Фото: Асылан ҚАЖЫКЕ
Қазақ тіл ғылымында Мұхтар Арынның алатын орны ерекше болса керек. Әуелгіде кілең қазақ тұратын ауылдағы орта мектепті үздік бітіріп, Алматыдағы Шет тілдері институтына неміс тілінің маманы болу үшін оқуға түсті. Студенттік жылдарынан бастап мектеп оқушыларына арнап неміс тілінің оқыту бағдарламасын жасауға кіріскен. Ғалымның «Неміс тілінің қысқаша грамматикасы» атты еңбегі 1971 жылы жарық көрген екен. Кейін бұл кітап байытылып, «Неміс тілінің морфологиясы» деген атпен оқулыққа айналды. Арынның ұлтжандылығы туабітті қасиет болса керек. Ол неміс тілін зерттей жүріп, қазақтың ұлттық философиясы туралы ізденеді. Этнография, этнолингвистика бағытындағы ізденістері жемісті болып, «Бес анық» атты үлкен еңбек жазып шыққан. Мұхтар Арынның қазақ руханиятын жаңғыртудағы ізі ұлы Абай мен Шәкәрім бастаған ағартушылардың жолына қосылған дара соқпақ екені аян. Тірлігінде білім саласындағы жауапты қызметтерді абыроймен атқарған ғалым өмірінің соңына дейін еңбек еткен Ақтөбе облысының Қарғалы қаласында қазақ мектебін ашуға мұрындық болған. Қазір сол мектеп ғалымның атында. Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған лицей де Мұхтар Арын есімін иеленген.
Жақында ғалымның туған ауылы даңқты перзенттерін еске алды. Ауылдық Мәдениет үйінің алдына Мұхтар Арынның ескерткіші қойылды. Ас берілді. «Мұхтар Арын: ұстаз, ағартушы, қайраткер» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ғалымның ғылымға сіңірген еңбегі екшелді. Белгілі ғалымдар мен мемлекет қайраткерлерінің құттықтау хаттары оқылды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбектің, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтау хаттары мен тілтанушы ғалымдар Әбдуәли Қайдардың, Рабиға Сыздықтың және Өмірзақ Айтбаевтың ыстық сәлемі бар. Еске алу шарасына ғалымның жары Райхан апа, ұлдары, елімізге белгілі дәрігер Нұрлан Арын мен қоғам қайраткері Ерлан Арын қатысты. Ал Бақалыдағы Мұхтар Арын ескерткіші рухани жаңғыру жолында елеулі еңбек еткен ұстазға қойылған лайықты құрмет белгісі ретінде қабылданды. Өйткені ұстазға құрмет – ұрпаққа міндет. Ғалымның өзі «Бес анық» атты еңбегінде «Ұлт ұстазы кім?» деген сауалға жауап іздей келе, «Ұстаз бен мұғалімнің айырмашылығы неден көрінеді дегенде, біріншіден, ұстаздың соңынан ерген шәкірттері болу керек. Екіншіден, қандай заман болса да, ұстаз ең білімді адам болуы тиіс. Үшіншіден, сыныпта сабақ беріп тұрған адамды мұғалім дейміз. Ал ұстаз үйде болсын, түзде болсын, далада болсын, қонақта болсын, қай жерде болса да ұстаздық міндетін адал орындап, өз ісімен басқаларға үлгі болуы керек. Осындай адамдарды «Ұлт ұстазы» деп атайды» деп ой түйген екен.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы