Тайынша ауданының әкімі қызметін атқаратын Владимир Дудов Ғ.Мүсірепов ауданына басшылық еткен тұста «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына қатысушы туған қарындасына, аудан әкімінің орынбасары Алтыншаш Тайшыбаева туған сіңлісіне пәтер алуға көмектесіп, заң бұзушылықтарға орын берген. Сондай-ақ берілген баспаналардың аумағына қатысты да заңға қайшы жайттар белгілі болған. Мәселен, бір бөлмелі пәтер алуға өтініш берген азаматқа аумағы 56 шаршы метр құрайтын баспана босатылған. Екі бөлмелі пәтер алуы тиіс отбасыға үш бөлмелі баспананың кілті тапсырылған. Тіпті отбасы құрамы жайлы анықтама да сұралмаған.
«Аудан әкімі де, оның орынбасары да баспана беру жөніндегі комиссияның мүшелері бола тұрып осы әрекеттері арқылы мемлекеттік қызметке нұқсан келтірді», дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тергеу басқармасы басшысының орынбасары Серғали Түсіпов.
Тайынша ауданының әкімі Владимир Дудов екі азаматша да бағдарламаға қатысушы болғандықтан өтініштерін қабылдамауға еш негіз жоқ. Мен қарындасыма пәтер беру бойынша дауыс беруге қатысқан жоқпын. Шешімді өзге комиссия мүшелері шығарды, деген уәжі комиссия мүшелерін сендіре қойған жоқ.
Әдеп кеңесінде В. Дудовтың, Ғ. Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары Талғат Әбілпейісовтың кәсіпкерлерден заңсыз қаржы талап еткені де расталды. Кеңес мүшелері олқылықтарға жол берген шенділер атқарып отырған қызметтеріне толық сай емес деген шешім шығарды.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы