Қазақстан • 21 Мамыр, 2018

Алматыда 5 жасар бала менингиттен көз жұмды

286 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда 5 жасар бала менингит жұқпасынан көз жұмды. Бұл биыл қайтыс болған 3-ші адам. Бұл туралы қалалық Қоғам денсаулығын қорғау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда 5 жасар бала менингиттен көз жұмды

Департамент басшылығы қаза болған адамдардың барлығында аурудың жедел түрі басталғанын айтты.

 Оның айтуынша, соңғы күндері ауруханаларға 47 адам жүгінген. Олардың 15-інде диагноз зертхана арқылы расталған.

 «Бұл оқиғалар бір-бірімен байланысты емес. Бірінші жағдайда ер адамда көкбауырдың жоқ болғандықтан иммунитетті әлсіз болды. Ол адамның өмірін арашалай алмадық. Екінші жағдайда, жас қыз бен 5 жастағы бала бірден асқынатын түріне шалдығып тез арада көз жұмды. Олармен байланыста болған 715 адам дәрігерлер бақылауында», - деді Айзат Молдақасымова.

 Дәрігерлер Алматыда індет бұрқ етті деп дабыл қағудың қажеттілігі жоқ екендігін айтты. «Аурудың үлкен мерзімділікке өтуі 10-15 жылда бір кездеседі. Яғни, 2010 жылы - 28 адам, 2011 жылы - 44 адам, 2012 жылы -23 адам, 2016 жылы 66 адам ауруға шалдыққан. Бірінші кезекте иммунитеті әлсіз адамдар жұқтырады», - деді А. Молдақасымова.

Дәрігерлердің айтуынша, 18 мамырда балабақшада жүргенде баланың дене қызуы көтерілген. Кешке таман үйге келгенде буындары ауыра бастаған. Бірнеше сағат өткен соң баланың аяқтары қызара бастайды. Шұғыл түрде шақырылған жедел жәрдем баланы түнгі сағат 00:50 балалар ауруханасына алып келген. Алайда, дәрігерлер аурудың жылдам асқынуына байланысты баланың өмірін арашалай алмады.

С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры, жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының меңгерушісі Дүйсенова Амангүлдің айтуынша, көз жұмған ересек адамдардың бірі - әйел адам да, тамағы ауырып, қызуы көтерілсе де ертеңгісін жұмысқа барған.

«Көкбауыры жоқ адам аурумен күресіп 10 күн жансақтау бөлімінде жатқан. 10-күн дегенде ол көз жұмды», - деді дәрігерлер.

 Дәрігерлер Алматы тұрғындары мен қонақтарына адам көп шоғырланған жерге бармауға кеңес берді. «Қазі барлық ұйымдарда мәдени спорттық шараларды азайтуға тырысып жатырмыз. Халыққа алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ауырған адамның барлығы бірдей көз жұмбайды. Мысалы, Алматыда жұқпалы аурулар ауруханасында 2 адам менингококцемия диагнозынан жазылып келеді. Сондай-ақ, менингит ауруы бір сәтте жұқпайды. Яғни, 3 аптадай уақыт араласқан соң ғана жұғуы мүмкін. Сол себепті, бұл қалыпты жағдай дегім келеді», - деді Амангүл Дүйсенова.