Аймақтар • 22 Мамыр, 2018

Қызылордада Батырхан Шөкеновке ескерткіш орнатылды

937 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ эстрадасының қайталанбас тұлғасы, өнер көгінен жұлдыздай ағып өткен әнші-композитор Батырхан Шөкенов жайлы әріптестері осылай дейді.

Хас таланттың қашанда бәсі бөлек. Біздің ұл деп мақтаныш еткенімізбен оны Ресейден бастап кешегі одақтас мемлекеттердің де әнсүйер қауымы өз перзентіндей көреді, құрметтейді. 

Қызылордада Батырхан Шөкеновке ескерткіш орнатылды

Қазақ музыка өнерінің хас жұлдызы Роза Рымбаеваның «Батырхан өз өнерімен әлемге қазақ халқын та­ныт­ты. Ол біздің шетелдердегі төл­құжатымыз еді» дегені көп жай­ды аңғартса керек.

Қызылордада Батырхан Шө­ке­нов атын­дағы «Отан-Ана» ІІ рес­­публикалық әншілер кон­кур­сының алдында өткен бас­пасөз конференциясында атақты әнші жа­йында біраз мәселелер айтылды.

Сағынай Абдуллин «Арай» ансам­бліне Батырханның қалай қабылдағаны жайында естелік айтты.

– Ол тек талантты әнші, ком­по­­зитор, кәсіби саксафоншы ғана емес жаны сұлу, адамдарға нұ­рын шашып жүретін азамат болатын. Ондай кісілер біздің ортада өте сирек. Батырды біз ғана емес, ТМД елдері, шетел жақсы көреді. Әндерін сүйіп орындайды.

Осындай біртуар азаматқа Қызыл­орда облысының әкімдігі қол­дау көрсетіп ескерткіш қойға­нына кереметтей қуанып отырмыз.

Б.Шөкенов атындағы қордың директоры, музыкант Олжас Бай­қа­­­нов­ Батырханның жаңа альбомын құ­­рас­­тыру бағытында жұмыс жасап жатқандықтарын айтты. Бұдан бұрын еш жерде орындалмаған 11 жаңа әні еніпті. Мәскеуде жинақталған ән топтамасына тек Қазақстан ғана емес, көптеген елдердің мамандары еңбек сіңіріпті. Батыр рухына құр­мет үшін.

Батырхан Шөкеновпен тығыз жұмыс жасаған композитор Ринат Ғайсин де әншінің біраз әндерін өңдеп жатқандығын жет­­к­ізді.

– Біз ұзақ уақыт бірлесіп жұ­мыс істедік. Мен Батырға арнап бірнеше ән шығардым. Осы кон­курста оған арнап жазған «Астана» әні орындалды. Ендігі жоспарым – Прагаға барып, студия архивінде сақтаулы Батырдың бірнеше әнін жаңартып, қайтадан өңдеймін. Қандай ән екенін әзірге айтпаймын, құпия болып қала берсін, – деді ол.

Ал Батырхан Шөкенов атын­дағы «Отан-Ана» ІІ респуб­ли­калық әншілер конкурсына елі­міздің барлық өңірлері мен Өзбек­станнан келген әншіні қос­­қанда үміткерлердің ұзын саны 25-ке жеткен. Конкурс та­лабы бо­йынша екі ән айтуға тиіс болған әншілер біріншісін өз талғамына салса, екіншісінде Батыр­ханның репертуарындағы шығармаларды орындады. Та­лап­керлер эстра­далық сим­фония­лық оркестрмен бэнд, джаз-бэнд стиліндегі әндерді жанды дауыста шырқады.

Талай конкурстарды байқап жүрміз ғой. Бүгінде әлемді әні­мен тербеп тұрған Димаш Құ­дай­берген сияқты хас талант­тарға елдегі байқауда «мен осы әйел дауысты еркектерден қор­қа­мын» деп баға беріп сүрін­дірген, құлағын аю басып кеткен кездей­соқ қазылар бұл конкурста болған жоқ.

Қазақстанға еңбегі сіңген қай­­раткер Ержан Әбдірахманов төр­аға болған қазылар құрамын­да елі­мізге белгілі Сағынай Абдул­лин, Дильназ Ахмадиева, Ринат Ғай­син, Рүстем Нұржігіт, Олжас Бай­қанов сынды өнер қайраткерлері енді.

Олар әрбір әншінің тембрі, дауыс күші мен артистік қабілетін саралап ортақ шешімге келді.

– Біздегі негізгі мақсат – Ба­тыр­­хан­ның әндерін жаңартып, шық­паған ән­дерін өңдеп, жастар­ға тыңдату, – деді композитор, қазылар алқасының мүшесі Ри­нат Ғайсин. – Бүгінгі байқау – кәсі­би байқау. Тек қана әндерді орын­дау емес, жалпы Батырхан әндерінің тарихын білу, халыққа жеткізу. Ол деген үлкен еңбек. Батырхан қалдырған із – өшпес із. Қызылордалықтар бізді қатты қуантты. Өйткені марқұмның ту­ған өлкесінде мұндай байқау өт­кізу шынымен мықтылық, та­лант­тың бағасын білу, асылымызды ардақтау.

