Орталық сайлау комиссиясының кеше өткен отырысында Комиссия «Ақ жол» демократиялық партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына 63 кандидатты қамтитын партиялық тізімін тіркеді.
«Ақ жол» демократиялық партиясынан тіркелген кандидаттардың арасында төрт ұлттың өкілі бар, олардың 15 пайызға жуығы – әйелдер. Партиялық тізімге енгізілгендердің жартысына жуығы 55 жасқа дейінгі азаматтар. Олардың ең жасы 26 жаста. Барлық кандидаттар жоғары білімді, 35 пайызға жуығының білімі заңгер, не экономист. 25 пайыздан астамы түрлі халық шаруашылығы салаларының мамандары.
«Ақ жол» демократиялық партиясынан ұсынылған үміткерлердің жартысынан көбі коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері болып табылады. Сондай-ақ тізімде ғылым, мәдениет, білім саласының және мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлері де бар.
Соңғы тәулікте мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну айтарлықтай белсенді жүргізілді. Орталық сайлау комиссиясына түсіп жатқан мәліметтерге сәйкес, 2011 жылғы 8 желтоқсандағы жағдай бойынша мәслихаттар депутаттығына 3056 үміткер ұсынылған. Олардың арасында облыстық мәслихаттарға – 300, оның ішінде Астана қаласының мәслихатына – 25 және Алматы қаласының мәслихатына – 37 кандидат, аудандық мәслихаттарға – 2252, қалалық мәслихаттарға – 504 кандидат бар.
Ұсынылған кандидаттардың 830-ы – «Нұр Отан» партиясының, 17-сі – Коммунистік халық партиясының, 12-сі – Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының, 7-уі – Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясының, 3-уі Қазақстан Патриоттары партиясының және 1-уі Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның мүшесі. Ал 812 үміткер өздерінің партияға қатыстылығын көрсетпеген, 1374-і партияда жоқтар.
Қазіргі сәтке дейін мәслихаттар депутаттығына 39 кандидат тіркелген.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.