![дүбір](http://old.egemen.kz/2011img/%D0%B4%D2%AF%D0%B1%D1%96%D1%8015.jpg)
ЕЛ ҚИНАЛҒАНДА ҮКІМЕТ КЕРЕК ЕКЕН
Еуропаны біріктіретін, оның орталығы саналатын Бельгия мен оның астанасы Брюссельдің өзінде бірлік жоқтығы расында да жұртты таңдандырады. Елде бір жарым жыл бойы, нақтырақ айтқанда, былтырғы маусымнан бері елдің орталық үкіметі болмай келді. Енді, міне, сол үкімет құрылып отыр. Оның құрылуына да Еуропадағы қаржы дағдарысы қаупі себеп болды. Дәл осындай қиын кезеңде ұлттық ауқымдағы үйлестіруші орган, яғни үкімет керек екен. Әйтпесе, елдің әр аймағы өз тіршілігін жасасын десе, сол қиындыққа олар жеке-жеке төтеп бере алмайды. Елдегі саяси күштер сондай қорытындыға келді. Бельгия – корольдік, конституциялық монархия. Қос палаталы парламенті бар. Мемлекет басшысы – король. Бірақ билік үкімет басшысының қолында. Әкімшілік жағынан – федерация. Бірақ сол әкімшілік жағынан да екі жүйесі бар. Елде үш округ бар, оның екеуі провинцияларға бөлінген. Сондай-ақ, ел тілге байланысты да үшке бөлінеді: нидерландтілді, франкотілді және немістілді болып. Елдің солтүстігіндегі нидерландтілді фламандтардың тұрмысы жоғары, солар үнемі бөлініп кетеміз, оңтүстіктегі кедейлеу франкотілді валлондарды асырамаймыз деп, қыр көрсетеді. Сол даудың салдарынан 2010 жылғы парламент сайлауынан кейін үкімет құрылмай келді. Бұл өзі елдің орталық үкіметсіз өмір сүруінің дүниежүзілік рекорды екен, солай Гиннестің кітабына да кіріпті. Сайлауға қатысып, мандат алған жеті партия тіл табыса алмады. Әсіресе, солтүстіктегі бай өлкенің мүддесін қорғайтын Жаңа фламанд одағы (ЖФО) партиясы өздеріне саяси артықшылық берілуін талап етеді. Бұл партия да, сондай-ақ екінші орындағы франкотілді Валлония мүддесін қорғайтын Социалистік партия да парламентте көпшілік дауыстары болмағандықтан, өздіктерінен үкімет құра алмайды. Сөйтіп, үкіметтік дағдарыс тым ұзаққа созылды. Бұл кезде уақытша үкімет жұмыс істеді. Елде экономикалық жағдайға байланысты мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселелер пайда болды. Сонда социалистер бас болып, алты партия коалициялық үкімет құруға келісті. Барт де Веймер басқаратын ЖФО партиясы оған кірмеді. Сөйтіп, франкотілді социалист Элио ди Рупо басқаратын коалициялық үкімет осы аптаның басында ресми түрде жұмысына кірісті. Бұл жерде социалистік, христиандық және либералдық партиялардың бір қанаттары бюджеттік қаржыны үнемдеудің жолдарын ұсынып, ол көпшіліктің қолдауына жеткенін атап өткен жөн болар. Мұны парасаттылық жеңді деп тұжырымдаған ләзім. Әдетте бұған дейін көпшілік мандаты бар нидерландтілділер үкімет басында болса, міне, енді 30 жылдан кейін франкотілді қайраткер үкіметті басқармақ. Сондай-ақ, 40 жылдан аса уақыттан кейін социалистің үкімет басына келгені тіркеліп отыр. Үкімет дағдарысы кезінде жұмыс істеген уақытша үкіметтің қызметін де лайықты бағалаған жөн. Осы кезде олар ел атынан Еуроодаққа төрағалық та етті, жалпы елдегі ахуалды бақылауында ұстады. Қазақта бөлінгенді бөрі жейді деген мақал бар. Дағдарысқа жем болмас үшін, бельгиялықтар да бірігуді жөн санап отыр.САЯСАТҚА БҰЗАҚЫЛЫҚ ЖОЛ ЖАРАСПАЙДЫ
Біраз күн әлемдік телеарналар Иран астанасындағы Ұлыбритания елшілігіндегі бұзақылық әрекеттерді жалықпай-ақ көрсетті. Сонда жиналған тобыр айқай-шу, даңғазамен қатар, сол елдің туын таптап, оны отқа жағып, өздерінше қорлаған болды. Бәлкім, бұдан біреулер шын мәнінде ағылшындардың рәмізін қорлауды, олардың абыройына нұқсан келтіруді көретін болар. Ал оқиғаға байыппен қарап, парасатты пайым жасайтын адамдар бұл әрекеттің дөрекі бұзақылықтың бір көрінісі ғана екенін аңғарар еді. Ал сол бұзақыларды ел басшылығының қолдайтынын ойлағанда, еріксіз өкінесің. Өркениетті елдер саясатты былай жүргізбесе керек. Елшілікті ойрандағандар неге ызалы? Ұлыбритания Иран банктерімен, оның ішінде орталық банкімен байланысын үзетіндігі жөнінде шешім қабылдапты. Ондай шешім қабылдауға, ағылшын қаржы министрі Джордж Осборнның айтуынша, «халықаралық куәлік етуге қарағанда, Иран банктерінің әскери ядролық бағдарламаларға қатысы барлығы» себеп болған. Халықаралық куәлік дегенде, жақында Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) баяндамасын жариялап, онда Иранның ядролық қару жасаумен айналысып жатқаны айтылған. Соған байланысты АҚШ, Батыс елдері Иранға қарсы жаңа санкциялар белгіледі. Батыс банктерінің Иран банктерімен байланысын үзуі – соның бір көрінісі. Кіммен қандай қарым-қатынас жасау әр елдің өз еркі. Иран басқаша түсінеді. Неге ондай шешім қабылдайсың деп, басқа бір елді жазғырады. Жазғырып қана қоймай, бұзақы жастарды айдап салады. Ел парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитетінің төрағасы Алаэддин Боруджерди сыртқы істер министрлігінен ағылшын елшісін қуып жіберуді талап еткен. Сол талаптың ықпалымен парламент Ұлыбританиямен дипломатиялық байланысын уақытша өкілеттік дәрежесіне дейін төмендетті. Бұл, әрине, бұзақы студент жастардың елшілікке шабуыл жасап, онда ойрандау жүргізуіне жол ашты. Ақпарат құралдары студенттердің елшіліктен құпия және шпиондық заттарды алғандарын, ағылшын туы орнына иран туын қадағанын айтады. Оу, студенттер қандай құжаттардың құпия, шпиондық екенін қайдан біледі? Әйтеуір ақылға сыймайтын, көңілге қонбайтын нәрсе. Бір Ұлыбритания ғана емес, біраз ел Иранға қарсы санкцияны қолдайтыны анық. Сонда Иран сол елдердің елшіліктерінің бәрінде осындай ойран салмақ па? Егер солай етсе, бұл ел дипломатиялық дүниеде оқшау қалмай ма? Тіпті ағылшын елшілігін ойрандаудың өзі талай елді тіксіндіріп отыр. Бұл елдің беделіне үлкен нұқсан, әлем алдында өзін өзі әшкерелеу. Иранға жасалған экономикалық санкция аясында АҚШ, сондай-ақ Батыстың біраз елі Иран мұнайы мен газын сатып алудан бас тартып отыр. Оны басқалардың да қолдауы әбден мүмкін. Ондай жағдайда әлемдік экономика апатқа ұшырайды деп қорқытады Иранның сыртқы істер министрлігінің өкілі Рамин Мехманпараст. Оның пікірінше, онда әлемде мұнай баррелінің бағасы 250 долларға жетеді, оған көп елдің шамасы келмей, экономикасы тұралайды. Тіпті солай болғанда да, мұнайын өткізе алмайтын Иранның жағдайы одан да мүшкіл болары және анық. Бұл шиеленіс, тайталас, сірә, ең алдымен Иранға қолайсыз. Әрине, әр ел өз жолын өзі белгілейді ғой. Сөйтсе де, Иранның мұндай қадамдарға баруын түсіну қиын. Бұдан бедел де артпайды, экономикалық тиімділік те жоқ. Мамадияр ЖАҚЫП.