Егеменді еліміздің болашағы – жастар. Олардың түсінігі мол, ұлтын сүйетін, еңбегі мен кәсібін халқына жұмсайтын, рухани жағынан жетілген ұрпақ болуы үшін мемлекет тарапынан аз қамқорлық жасалып жатқан жоқ. Білім беру мен ғылымдағы инновациялық-инфрақұрылымдық жүйе көптеген жетістіктерге жетелейді. «Біздің ендігі міндет – қазақстандықтардың, бірінші кезекте жастардың білімділікке, интеллектіге, Отан мен халыққа қызмет етуге деген көзқарастарын өзгерту», – деп көрсетті Елбасы.
Қоғамды кемелдендіруде инновациялық-инфрақұрылымдық жүйемен білім берудің орны ерекше. Ұлттық интеллектінің негізі қаланып, халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын білімпаздық қоғамдық еңбегі мен кәсібі, дағдысы жоғары, іскерлік негіздері қалыптасқан, рухани кемелденген азаматтарды қалыптастыруда бұл жүйенің маңызы мол.
Осы салада «Интеллектуалды ұлт – 2020» мемлекеттік бағдарламасының да атқаратын қызметі аз емес. Бұл жоба негізінде Қазақстан халықтарының жеке тұлғалық ақыл-ой қабілеті тереңдеп, бәсекелестікке қабілетті мамандар дайындауымыздың тірегі болады. Ал инновация жүйесін дамыту үдерісі ғылымды, техниканы, өндірісті өзара біріктірудің жаңа нысандарымен сипатталады.
Таза инфрақұрылымды өндіріске қызмет көрсететін және қоғамның тіршілік әрекетіне жағдай жасайтын шаруашылық салаларының кешені десек, оны адам жанына қолданғанда – ішкі және сыртқы жүйе деп қарауға болады. Яғни ол – адамның жан дүниесі.
Бейөндірістік инфрақұрылым денсаулық сақтау, білім беру, ғылым және ғылыми қызмет көрсету, дене шынықтыру т.б. әлеуметтік қамсыздандырудан тұрады. Әлеуметтік инфрақұрылым тікелей материалдық игіліктерді жасамайды, бірақ онсыз өндіріс үдерісін дамыту қиын не мүлде мүмкін емес. Бұл топтағы салалардың бірі – білім беруді қамтамасыз ету болғандықтан, ең негізгісі адам факторы мәселесіне аса көңіл аударуымыз тиіс. Қазіргі жағдайда капиталистік даму жолындағы әлемде материалдық игілік рухани құндылықтан басым түсіп, дүниеқорлық, пайдақорлық, ашқарақтық, имансыздық, жауапсыздық, жемқорлық, қитұрқылық секілді індеттің жұлын құртқа айналуына жол бермейтін құрал қажет. Әсіресе қоғамның болашағы жас ұрпақтың ой санасын көзі көріп жүрген жамандық атаулыдан аулақ ұстап, ұлттық рухани қазына көздері болған ғұламаларымыз Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Ясауи, Абай мен Шәкәрімнің парасатты адами ілімдерін жастардың ойына сіңдіру ақыл-ойының толығуына алып келеді. Жоғары оқу орындарында сан салалы мамандықтарды игеріп жатқан жастардың рухани жұтаңдыққа соқтықпауын қамтамасыз етуіміз тиіс. Оның үшін тәуелсіздік заманның уақыт талабына орай туған жаңа таным мен соны көзқарастарды ғылыми тұрғыдан саралап пайдаланумен қатар ұлы ойшыл Абай мұрасынан жасөспірімдерге өнеге тарту бұл мәселенің шешімін табуға үлкен септігін тигізері анық.
Осыдан екі жыл бұрын қаламызда қазақ халқының киесі, ары мен намысы, ұлы ойшылы Абайға арналған мұражай бой көтерді. Хакім Абай мұражайының ашылу салтанатына қоғам қайраткерлері, облыс басшылары, білікті ғалымдар, ақын-жазушылар қатысты. Бұл жиында ұсынылған ізгілікті мәселе – оңтүстікте Абайтану орталығын ашу және студент жастарға Абайтану дәрісін тыңдату болды. Жастарды Отанын сүюге, халыққа адал қызмет етуге, саналы тәртіпке, болымды қылықтарға, имандылыққа, сыйластыққа бейімдеуде хакім Абайдың өмірі мен шығармалары асыл мұра саналады.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жаңа технологияларды ұдайы жүзеге асырып келе жатқан ұжым ретінде танылған оқу орны. Сонымен қатар гуманитарлық ғылымдар саласында да айтарлықтай жетістігі бар. Университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі Уәлихан Бишімбаев жоғарыдағы ұсынысты қолдап, 2009 жылдың қарашасында университетте «Абайтану» ғылыми-оқу орталығын ашуға мұрындық болды. «Абайтану» ғылыми-оқу орталығының ғалымдары Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасын насихаттау және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Сондай-ақ педагогикалық факультеттердің студенттеріне «Абайтану» пәнінен дәріс оқып, тәжірибелік сабақтар өтеді. Ақын Абайдың мұрасын тереңірек үйренуге, өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтуға студенттерде құлшыныс жоғары. Бұған орыс тілді топтарында қызығудың басым екендігін атап өткеніміз орынды болар. Ғылыми-оқу орталығының ғалымдары Абай мұражайымен тығыз байланыста көптеген іс-шаралар өткізіп келеді. Студенттерге, мектеп оқушыларына арнайы тақырыптарда дәріс оқып, Абай оқуларының байқауларын өткізуде белсенділік танытып отыр.
Орталықтың ғылыми қызметкерлері студенттердің шығармашылық жұмыстарына жетекшілік жасайды. Бұл бағыттың да алғашқы жемістері көріне бастады. Филология факультетінің студенті У.Жүсіпбекованы Астана қаласында өткен Абай оқуларының республикалық байқауына жан-жақты дайындаудың нәтижесінде ол жүлделі 2-орынды жеңіп алып, ІІ дәрежелі дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Абай шығармаларының қырғыз, өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт, құмық, түрік, түркімен т.б. туысқан халық тілдеріне, алыс шетелдерде қытай, орыс, ағылшын, француз, неміс, парсы т.б. тілдерге аударылып, елімізден тыс жерлерде оқырмандарға жол тапқанын білеміз. Ал жерлестеріміз ұлы ақын өлеңдерін, қара сөздерін қаншалықты оқиды? Біз үлкен үміт артып отырған жастар ше?
Бұл мәселеге бізден алдыңғы ағалар қалай қараған екен деген ой көлденең тұрады. Мәселен, сыншы Сағат Әшімбаевтың көркем сөз құдіретін жасай алған жазушы Ғабит Мүсіреповке: «Абайға не үшін көбірек жүгінетініңіздің мәнін бірер сөзбен аша түссеңіз қалай болар еді?» – деген сұрағына Ғабеңнің берген жауабы: «Мен Абайды 60 жыл бойы оқып келемін. Әрбір оқыған сайын жаңа ой туып келеді, сол үшін де өмір бойы табынып келемін. Өзіңді өзің түсінгің келсе, өзгені тереңірек танығың келсе, өмірдің терең-терең сырларына бойлағың келсе, Абайды оқы, ерінбе!»
Дана Абайдың бір ғана имани гүл ілімінде ақын танымының мағынасы тереңде екендігіне көз жеткіземіз:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
М.Әуезов айтқандай, осы өлеңде үш сүю жайлы Абайдың адамшылық жолындағы насихаты мен мораль философиясы, танымы түгелге жуық ашылған. Асылы, Абай тағылымының тереңінен нәр алу, өлеңдерінен ғибрат, өнеге тарту үшін барлық оқу орындарында ұлы ақын мұрасы арнайы курс ретінде оқытылса, кейбір олқылығымыз толып, жастар арасында кездесетін тосын оқиғалардан сақтандырамыз ба деген ой қозғалады.
Ахмет Байтұрсынов: «Елді түзетуді біз әуелі бала оқытуды түзетуден бастауымыз керек», – деген еді. Болашағымызды айқындап, дамыған елдер қатарынан тұрақты орын алуымыз үшін жастарымызды тек қана шешен сөйлеу ғана емес, терең ойлау, бабаларымыздың сара жолын білу, ғұламаларымыздың асыл мұраларын меңгеру, жеті ата дәстүрінен терең хабардар болу, имандылыққа келу, дінді құрметтеуге бейімдеуді инновациялық – инфрақұрылымдық білім беру жүйесімен қалыптастыруымыз міндет.
Қалдыбай ТҰРДЫБАЕВ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Абайтану» ғылыми-оқу орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.
Шымкент.