Қарыз туралы келісімге 2017 жылғы 21 тамызда Астана қаласында қол қойылған болатын. Құжат Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның» 76-қадамындағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленген басымдықтарға сәйкес келеді.
Орта білім беруді жаңғырту жобасы бойынша шығындардың жалпы сомасы 75 миллион АҚШ долларын, оның ішінде Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің қарызы 67 миллион АҚШ доллары мөлшерінде, қарызды республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру 8 миллион АҚШ доллары мөлшерінде құрайтын болады.
Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің 67 миллион АҚШ доллары сомасындағы қарызы Қазақстан Республикасына 5,5 жыл жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 17 жыл өтеу мерзіміне беріледі, сыйақы мөлшерлемесі – ЛИБОР + құбылмалы спрэд, біржолғы комиссия – қарыз сомасының
0,25 пайызын, резервке қойғаны үшін комиссия – жылына қарыз бойынша пайдаланылмаған балансының 0,25 пайызын құрайды.
Келісімнің мақсаты орта білім беру жүйесінің сапасын арттыру, жаңғыртуды қолдау, білім берудегі қолжетімділік пен тепе-теңдікті арттыру болып табылады.
Келісім ҰБТ тестеудің жаңа стандарттарын қалыптастыру арқылы бағалау жүйесін, оқудағы жетістіктерді сыртқы бағалауды және тест тапсырмаларының базасын жаңартуды қайта қарау сияқты білім берудің жаңартылған мазмұнын қолдауға бағытталған бастамалар кешенін қамтиды.
Келісімнің басты бағыттарының бірі білім беру материалдарына қолжетімділікті арттыру, мультимедиялық жабдықпен жарақтандыру және ауыл мұғалімдерінің әлеуетін ұлғайту арқылы ауылдық жалпы білім беретін және шағын жинақталған мектептердегі оқушылардың үлгерімін жақсарту болып табылады. Келісімнің жалпы қаржыландыру сомасының шамамен
67 пайызы 5400 ауылдық мектепті интерактивті жабдықпен қамтамасыз етуге жұмсалатын болады. Ауылдық мектеп кабинеттерінің 60 пайызын компьютерлермен, проекторлармен және экранмен жарақтандыруға мүмкіндік беретін 32,5 мың жабдық жинақталымын сатып алу жоспарланып отыр.
Менеджмент бойынша оқытумен ауылдық жерлердегі мектептердің шамамен 200 мың мұғалімдері мен басшылары қамтылуға тиіс. 3 миллионнан астам оқушы, оның ішінде ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалар Келісімнің бас бенефициарлары болады.
Келісім инклюзивті білім беруді қолдауға да бағытталған. Жалпы білім беретін мектептер негізінде 9 Ресурстық орталық құру және оларды жарақтандыру, дефектологтердің, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар беретін мамандардың біліктілігін арттыру, көру қабілеті және интеллекті бұзылған балалар үшін оқулықтар сатып алу жоспарланып отыр.
Келісімді іске асыру ауылдық және қалалық мектептердің арасындағы үлгерімдегі алшақтықты қысқартуға және білім беру сапасын теңдестіруге ықпал етуге тиіс.
Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.