Шағын ғана ауылдық округ орталығы болса да, мұндағы Көктерек тарихи-өлкетану музейінің даңқы талай жерге жеткен. Бұл музейді тұңғыш жәдігерінен бастап құрып, өңірдегі ең танымал мәдени-демалыс, ғылыми-зерттеу орталығы етіп кеткен марқұм Төлеген Сейіткереев еді. Ауылдастары ол кісінің есімін айтпай «мұғалім» деп атайды. Өмір бойы қарапайым ауыл мектебінде ұстаздық қызмет атқарған Төлеген Сейіткереев «мұғалім» деген сөзді қатардағы мамандықтың, нан табар кәсіптің атауы емес, халықтың шынайы жүрегінен шығатын зор мәртебелі атақ-дәрежедей етіп кеткен. Өйткені «мұғалім» деген атақ бұл ауылда кім-көрінгенге айтылмайды.
Расында, Көктерек ауылының тарихы терең. Бір заманда Орал казачествосына қараған өлкеден ойып тұрып жер алып, қазақтарды орналастырған белгілі этнограф, ол кезде Ішкі ордадағы Қамыс-Самар қисымының әкімі Мұхамед-Салық Бабажанов деседі. Ал Құм Нарыннан жаңа қонысқа – Көктерекке бет алған көштің ішінде болашақ әйгілі күйші – бала Құрманғазы Сағырбайұлы болыпты. Бұл тарихты бүгінде Көктерек ауылының еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін жатқа айтады. Ол туралы деректер мен құжат көшірмелері ауыл музейінің де төрінде тұр.
Көктеректіктер мақтаныш ететін тағы бір тұлға – Сақып Ақбаев. Бұл кісінің өмір жолымен таныса келе ауылда «мұғалім» деген кәсіптің соншалық мәртебелі, ерекше құрметті болғанын ұққандаймыз.
Сақып Дәулетұлы 1880 жылы 1 шілдеде Бөкей Ордасы, Қамыс-Самар қисымының Төртпішен ауылында (қазіргі Қазталов ауданы Қарасу округі, Жұлдыз елді мекенінің маңы) дүниеге келген екен. Сақыптың әкесі Дәулеттің өзі де Ордадан орысша білім алған, Қамыс-Самарда геодезист болып қызмет еткен көзі ашық адам болған. 1868 жылы Мұхамед-Салық Бабажанов Торғайдан 7 бөлмелі үй салып мектеп ашқанда, мұғалімдікке осы Дәулет Ақбаевты шақырыпты. Осындай көзі ашық әке ұлын да жастай білімге баулыған. Он жасқа келген Сақыпты Ордадағы Жәңгір хан негізін салған екі кластық орыс-қазақ училищесіне оқуға береді. Сақыппен бірге кімдер оқығанын білесіз бе? Қазақ Орталық атқару комитетінің тұңғыш төрағасы Сейітқали Меңдешев, 1911 жылы шыққан «Қазақстан» газетінің редакторы Елеусін Бұйрин, белгілі мұғалімдер, халық ағарту саласының қайраткерлері Ғұмар және Нұғыман Залиевтер, Ахметфаиз Тажетдинов, қазақ әйелдері арасынан шыққан белсенді Алма Оразбаева мен тұңғыш жоғары білімді инженер Мәдина Бегалиева, Азамат соғысының ерлері Бисен Жәнекешев, Ғұсман Әзірбаев, ғалым Хамит Чурин сынды тұлғалардың әрқайсысы туралы бір-бір кітап жазуға болар еді...
Сақып училищені 1896 жылы бітіріп, елдегі старшындық білім ордасы – Сарыкөл ауылындағы Аяққопа мектебінде алғашқылардың бірі болып бала оқыта бастаған. Темірболат Мақымов пен Өтебай Құспанов жазған «Жәңгір мектебі – білім бастауы» атты кітапта Астрахань губерниясы халық училищелерінің 1896 жылғы қызметкерлері тізімінде «оқытушы Сақып Ақбаев пен молла Батырғали Сарыкөлдегі 4-ші старшындық мектепте қызмет істейді» деп көрсетілген. 1897-1898 жылдары №3 болыстық Жорта мектебінде, 1898-1904 жылдары №2 болыстық Қашқар мектебінде сабақ берген Сақып Ақбаев 1904 жылдың 1 мамырынан бастап №1 болыстық Көктерек мектебіне ауысқан. Осы жерде табан аудармай 16 жыл қызмет етіп, Көктерек мектебінің құрылып, қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты.
Сақып ұстаз Көктерекке ауысарда, 1904 жылы Қазан қаласындағы оқытушылар семинариясында сынақ тапсырып, қазақ балаларына орыс тілінде сабақ беретін «бұратана бастауыш оқытушысы» деген құжат алған екен. Көктеректе 1904 жылы 1 мамырда ашылған мектептің ерекшелігі сонда.
Осы Көктерек ауылында өмір сүрген байырғы әдебиетші-ұстаз, марқұм Темірболат Жүнісов те С.Ақбаев туралы 1987-1990 жылдары Фурманов аудандық газетінде «Ұстаз туралы толғау», «Алғашқы мектеп және оның ұстазы» атты очерктер жазған. «Сақып Ақбаев – ұстаздардың ұстазы, ғасырдың басында өңірімізде тыңнан тартып жол салған, білім, өнер нұрын сепкен мектеп ашқан талай ұрпақтың өкілдерін баулып ұшырған, мектептің емес, елдің ұстазы атанған адам», Бұл өзі де ұстаздық етіп, елдің алғысына бөленген Темірболат ағайдың өз ұстазына берген шынайы бағасы.
Сақып Ақбаевтың ұстаздың еңбек өтілі 58 жыл 7 ай екен! Осының 42 жылы Көктерек ауылының балаларына арналған. 1949 жылы 1 сәуірдегі КСРО Жоғарғы Кеңесі ұстазды сол кездің ең биік наградасы – «Ленин» орденімен марапаттаса, 1955 жылы қыркүйекте «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі» құрметті атағын алыпты. 76 жасына дейін мектепте қызмет етіп, шәкірттеріне білімі мен өнегесін сіңірді.
Ауыл мектебін аяғына нық тұрғызып, абыройға бөлеген ұстазды көктеректіктер де ерекше қадірлейді. Сақып Ақбаев негізін қалаған және 42 жыл еңбек еткен мектепке ұстаздың есімін беру туралы ауыл тұрғындарының өтініші талай жылдан бері айтылып келеді. Аудандық, облыстық мәслихат сессияларында талқыланып, бірауыздан мақұлданған шешімді облыс басшысы қаулымен бекіткен. Көктеректіктер түпкілікті шешімді Үкіметтен күтіп отыр.
– Бұйырса, келер жылы Көктерек мектебінің ашылғанына 115 жыл толады. Біз ауылдағы білім ордасына еңбегі әбден сіңген Сақып Ақбаевтың есімі берілетін күнді асыға күтіп жүрміз. 2017 жылы Батыс Қазақстан облыстық ономастика комиссиясы Сақып Ақбаевтың Көктерек мектебіне сіңірген еңбегі туралы нақты құжат көшірмелерін сұратқан еді. Алматы архивтерінен барлық құжат алынды. Енді ел тілегіне іркіліс бола қоймас, – дейді көктеректік ардагер ұстаз Теміржан Қажығалиев.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы