Бір ғана «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақ мәдениеті мен өнерін жаһанға насихаттау жолында қыруар жұмыстар жүзеге асырылып, сапалы нәтижелерге қол жетті. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қолға алынған жоба аясында қазақ өнері мен мәдениеті әлемді шарлады. Ресей, Италия, Франция, Түркия, Қытай, Жапония сынды талғамы мен тағылымы егіз жасасқан талғампаз елдер қазақтың классикалық музыка өнерінің жауһарлары – «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сарадай» шығармаларды төл сараптауда тыңдау мен баға беру бақытына ие болды. Әлем Димаш Құдайбергенов, Медет Шотабаев сынды дарынды өнерпаздар талантының арқасында қазақтай қасиетті халықтың шеберлігіне бас иді. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы шеңберіндегі «Ұлы даладағы көшпенділер тарихы» атты көрме негізінде ұлтымыздың көне жәдігерлері төрткүл дүние назарына ұсынылды. Сондай-ақ Нью-Йорк қаласында өткен «PHOTOfest.KZ – гүлденген Қазақстан әлем фотосуретшілерінің көзімен» атты фотокөрмеде күллі Америка Бурабай, Қорғалжын, Баянауыл, Ұлытау, Қарқаралы, Түркістан, Отырар, Шарын шатқалы, Шымбұлақ, Медеу, Тамғалы тас, Көлсай сынды Отанымыздың тарихы тереңдігімен тағылымды, табиғаты сұлулығымен көз тартар әсем жерлерімен фото тілі арқылы танысуға мүмкіндік алды. Күні кеше Арқа төрінде шымылдығы түрілген ұлы думан – «Рухани қазына – 2018» мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің І республикалық фестивалі атқарылған ауқымды жобалардың заңды жалғасы десек, қателеспейміз. Осынау тарихымен, тағылымымен, дәстүр-салты, өрелі өнерімен әлемді мойындатқан ауқымды жұмыстардың тасасында, әрине лайым ұлт игілігі жолында тер төгіп келе жатқан өнер мен мәдениет саласы қызметкерлерінің қыруар еңбегі жатыр.