Қазақстан • 22 Мамыр, 2018

Өнеркәсіп қайтсе өрістейді?

384 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы биыл әлемдік эко­номиканың өсімі 3,9 пайызды құрайды деген болжам жасады. Аталған ұйым дерек­теріне сәйкес, Еуразиялық аймақта өсімнің төмен болатындығы айтылған. Ал экономикасы импортқа тәуелді Қазақстанда даму көрсеткіштері қандай болмақ? 

Өнеркәсіп қайтсе өрістейді?

Бүгінгі таңда мемлекет алдында тұрған үлкен міндет – әлемнің озық 30 елінің қатарына кіру. Аталған межеге жету мақсатындағы ел Үкі­метінің 2018-2022 жылдарға арналған әлеу­меттік-экономикалық даму болжамында бәсе­кеге қабілетті өндірістер құру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту, цифрлы технология­лар­ды қолдана отырып, жаңа индустрияларды, экспорттық әлеуетті арттыру, отын-энергетикалық кешенді, экономиканың базалық салаларын, агроөнеркәсіпті, көлік инфрақұрылымын, логистика, туризм, сауда, сондай-ақ құрылыс, кәсіпкерлік секторын дамыту көзделген. Ал Ұлттық экономика министрлігінің 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында дамыған елдер тізіміне кіру үшін ІЖӨ деңгейінің өсуін жан басына шаққанда 46 100 АҚШ долларына дейін жеткізіп, еңбек өнімділігін жылына орта есеппен 4,7%-ға, шикізаттық емес экспорттың үлесін 50%-ға, ал ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін 35%-ға дейін жеткізу межеленген.

Осы орайда еліміздің экономикалық даму бары­сына қатысты пікірін білдірген Білім жә­не ғылым министрлігі Экономика институты Эко­номикалық саясат және жаһандану орта­лы­ғы­ның меңгерушісі, ҰИА академигі Оразалы Сәб­деннің айтуынша, озық елдер тізіміне енудегі бірінші мәселе – экономиканы әртараптандыру. Ал импортқа тәуелділіктен арылу тікелей өнер­кәсіптің құрылымын өзгертумен байланысты.

– Мемлекет басшысы индустриялық-инно­ва­циялық бағдарлама аясында кәсіп­орын­дар­ды көптеп ашып, экспортқа шығаратын бәсе­кеге қабілетті өнімдерді көбейту қажеттігін алға қойды. Ғалымдар тарапынан бұл мәселе төңірегінде жиырма бес жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Экономикамыз үдемелі дамып, 30 елдің қатарына қосылу үшін ІЖӨ жылы­на кем дегенде 6-7 % өсуі керек. Әзірге сөз бен ісі­міздің арасында алшақтық басым. Ал өнер­кә­сіп­тің құрылымы туралы сөз еткенде елімізде машина жасау үлесінің төмендігіне назар аудару қажет. Кезінде бір ғана Алматының өзінде ауыр машина жасау, поршень зауыттары, С.М.Киров атындағы зауыттар алдыңғы орындарда тұрды. Шымкенттегі пресс-автомат зауытында цифрлы басқару бағдарламасымен басқарылатын цехтар жұмыс істеді. Бүгінде оның бірі де жоқ. Цифрлы экономикаға көшуді мақсат еткен ел үшін машина жасау, электроника, цифрлы салаға инвестиция салу кезек күттірмейді. Қазіргі кезде шетелдерде, тіптен көрші Ресейдің өзінде 3D жүйесімен үйлер салына бастады. Ал Қазақстан өнеркәсіптің осындай жаңа салалары жағынан артта қалып келеді, – дейді ғалым.

Ағымдағы жылы мемлекет басшылары, бизнес өкілдері қатысқан Давос форумының қоры­тын­дысына сәйкес жаһандық индекс рейтингі бойын­ша Қазақстан 57-орынды еншіледі. Ал өнеркәсіп, инновация, технология саласы бойынша 80-100-орындарда тұр. Осы орайда технология­ны трансферттеу қажеттілігі туындайды. Яғни біріншіден, шетелдерден жаңа технологияларды сатып алып, іске қосу болса, екіншіден, отандық ғылымға назар аудару қажет.

– Бүгінде елімізде тың жаңалықтар бар, бірақ ғылымның жайы мардымсыз, – дейді О.Сәбден. – Көрсеткіш шетелдермен салыстырғанда 20-30 есеге дейін төмен. Ғылым саласына берілетін қаржыны біртіндеп болса да көбейту керек. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, Қазақстан экономикасы дағдарыс жылдарына дейін жылына 9-10 пайыз өсім беріп, көрсеткіш Қытаймен пара-пар болды. Бүгінде ғылымға бөлінетін қаржы өсудің орнына 3-4 есеге дейін төмендеп кетті. Қазіргі кезде ғылымның үлесі ІЖӨ-нің 0,14 пайызын құрайды. Оның үлесі ІЖӨ-нің кем дегенде 1,5-2 пайызы болуы керек. Дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш төрт пайыздан жоғары.

Экономиканы әртараптандыру туралы сөз қозға­ғанда резервтеріміздің ішкі күшімізде жатқандығын да ескеруге тиіспіз. Яғни қоғамды шағын кәсіпке баулу қажет. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнес ел экономикасының драйвері болуы қажеттігін баса айтты. Дамыған елдерде шағын кәсіпкерліктің үлесі ІЖӨ-нің 50-60 пайызын құраса, біздегі ресми көрсеткіш 25 пайыз. Экономика институтының зерттеулері бойынша, бұл көрсеткіш 20 пайызға да жетпейді, – дейді О.Сәбден. Ал Германия сияқты елдерде халықтың 70-80 пайызы шағын кәсіппен қамтылған екен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша не зейнетақы салымдары, не сақтандыру төлемдері жоқ өзін-өзі қамтамасыз ететін азаматтардың саны 2,7 миллионға жуықтаған. Ғалымның айтуынша, бұл ойланарлық мәселе.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