Мамандар алдында театр ашу үшін алдымен актерлер табу мәселесі тұрды. Осы ой жетегінде театрды құрылған күннен бүгінге дейін жемісті басқарып келе жатқан басшы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Одақ мәдениетінің үздік қызметкері», «Құрмет» орденінің иегері Нұрнияз Мұқанов Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына арнайы барып, жас түлектерді жаңа театрға жұмысқа шақырды. Оқу орнын бітірген бойда Маңғыстауды бетке алған өндірдей жас 50 актер келе іске кірісті. Тәжірибелі басшыға талапты жастар – актерлер мен жас режиссер жолықты. Режиссерлік тізгінді қолына алған Гүлсина Мерғалиева актерлермен бірге тынбай жұмыстанып, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» және Т.Әліпбаевтың «Томирис» шығармаларымен сахна шымылдығын ашты. Қазір театрға жас мамандардың қызметке келуі тұрақты сипат алды. Жас, жаңашыл, жетістіктері мол, жоспар-жобалары күрделі театрға жастардың қызығушылығы басым.
Он бес жыл театр ұжымы үшін шынайы ізденістің, қалыптасудың кезеңі болды, олар көрермен көңілінен шығуды басты орынға қойды. Көрермен жүрегіне жол табу қажеттігі театр басшылығы мен актерлерінің әрбір қойылымға, әрбір сөз бен әрекетке, тіпті сахнаның тақырыпқа сай безендірілуі мен кейіпкерлердің тартымды костюмдеріне деген талапты, өзіндік сынды күшейтті. Бүгінде әлем және қазақ классиктерінің 72 шығармасын сахналап, республикалық, халықаралық театр байқауларында бірнеше мәрте топ жарып, жүлде еншілеген, республикадағы үздік үш театрдың бірі саналған театр жетістігінде осы шымыр сын, тегеурінді талап және жұрт алдындағы жауапкершілік пен сахнаға деген құрмет жатыр.
Жастар ойы мен ойнауының жемісі – 2004 жылы эклектика жанрында Абайдың 38-ші қара сөзі желісінде сахналанған «38 немесе Қарақұрт» қойылымы VII «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінде, 2009 жылы Қазан қаласында Түркі халықтарының ІХ халықаралық «Наурыз» фестивалінде, 2007 жылы А.С.Пушкиннің «Моцарт и Сальери» пьесасы негізінде дайындалған «Или Моцарт? Или Сальери?» спектаклі Каир қаласында өткен халықаралық экспериментальды театрлар фестивалінде, Ә.Кекілбаев «Шыңырау» повесі бойынша жазылған драмалық қойылымның 2016 жылы Ақтау қаласында өткен «Әбіш әлемі» Бірінші республикалық театр фестивалінде Бас жүлдені иеленуі – театрдың шығармашылық тегеурінінің қаншалықты көтерілгендігін айғақтайтын дәлел. Ал театр ұжымы еншілеген алдыңғы орындар мен арнаулы жүлделерді санамалап жатудың өзі артық. 2006 жылы аталмыш өнер ордасына белгілі актер Нұрмұхан Жантөриннің есімі берілуі – маңғыстаулықтарды бір мерейлендірсе, актерлерді қанаттандыра түсті. Театрлықтар жұртшылыққа тек сахнада қойылым ұсынумен ғана шектелмей, өңірдің, еліміздің мәдени-қоғамдық өміріне белсене араласып, түрлі деңгейдегі алуан шаралардың бел ортасынан табылатындығымен де қуантады.
Театр жұмысы тек сахнадағы актерлердің қызметімен ғана шектелмейді, ұжым аясында киім, аяқ киім және ағаш цехтары, гримдеу, реквизит, костюмдер бөлімдері, қойылым және көркемдеу бутафор цехы, жарық беру және дыбыс цехы деген сан-сапат бөлімдер еңбек етіп, қойылым мазмұнының өз деңгейінде ашылуына сандаған адамдар мігірсіз жұмылуда. Маңғыстау театры ғимаратының кең қанатты жұмысқа тарлық етіп, кей жағдайларда мүмкіндікті шектеп қоятынына қарамастан, ұжым өзара ұйымшыл, алдына қойған мақсатқа жету жолында жұдырықтай жұмыла түседі.
Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры 15 жылдық мерейтойын салтанатты жағдайда атап өтті. «Театр әлемі» шарасында театр ұжымы қызыл кілеммен жүріп өтсе, белгілі актерлерге арнайы марапаттар табысталды. Он бес жылдық тарихтан сыр шертер көрме жасақталып, белсенді, шебер актерлердің кітабы жарық көрді.
Салтанатты шарада театр жұмысын жоғары бағалаған Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов ұжымға су жаңа автобусты сыйға тартып, мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл қыркүйек айында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Н.Жантөриннің 90 жылдық мерейтойы аясында Каспий жағалауы елдерінің II халықаралық театр фестивалін өткізу жоспарланғанын жеткізді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы