Техника жеткіліксіз
Облыстағы орман алқаптары негізінен Марқакөл, Батыс Алтай, Катонқарағай мемлекеттік қорықтары, «Семей орманы» резерваты мен «Қазақстан темір жолы», «ҚазАвтоЖол» секілді мекемелердің аумағында орналасқаны белгілі. Бұдан бөлек аумағы 2 миллион гектардан асатын облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты 13 орман шаруашылығы бар. Бір қызығы, қорықтар мен орман шаруашылықтарының техникамен жабдықталуы, қызметкерлерінің жалақылары әртүрлі. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бас маманы Сая Қабдрахманованың айтуынша, Марқакөл, Батыс Алтай, Катонқарағай мемлекеттік қорықтары мен «Семей орманы» резерватының техникамен қамтылуы 80-90 пайызды құраса, басқармаға қарасты орман шаруашылықтары қазіргі таңда өрт сөндіру техникаларымен 61 пайызға қамтылған. 2017 жылы облыстық бюджеттен 701 миллион теңге бөлініп, 13 орман шаруашылығына 33 (13 өрт сөндіргіш автомашина, 13 шынжыр табанды трактор, 7 дөңгелекті трактор) техника, басқа да өртке қарсы құрал-жабдықтар сатып алыныпты. «Бұл – соңғы 15 жыл көлемінде бөлінген қомақты қаражат. Дегенмен мұнымен мәселе толық шешілді деуге болмас. 13 орман шаруашылығына қарасты тәлімбақтарға – 24, орманды өрттен қорғау бригадасына 8 жұмысшы, 13 көлік жүргізушісі, 50 тракторшы, 190 орман қорықшысы, 57 өрт сөндіруші, 45 өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі, 983 мотоцикл (немесе жылқы) керек. Жалпы алғанда бізге 735 маман жетіспейді», дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Дәурен Асылханов.
13 орман шаруашылығының техникамен толық қамтылмай отырғандығын облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы да жоққа шығармайды. Инспекцияның ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, басқармаға қарасты орман шаруашылықтарына 11 өрт сөндіру машинасы (автоцистерна), 52 үш тонналық трактор, 6 орман өртін сөндіру тракторы, 20 тұтандыру құрылғысы, 5 мотопомпа, 21 екі дискілі өртке қарсы қолданатын соқа, 18 орман өртін сөндіру агрегаты, 230 өрт сөндіру құрылғысы керек.
Жас орманшылар қажет
Орман шаруашылықтарындағы түйткілді мәселенің бірі – жас мамандардың жоқтығы. Дәурен Асылханов орманшылардың көбі зейнеткерлікке шығып, орнына келетін жастар табылмай отырғандығын айтады. «Жалақының аздығы өз алдына, жергілікті жерде мамандарды баспанамен қамту да басты мәселе болып тұр. «Дипломмен – ауылға!» секілді бағдарламаға орманшыларды да енгізсе жақсы болар еді. Әсіресе Марқакөл, Зайсан секілді облыс орталығынан шалғайда орналасқан орман шаруашылықтарында маман жетіспейді. 30-40 мың теңге айлыққа кім барады? Ешкім де бармайды. Университетті бітірген жас мамандармен сөйлескенімізде «алатынымыз – 30 мың, оның үстіне жердің түбіне барып, пәтер жалдасақ, қайтіп өмір сүреміз» дейді. Талай жас маманмен сөйлестік. Ешқайсысы барғысы келмейді», дейді бөлім басшысы.
Отынға жарымай отыр
Орманға, оның ішінде отынға қатысты тағы бір түйкілді айтпасқа болмас. «Етікші бізге жарымайды» дегендей, облыс орталығынан шалғайда, шекарада орын тепкен, жолдың, байланыстың нашарлығынан халық саны жылдан жылға азайып бара жатқан Күршім ауданына қарасты Марқакөл өңірінің халқы қалың орманның ортасында отырса да отынға жарымай жүргендеріне қынжылады. Жазы келте, оның өзі отын, шөп дайындаумен, одан қалса қонақ күтумен өтетін, алты ай қытымыр қысы бар бұл жақтың тұрғындары отынға қызуы мол қарағайды жағатыны белгілі. Өскемен, Семей секілді қалалардан 400-500 шақырым қашықтықта жатқан Марқакөлге көмір келмейді. Келмейтіні, бағасы удай. 20-30 мыңға шығуы мүмкін. Сондықтан Қытаймен шекарадағы аймақ тұрғындары жергілікті орман шаруашылықтарынан билет арқылы отындық ағашты сатып алады. Тегін берілетіні – ағаш бұтақтары ғана. Алайда Төсқайың, Шанағаты, Ұранқай, Бұғымүйіз ауылдарының тұрғындары орман шаруашылықтары әртүрлі сылтауды алға тартып, отындық ағаштарды тек шынжыр табанды трактор ғана бара алатын алыс, қиын жерлерден, оның үстіне жазда емес, күзге таяу, жаңбырлы, батпақты уақытта беретінін, бүтін ағаштардың орнына құлаған, шіріген ағаштарды алып жатқандықтарын айтады.
«Менің жолдасым Сайлаухан Абаев екінші топтағы мүгедек. Бұрын денсаулығы тәуір кезде билет алып, отынды өзіміз дайындап алатынбыз. Былтыр жергілікті орман шаруашылығы ақшасын төлейміз десек те бізге отын беруден бас тартты. Өздері орманшылары бар, ауыл әкімі бар, барлығы екі-үш тіркемеден отындарын түсіріп алды. Мұны қалай түсінуге болады? Бірінші, екінші топтағы адамдарға орман шаруашылығы, әкімдік тарапынан көмек, жеңілдік болмай ма?» дейді Төсқайың ауылының тұрғыны Айгүл Қайырбаева.
Қарама-қайшы заң
Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 90 бабында: «Жергiлiктi халықтың сүрекке қажеттілігін қамтамасыз ету одан өтiнiмдер болған кезде, басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кесу, аралық мақсатта пайдалану үшін ағаш кесу және басқа да мақсаттарда ағаш кесу кезiнде жергiлiктi халықтың қатысуымен дайындалған сүректi мемлекеттiк орман иеленушiнiң өткiзуi есебiнен жүзеге асырылады. Жергiлiктi халықты отындық сүрекпен қамтамасыз ету өтiнiмдер болған кезде өтеусiз негiзде, мемлекеттiк орман иеленушi айқындайтын жерлерде, сексеуіл екпелерін қоспағанда, кеспеағаш аймағынан тыс қоқысты жинау есебiнен де жүзеге асырылуы мүмкiн» деп көрсетілген. Алайда Салық кодексінің 505-бабының 2-тармағында: «ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін алынған ағаш ресурстарының, шайырдың, қосалқы орман ресурстарының көлемін қоспағанда, пайдалануға берiлетiн орман пайдаланудың көлемi және (немесе) мемлекеттік орман қоры учаскелерiнiң, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы алаңы төлемақы салу объектiсi болып табылады» деп жазылған. Яғни бір заң рұқсат етсе, екінші заң оған қарсы. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бас маманы Александр Скуратов еліміздің заңдарындағы осындай қайшылықтар жергілікті халықты отынмен қамтуға кері әсерін тигізіп отыр деп санайды. Ал облыстық орман, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі қауымдастығының президенті Виталий Чернецкийдің сөзінше, Ресейде жақында арнайы заң шығып, тұрғындарға отынды тегін беру жөнінде шешім қабылданыпты.
Түйін
2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен мемлекеттік орман қорындағы қылқан жапырақты ағаштарды санитарлық қырқуға тыйым салынғаны белгілі. Бұл шектеу Катонқарағай мен Марқакөл секілді шалғайдағы тұрғындардың отынмен қамтылуына кері әсерін тигізгендіктен сол өңірдің халқы орман шаруашылықтарына мораторийді алып тастау жөнінде арыз-шағымдарын жеткізді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тұрғындардың өтініш-тілектерін ескере отырып, министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне облыс әкімдігінің атынан Марқакөл, Катонқарағай қорықтары мен «Семей орманы» табиғи резерватының орман қорындағы қылқан жапырақты ағаштарды санитарлық қырқуға салынған тыйымға өзгеріс енгізу жөнінде хат жазды. Бұл мәселенің шешімі қалай болатыны әзірге белгісіз.
Бет қатталып жатқанда:
Семей қаласының іргесіндегі «Семей орманы» табиғи резерватына қарасты Қызылкардон орман шаруашылығында болған орман өрті салдарынан 300 гектарға жуық орман алқабы жанып кетіпті. Қазіргі уақытта қызыл жалын толық сөндірілмесе де, жағдай біршама тұрақталған.
Жалпы, екі күннің ішінде өртті ауыздықтауға орман шаруашылығы мамандары мен Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінен ұзын саны 300-ге жуық адам жұмылдырылыпты. Тілсіз жау бой бермегеннен кейін 21 мамырда Өскеменнен МИ-8 тікұшағы шақырылып, 3,5 тонналық су әуеден 6 мәрте төгілген болатын.
Әзірге өрттің шығу себебі анықталған жоқ. Дегенмен де тұрғындардың отты абайсыз қолдануы қызыл жалынның тұтануына себеп болуы мүмкін деген болжам айтылуда.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы