Аралға қастандық қолмен жасалғаны рас. Кеңес империясының көбесі сөгілгеннен кейін бас-басына би болған кешегі бауырлас мемлекеттер бір-бірін тыңдаудан қалып еді. Жыл сайын Қиыр Шығысын топан су басып жататын Ресей ғалымдарының Сібір өзендеріне арна салып Аралға жіберейік деген бастамасын көршіге суыртпақ жіп қимайтын өзімшіл топ іске асырмай тастаған. Басқа да іргелес елдермен осы бағытта болған келіссөздер де нәтижесін бере қоймады.
Ен су үстін басып өтетін Өзбекстан өз жыртығын диқаншылықпен жамауға тырысты. Әмудария мен Сырдарияның табаны тартылды. Байтақ елді асырап келген, қысылғанда қасықтай су беруге өзімшіл ниеті жібермеген Ресейді төңкеріс жылдары аштықтан аман алып қалған Арал су келмеген соң күн көзінде қалып тартылған көндей етек-жеңін жиып, жағалаудан алыс кетіп қалды. Тек, Қазақстанға ғана емес көршілес мемлекеттерге де экологиялық жағдай туды. Аралдан ұшқан тұз-тозаң мәңгі мұз басқан Арктикаға дейін барып жатыр деп ғалымдар дабыл қақты.
Егемендік алған жылдары Қазақстанның жағдайы да мәз емес еді. Сонда да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Аралды сақтап қалу үшін үлкен тәуекелдерге барды. Тоқсаныншы жылдары Елбасы Аралдың әлемдік апат екендігіне дүниежүзілік қауымдастық назарын алғаш рет аударды. Президент бастамасы бойынша «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы жүзеге асты. Бастама аясында жасалған жұмыстардың нәтижесінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жанданды. Әсіресе, балық шаруашылығы серпін алып, аквамәдениет аяғынан тұрды. Бүгінгі таңда облыста жылына 11 мың тоннадан аса өнім шығаратын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның төртеуі соңғы 5 жылда салынған. Сондай-ақ «еурокод» белгісі бар 4 зауыт өнімі экспортталып, шекара асады. Өткен жылы 3410 тонна балық өнімі 9 мемлекетке жөнелтілген. Бүгінде Ресей, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Польша, Голландия, Дания, Германия және Қытай елінде Аралдың балығына сұраныс бар.
САРАТС-2 (Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау) жобасының 4 компоненті биыл республикалық бюджет есебінен жүзеге асырыла бастайды. Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың Арал ауданының активімен кездесуінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осы жағдайды айтқан.
Жиында Солтүстік Аралды сақтау және суармалы жерлердің мелиоративті жағдайын жақсарту жөніндегі жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Үкімет басшысы Арал өңірінің жағдайы әрдайым Елбасы назарында екенін жеткізді.
Елбасының бастамасымен өңірге серпін берген САРАТС жобасының екінші кезеңі шеңберінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 4 компонент республикалық бюджет есебінен іске асырылады. Соның ішінде «Қызылорда» су торабын кешенді жөндеу, қорғаныс бөгеттерін нығайту, өзен арнасын түзету, Қазалы ауданындағы Бірлік елді мекенінің тұсында көпір салу қарастырылған. «Қызылорда» су торабын кешенді жөндеу компоненті бойынша инвестициялық ұсыныс әзірленіп, Ұлттық экономика министрлігіне жолданды. Аралды қалпына келтіруге байланысты ұлан-ғайыр жұмыстар жасалып жатқанымен, кейінгіге қалдырмайтын, жақын аралықта шешуге тиісті мәселелер бар.
– Өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған су торабы бүгінгі күні апатты жағдайда және оның үстімен автокөліктердің жүруіне 2014 жылдан бастап тыйым салынған. Ол бұзылған жағдайда шамамен 400 мың адам тұратын Қызылорда қаласы мен үш ауданның аумағында 110 мың гектар суармалы жер, 250 мың гектар шабындық пен жайылымдық сусыз қалады, 38 елді мекенді су басу қаупі туындайды, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Ал Қармақшы, Қазалы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту, Жалағаш ауданының «Тұрымбет» және «Қорғанша» учаскелерінде Сырдария өзенінің арнасын түзету компоненттері бойынша мемлекеттік сараптама нәтижесі күтіледі. Одан кейін аталған компоненттер республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылмақ. Қазалы ауданындағы Бірлік ауылының маңында автомобиль көпірін салу бағытында тиісті құжат әзірленіп, бюджеттік өтінім Инвестициялар және даму министрлігіне ұсынылады.
Аймақ басшысы САРАТС-2 жобасын Дүниежүзілік банктің қатысуымен жүзеге асыру жұмысы 12 жылдан бері кейінге шегеріліп келе жатқанын, оны созудың енді жөні жоқ екенін айта келе, бірқатар шараны қарастыруды ұсынды.
2005 жылы САРАТС-1 жобасы аясында салынған 13 шақырымдық «Көкарал» бөгетінің 135 метрін су шайып, мүжіп тастаған. Сырдария өзенінің Арал теңізіне құяр тұсындағы «Ақшоқат» учаскесінде солға қарай жаңадан екі арна пайда болды. Осыдан да өзен ағысы Кіші Арал теңізінің «Көкарал» бөгетіне әсер ете бастады. Облыс әкімінің айтуынша, ол бұзылған жағдайда Кіші Арал теңізінің 27 млрд текше метр суы Үлкен Аралға құйылып, жаһандық экологиялық апат болуы әбден мүмкін.
Бұрынғы Қазақ КСР балық шаруашылығының министрі Құдайберген Саржанов Аралға байланысты жақсылықтарға өз пікірін білдірді.
– Өткен жылы Орталық Азия елдері өкілдерінің қатысуымен Қызылордада Аралды халықаралық тұрақты дамыту форумы ұйымдастырылды. Сонда Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылған күні 26 наурыз «Арал теңізінің күні» болып белгіленді. Күні кеше біз қордың 25 жылдығын және «Арал теңізінің күнін» атап өттік. Оның сыртында бұрын дүркіреп өтетін Балықшылар күні басқаша форматта, ауқымды көлемде қайта тойлана бастады. Бұл балықшылардың үміті мен сенімін оятты, – деді ол.
Жиын қорытындысында Премьер-Министр айтылған ұсыныстар мен ой-пікірлерді Мемлекет басшысына жеткізетінін, теңізді түлетудегі қадамдар қарқынды түрде жалғасатынын айтқан. Содан бері Арал пайдасына Үкімет тарапынан бірталай маңызды шешімдер қабылданды.
Аталған жобалар республикалық бюджеттен және Дүниежүзілік банк заемы есебінен екі кезеңде жүзеге асырылатындығы жөнінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Дүниежүзілік банктен қаржыландыру рәсімдерінің созылуына байланысты Қызылорда облысы әкімдігінің ұсынысы бойынша Үкімет САРАТС-2 жобасының алғашқы кезеңін жүзеге асыруды республикалық бюджет есебінен Дүниежүзілік банк қаражатынсыз бастау жөнінде шешім қабылдады.
Қызылорда су торабын кешенді жөндеу компоненті бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі инвестициялық ұсыныс әзірлеп, Ұлттық экономика министрлігінің экономикалық қорытындысы алынды. Қаржы министрлігіне жобалау-сметалық құжаттар әзірлеу үшін 198 млн теңге бөлу жөнінде бюджеттік өтінім тапсырылды.
– Биыл республикалық бюджетті нақтылау барысында қаражат бөлу жоспарланып отыр, Су торабы 2019 жылдан бастап жөнделеді. Жалағаш ауданындағы «Тұрымбет» және «Қорғанша» учаскелерінде Сырдария өзенінің арнасын түзету және Қармақшы, Қазалы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту компонентері бойынша облыстық бюджет есебінен ЖСҚ әзірленді. Ол жөнінде 2018 жылғы 28 наурыздағы мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар. Жобалар «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» жол картасы шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Қазалы ауданының Бірлік ауылы маңында автомобиль көпірін салуға облыстық бюджеттен жобаның ТЭН-ін әзірлеуге 20,9 млн теңге бөлінді. ТЭН және ЖСҚ әзірленгеннен кейін республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін аталған компонент Инвестициялар және даму министрлігіне ұсынылады. Шара өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде 2019 жылдан бастап жүзеге асырылады.
Қамыстыбас пен Ақшатау көлдер жүйелерін қалпына келтіру компоненті бойынша іс-шаралар жасалып жатыр. Облыс әкімдігі осы жылы көлдер жүйесін құжаттандырып, Су ресурстары комитеті бөлімшесінің теңгеріміне береді. Компонент Су ресурстары комитетінің ағымдағы бюджеттік бағдарламалары шеңберінде іске асырылады.
