Қазақстан • 22 Мамыр, 2018

Астанада мұнай және газды барлау жөніндегі II халықаралық форум өтті

696 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астанада мұнай және газды барлау жөніндегі II халықаралық форумы («KazakhstanGeologyForum, Oil&Gas, 2018») өтті. Шараны өткізу жұмыстарын Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамы ұйымдастырды және «Kazenergy» қауымдастығы атсалысты. Форумға Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті қолдау білдірді. Форумға Қазақстан Республикасының салалық министрліктері мен ведомстволарының, ірі мұнай-газ кәсіпорындарының басшылары, сарапшылар қатысты. 

Астанада мұнай және газды барлау жөніндегі II халықаралық форум өтті

«Kazakhstan Geology Forum, Oil&Gas, 2018» форумы Қазақстанның мұнай геологиялық барлауын дамы­ту­­дағы басты басымдылықтар, елі­міз­­­дегі геологиялық барлауға инвес­ти­­ция тарту  мақсатында заңдық ба­­­заны жетілдіру, скважиналарды гео­­физикалық, кәсіпшілік зерттеу, ал­­қап­тық геофизикалық жұмыстар, отан­­дық геологиялық барлау ғылымы жә­не тәжірибе, цифрлы геология, «ақыл­ды кен орындары», мамандарды дайындау және басқа да негізгі тақырыптарды қамтыды.

Шара барысында «ҚазМұнайГаз» барлау өндіру» АҚ бас директоры, И.М.Губкин атын­дағы универ­си­тет­тің профессоры, академик Құр­ман­­ғазы Есқазиев арнайы баяндама жа­сады. 

Бүгінгі күні «ҚазМұнайГаз» бар­лау өндіру компаниялар тобы жет­кі­лік­ті деңгейде мұнай қорын өндіріп отыр­ғанына қарамастан, ертеректе ашыл­ған мұнай кен орындарындағы мұнай қорының жыл санап азайып келе жатуын ескеріп, қорды толық­тыру жайына аса мән беріп отыр­ғанын атап өтті сарапшы.

Қазақстандағы мұнай кен орын­да­рының басым бөлігі өндірудің соңғы кезеңдерін бастан өткеруде. Оның ішінде «ҚазМұнайГаз» барлау өндіру компаниялар тобының кен орындары да бар. Осыған орай дәл бүгінгі таңда палеозой кезеңінің түзілімдерінде терең бұрғылау әдісі арқылы ресуртық базаны ұлғайту мәселесі өзектілігін арттырып келеді.  Әсіресе «ҚазМұнайГаз» барлау өндіру компаниясының геологиялық бар­лау жұмыстарының негізгі бағыты палеозой кезеңінің түзілімдері ор­на­лас­қан Каспий жағалауы мен Маң­ғыс­тау бассейні екенін ерекше атап өту қажет.

Геологиялық барлау жұмыс­та­ры­ның нәтижесін талдап сараптаудан кейін «Өзен» және «Қаратон» кен орындарындағы екі бұрғы ұңғымасы таңдалып алынды. 

– Зерттелген өңір Маңғыстау орта­лық Каспий бассейні аймағында орналасқан. Бізді қызықтырып отыр­ған негізгі объект – палеозой ке­зе­ңінің түзбесі.  Біз бұрғы ұңғы­ма­сын қа­зу орнын «Өзен» кен орнынан 6 шақырым қашықтықтан таңдадық. Қазір корпоративішілік келісімдерге қол қойылуы тиіс, осыдан кейін біз тұңғыш рет палеозой кезеңінің тү­зі­лімдерін зерттеуге толық кірісетін бо­ламыз, – деді «ҚазМұнайГаз» бар­лау өндіру» АҚ басқарма төрағасы Құр­манғазы Есқазиев.

Екінші халықаралық мұнай және газ кен орындарын барлау фо­ру­мы­ның тағы бір спикері ретін­де «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төр­аға­сы Ануар Жақсыбеков  баяндама жа­­сады. Цифрландыру саласының үз­дік­тері қатарындағы компания бас­шы­сы компаниядағы жаңа технология­лар жайын ортаға салды.

«Ембімұнайгаз» акционерлік қо­ғамы – отандық мұнай-газ сала­сы­ның негізін қалаушылардың бірі. Был­тырғы жылы аталған ком­па­ния­ның құрылғанына 95 жыл толды. Осы жыл­дар ішінде Ембіде мұ­най-газ өн­ді­ру, геологиялық барлау мен мұ­най өң­деу саласында үл­кен тә­жі­рибе мен білім қоры жи­нақ­тал­ған.

– Жыл сайын компания келісім­ша­рт негізіндегі аймақтарда  гео­ло­гиялық барлау жұмыстарын ұл­ғай­тып келеді. Мысалы, 2015 жы­лы 5 ұңғыма бұрғыланса, 2018 жы­лы 18 ұңғы бұрғыланған. Осы­лай­ша, біз шикізат базасын ұлғайтып келеміз, – деді Ануар Жақсыбеков.

Компания жаңа технологиялардың өндіріске белсенді түрде енгізілуі мен жұмысшылардың біліктілігін кө­те­­ру бағытында көп жұмыстар ат­қа­­­рып келеді. Аталған кәсіпорын  «ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ния­­сы құрамында ең бірінші болып «Цифрлы кен орны» концеп­циясын ен­гізді.  2016 жылы «Интеллектуалды кен орны» жобасы «Уаз» шағын кен ор­нына қанатқақты жоба ретінде енгі­зіл­ген болатын.  2017 жылы аталған жоба Прорва тобы кен орындарына, би­ыл­ғы жылы  екі бірдей: «Жаңаталап» – «Жайықмұнайгаз» және «Шығыс Ма­қат» – «Доссормұнайгаз» кен орын­да­рына ензілді.

Ерекше атап өтетін тағы бір жайт, бүгінгі таңда ірі мұнай-газ компания­ла­рында мұнай өндіру үдерісін цифр­ландыруға бағытталған, бір-бірі­нен жеке-дара жұмыс істейтін, бір ба­ғытта тоғыстыруды қажет ететін әр­түрлі бағдарламалар, электронды база мен жүйелер шоғыры бар. «Интел­лектуалды кен орны» жобасы осы мәселені шешіп, әртүрлі жүйе­лердің басын бір ақпараттық орта­лық­қа тоғыстырды. 

Өз кезегінде, жүйелердің тоғысуы үлкен көлемдегі ақпараттардың бір ақпараттық жүйеге жиналып, өнді­ріс­тік үдерісті әрі қарай талдау мен сарап­тауға мүмкіндік тудырды. Нә­ти­­жесінде,  әртүрлі дереккөздегі ақ­па­рат, мәселен, қаржылық есептілік құ­рылғысындағы ақпарат бірыңғай жүйе­ге тоғытылады, ол өз кезегінде өңделіп, пайдаланушының қажетіне сәйкес беріліп отырады. 

Оған қоса, аталған жүйе планшетке арналған мобильді нұсқаға ие. Мобильді нұсқа корпоративтік жүйе­­ден бөлек құрылғыларда әлем­нің кез келген жерінен интернет ар­­қылы барлық қажетті ақпаратты алып, пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе компанияның топ-ме­нед­жменті үшін аса тиімді.  Ал жедел координация жасайтын жұмыс­шы­лар үшін бұрын қолмен толтырылып келген есептілік бүгінде автоматты түрде жасалады.  Есептілікті дайындауға жұмсалатын уақыт 50 пайызға қысқарды, өнімділік ұлғай­ды. Осының есебінен компа­ния бас­шы­лығы сараптамалық, тал­да­ма­лық ба­ғытты дамыта түсуге мүм­кіндік алды.

Цифрлы технологияларды енгізу­дің арқасында компания өндіріс тиім­ділігін арттыра түсті. «Уаз» кен орнындағы электр энергиясын үнем­деу деңгейі 35%-ға, ал жөндеу жұмыс­та­рын жүргізу кезеңдері 500 күнге дейін жетті.

– 2022 жылға арналған бағдарлама бар. Ол бойынша, «Ембімұнайгаз» компаниясының, әрине түгелдей емес, бірақ басым бөлігі цифрлы тех­нологияға өтетін болады. Егер біз бұрын бәрін қолмен жасайтын бол­сақ, бүгінде мұндай қажеттілік жоқ. Біз кен орнынан 300 шақырым қа­шық­тықта кеңседе отырып ұңғыма қалай жұмыс істеп жатыр, оның режімі қандай, қанша мұнай көлемі өтіп жатыр, қаншасы өтпей жатыр, бәрін бақылай аламыз. Сөзсіз, цифр­ландыру үлкен рөл атқарады. Оған ке­лесі сандар дәлел. 2015 жылдан бас­тап кен орнындағы өндіру көлемі 75 мың тоннаға өсті. Биылғы жылы жос­пар бойынша өндіру көлемі – 55 мың. Бұрын-соңды «Ембімұнайгаз» мұн­дай деңгейге жетпеген болатын, –
деп ерекше атап өтті компания басшы­сы.

Компания басшысы атап өткен 75 мың тонна мұнай 2015 жыл мен 2018 жыл аралығында өндірілген жиынтық мұнай қоры. Бұл пайдалану қоры мен жаңа технологияларды енгізу нәтижесінде орын алған жетіс­тік. Келешекте аталған жоба бар­лық өндірістік бөлімшелерге толық енгізілетін болады.

– Жүргізіліп жатқан жұмыстар бұрыннан пайдаланылып келе жатқан кен орындарындағы мұнай қорын ұлғайтуға көп септігін тигізді және бұл жұмыс жалғасатын болады. Біздің кен орындарының жасына қара­мастан, әлі де мұнай-газ қоры­ның әлеу­еті жоғары. Біз бұған үл­кен се­нім­­мен қараймыз және жаңа идея­лар мен технологияларға әрдай­ым ашықпыз, – деді сөзінің соңында компания басшысы.

Форумның қорытынды жиынында мұнай-газ өндірісінен бөлек, баламалы энергия көздерін пайдалану және оның елімізде даму әлеуеті жайлы да сөз болды.

Айтпақшы, «Мұнай-газ сала­сын­­­дағы геологиялық барлау» x­а­лық­­аралық форумы аясында ұй­ым­дастырылған «Ізба­сар» бай­­қау­­ында  «Жылы­ой­мұ­най­газ» МГӨБ Прорва кен орын­да­ры то­бы­ның ІІ дәрежелі инже­нер-гео­логы Ербол Жұмағұлов «Гео­логия са­ласының жас шебері» номи­на­ция­сының жеңімпазы атанды.

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»