Кеше «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі мен «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы бірлесіп, электоралды кезеңде біріге қимылдайтын жобаларын журналистерге таныстырды.
Баспасөз мәслихатында «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі атынан сөз алған оның атқарушы директоры Алина Хаматдинова: «Сайлау – еліміздің азаматтарының еркін таңдау жасауына берілген ең басты мүмкіндік. Сондай-ақ, бұл қоғам өкілдерінің көңіл-күйінің индикаторы іспетті. Біздіңше, азаматтық қоғам елдегі әрбір маңызды істен, сайлаулардан тыс қалмаулары керек. Осыған байланысты соңғы уақытта азаматтық институттар мемлекет атқарып жатқан жұмыстарға бағалау жұмыстары мен әлеуметтік зерттеулерге көптеп атсалысуда», дей келіп, өздерінің осы іске ғылыми-зерттеу қауымдастығымен бірлесе қимылдау мақсатында жоба әзірлегендіктерін алға тартты. Оның айтуынша, «Қазақстанның Азаматтық альянсы» 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктірген іргелі ұжым болып табылады.
«Осыған қарай біз алдағы болатын сайлаулар барысындағы зерттеу, бағалау жұмыстарына да қатысамыз деген ойдамыз. Яғни, біз дауыс беру күні «Экзит пул» шарасын ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, осы сайлауда қалың көпшіліктің электоралды кезеңге және олардың осы сайлаумен байланысты өзге де бірқатар мәселелер бойынша көңіл-күйінің де жағдайын біліп отырсақ деген ойдамыз. Қазақстанда соңғы жылдары сайлау науқанының барысы мен нәтижелеріне қоғамдық бақылау институттары кеңінен қатысып келе жатқанын білесіздер. Әлеуметтік мониторинг, тікелей сайлау өтіп жатқан мезілде экзит-пул өткізу осындай нысандардың бірі болып табылады», деді Альянс өкілі.
Жалпы, «Демократия институты» ҒЗА «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ тапсырысы бойынша осы сайлау кезеңі шеңберінде электораттың сайлауалды көңіл-күйін зерттеу бойынша екі әлеуметтік өлшем жүргізетін көрінеді. Бірінші зерттеу кандидаттардың үгіттеу науқанының бірінші кезеңінде өткізілсе, екінші зерттеу үгіттеу циклының ортасында ұйымдастырылады.
Зерттеулер қала және ауыл халқын қамтиды, Қазақстанның барлық аймағы бойынша өткізіліп, оған іріктелген 1500 респондент қатысады. Нәтижесінде, ауытқушылығы ±2,8% шегіндегі деректер алынатын болады.
Сайлау күні, яғни 2012 жылғы 15 қаңтарда сайлау учаскелерінен шығу кезінде сайлаушыларға «Еxit poll» технологиясы бойынша сауалдама жүргізіліп, осы күні барлығы 50 000 сайлаушыға сауал қойылады. Оған Қазақстанның барлық өңірлері және қала мен ауыл халқы теңбе-тең қамтылатын болады.
«Зерттеулер жүргізудің әдістемесі мен техникасы қазақстандықтардың электоралдық көңіл-күйі бойынша маңызды, сенімді деректер алуға мүмкіндік береді. 16 жыл ішінде бізде әлеуметтік-саяси, әлеуметтік-экономикалық зерттеулер жүргізетін тәжірибелі де білікті мамандар жинақталды. Сонымен бірге, ұйым осы жылдар ішінде біздің орталықтарымызда оқып, жұмысты қалай жүргізу әдістерін үйренген интервьюрер желісін дамытты. Енді соның арқасында біз бұл жұмыстарды еліміздің барлық аймақтарында жүргізе аламыз.
«Демократия институты» сондай-ақ, еліміздегі іргелі академиялық және ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Әрине, электоралды кезеңде әлеуметтік зерттеумен айналысатын ұйымдарға деген сұраныс арта түсетіні аян. Алайда, біз өзіміз жинақтаған бай тәжірибемізге сүйеніп, маңызды науқанда біліктілігімізді дәлелдейміз деген сенімдемін», – деді «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығының директоры Юлия Кучинская.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.
--------------------------------------------
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.