– Балық шаруашылығы комитетінің ұсынысы бойынша аталған компонентке өзгерістер енгізіледі. Балық өсіру питомнигінің тозғанын ескерсек, бірінші кезекте Қамыстыбас балық өсіру питомнигі қайта жаңғыртылады. Содан кейін «Тастақ» учаскесіндегі балық өсіру тоғандары қайта жаңғыртылады. Жұмыстар балық шаруашылығы комитетінің ағымдағы бюджеттік бағдарламалары шеңберінде іске асырылады. Осылайша Дүниежүзілік банктің заемынсыз САРАТС-2 жобасының екінші фазасының бірінші кезеңін жүзеге асыру бойынша жұмыстар басталды деп айтуға болады, – деді облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов.
Арал проблемасы тек қазақстандықтарды ғана алаңдатып отырған жоқ. Қызылорда облысында биылғы жылдың басында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында симпозиум өткізілгенде де Аралдың өткір мәселелері сөз болған.
Сонау толқыны жағаны ұрып мейманасы тасып тұрған шағынан Арал 2007 жылы он есеге дейін тартылыпты. Тартылған аймақ тұзды шаңы қолқа қапқан шөлге айналған. Апатты жер халықтың денсаулығына әсер ете бастаған соң жүздеген мың адам атақонысынан басқа жаққа ауа көшкен. Арал зардабы миллиондаған адамдарға тиген.
«Арал теңізінің тартылуы салдарынан экологиялық апатпен қоса әлеуметтік-экономикалық проблема да белең алды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елдегі экономикалық қиын жағдайға қарамастан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан Арал проблемасына өлшеусіз қолдау көрсетілді. Құрғап бара жатқан теңіздің қоршаған ортаға кері әсерін азайту үшін және Арал теңізінің Қазақстандағы аумағының мәселелерін шешу мақсатында тиісті шаралар қабылданды. Аралды құтқаруға бағытталған шаралардың ең үздігі, халық арасында «Ғасыр жобасы» аталып кеткен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал бөлігін сақтау» жобасы болатын. Бұл Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен және Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асты», деді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.
«Қазақстан Арал теңізінің құрғауы салдарынан болатын проблемалармен күресте айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді». Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы тұрақты үйлестірушісі және БҰҰ ДБ-ның тұрақты өкілі Норимаса Шимомура осылай деді.
– Біздің қызмет аясына Арал теңізін бұрынғы қалпына келтіру және экологиялық мәселелерін толық жою кірмейтіні құпия емес. Дегенмен біз осы проблеманың қоршаған ортаға және осы аймақта әрі оның сыртында тұратын миллиондаған адамдарға жойқын әсерін жергілікті халық үшін әлеуметтік және экономикалық көмекті барынша арттыру арқылы азайта аламыз. Ендігі жұмысымыз аймақ тұрғындары үшін лайықты жұмысқа орналасып, үздік сапалы әлеуметтік қызметтерді алуға, өмірлерін жақсартуға көмектесу, – деді ол.
Бүгінде мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесінде Арал теңізіне байланысты ауқымды іс-шаралар атқарылды. Мәселен, 2003 жылы теңіз бен қаланың аралығы 70 шақырым болса, қазір бұл қашықтық 17 шақырымға дейін қысқарды. Он бес жылда ауданда балық аулау көлемі 83 есе артты. Бұрын балықтың тек 7 түрі қалса, былтыр олардың саны 22-ге көбейді. Қазіргі кезде облыста 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Оның 4-еуі соңғы 5 жылда салынған.
Аралдың жандануы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізді. Өнеркәсіп орындарының саны 3-тен 7-ге көбейді. 2003 жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 874 болса, 2017 жылы олардың қатары 3266-ға артты. Пайдалануға берілген тұрғын үйлер саны 2 есе өсті. Соңғы 15 жылда 29 медициналық мекеме мен 31 мектеп салынды. 2003 жылы 7 балабақша болса, бүгінде бұл көрсеткіш 52-ге өсті.
Уақытында әлемдегі теңіздердің бірегейі болған Аралға осылайша жан бітіп келеді. Еламан мен Қалендер ашық теңізге шыққан айдынның өгіздей өкірген долы толқындары жағалауды ұратын кезде алыс емес сияқты.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы