары және елдің өмір сүру сапасының жаңа стандарттары; ұлттық экономиканы цифрландыру; «Жасыл экономика» Қазақстанның тұрақты даму бағыты ретінде; қазақстандық қоғамның рухани жаңғыруы сияқты тақырыптар төңірегіндегі мәселелерді талқылап, пікірлерін ортаға салды.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