Сонымен жиырма бес жүрек­ті қобал­жытқан байқау да аяқ­тал­ды. Қазылар бас жүлдеге оңтүс­тікқазақстандық Ерік Төлеповті лайық деп таныды. Ал бірінші орын қарағандылық Гүлнар Кө­шено­ваға бұйырса, екінші орын­ға Батыс Қазақ­станнан кел­ген Айымбек Сарты­қов ие болды. Екі үшінші орынды қызыл­ордалық Индира Байыр­баева мен астаналық Күлайым Қайырбаева бөлісті.

Шөкеновтер отбасы дайын­даған арнайы жүлде алматылық Сырымтай Еңсеновке берілді.

– Батыр ағамыз мен үшін әлем­­д­ік деңгейдегі орындаушы, ком­позитордың бірі болатын. Ол кісіні нағыз музыканттар ба­ға­лады, түсіне алды. Бірақ көзі ті­рісінде көптеген еңбектері ба­ға­­ланбады. Қазақстандағы музы­канттар, жалпы өнерді оқып, білетін адамдардың барлығы ол кісіге тағзым жасайтын. Ол кісіні сыйламау, жақсы көрмеу, әндерін сүймеу мүмкін емес. Батырхан ағаның рухына мен басымды иемін, – деді байқау жеңімпазы Ерік Төленов.

Сол күні конкурс лауреаттары мен қазылар алқасындағы әншілер орталық алаңдағы гала-концертте өнер көрсетті.

Келесі күні қала жұртшылығы мен қонақтар Батырхан Шөкенов атындағы саябақта орнатылған әнші ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты.

Бұған Батырхан Шөкеновтің туған-туысы, достары мен жер­лес­терімен қатар өнердегі жақын досы Байғали Серкебаев арнайы келді.

Ескерткішке Батырхан Шөкенов­­тің «Отан-Ана» кли­пін­д­егі қолында саксофон ұс­тап тұр­ған бейнесі алынған. Ескерт­кіштің жалпы биіктігі 3,6 метр, мүсіннің биіктігі – 2,2 метр, материалы – қола; тұғырдың биіктігі 1,6 метр.

– Байқауды ұйымдастырып, ескерт­кішті орнатуға атсалысқан барлық аза­мат­­тарға үлкен рахмет. Облыс әкімі Қы­рым­бек Кө­шер­баевқа аналық жүре­гімнен алғыс айтамын. Батырдың өнерін бағалап, оның құрметіне саябақтың атын бергендеріңізге де өте қуаныштымын, – деді Батырхан Шөкеновтің анасы Диля­ра Шө­кенова, ескерткіштің ашы­лу салтанатында:

– Батырхан Шөкеновтің әр әні – нағыз хит. Бір ғана «Отан-Ана­сын» алайық. Алғашқы нотасы ойналған сәттен-ақ, Алтай мен Атырау арасындағы ұлан-ғайыр даланы еріксіз көз алдыңа әкелетін әннің әсері ерекше емес пе? Елбасының өзі бір кез­десу­де әншіге «Отан-Ана» – елі­міздің екінші Әнұраны» деген екен. Міне, осындай талантты пер­зентіне Сыр елі мәңгілік ес­керт­кіш орнатып, ілтипатын біл­­діріп жатыр. Бұл ескерткіш оның туған қаласының төрінде жар­қырап, көркіне көрік қосары сөзсіз. Оның үстіне осы саябақ Батырханның есімімен аталып, келешекте жас­тардың, әншіні құр­меттейтін тұрғындардың жақ­сы бір демалыс орнына айналар деп сенеміз. Сыр бойының талант­ты ұлы, өнер тарланы Батырхан Шөкеновтің есімі қа­зақ­стандықтардың жүрегінде мәң­гі сақталады, – деді облыс әкі­мінің орынбасары Руслан Рүстемов.

Баспасөз конференциясында біз қазы­лар алқасының төрағасы, облыс әкімінің кеңесшісі Ержан Әбдірахмановтан Батыр­хан­ның Америкадағы ұлы жайлы сұра­ған­быз.

– Келеді, міндетті түрде ке­леді, – деді ол. – Қазір ол оқуда. Әке­­сі­нің ту­ған топырағынан алыс қайда кетсін. Батыр­дың ағайын­­дарымен байланысып­ тұ­рады. Облыс басшысы Қырымбек Елеу­ұлы да бұл жайттан жақсы хабардар. «Елге келгенде туған жерін түгел аралатыңдар. Байқоңыр ғарыш айлағын көрсін. Өзінің қазақ, мықты азаматтың ұлы екендігін жадынан шығармасын» деп тапсырма берді.

Біз де бұл хабарға сүйсіндік. Ән өне­рінде әлемге танылған  Батырдың жалғыз тұя­ғының табаны туған жерінен ажырамауы керек қой.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы