Қазақстан • 23 Мамыр, 2018

«Ұлттық ақпарат­тық техноло­гия­лар» АҚ жылдық жұмысы қорытындыланды

739 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Ұлттық ақпарат­тық техноло­гия­лар» акционерлік қоғамының 2017 жылғы жұмыстары қорытын­дыланып, биылғы жоспарлары туралы айтылды. 

«Ұлттық ақпарат­тық техноло­гия­лар» АҚ жылдық жұмысы қорытындыланды

Компания басшылары электронды үкіметті дамыту бары­сын, «Цифрлы Қазақ­стан» бағ­дарламасы аясында қолға алынған жобалар жайын сөз етті. Акционерлік қоғам­ның бас­­қарма төрағасы Әсет Тұры­сов­тың айтуынша, а­лдағы уа­қыт­та мекенжай анық­тамасы, жылжымай­тын мүліктің бар немесе жоқ екендігі туралы анық­таманы, заңды тұлғаларға және жеке тұлғаларға қатысты басқа да анықтамаларды SMS-хабарлама арқылы алуға болады. Бұл қызмет түрлерін қол­да­ну үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет. Яғни телефоныңыздың нөмірі egov.kz порталының про­филіне бе­кітілуге тиіс. Алын­ған анық­та­ма­ны телефонға сақтап қоюға немесе e-mail арқылы жолдауға болады. Акционерлік қоғам жуық арада басқа да қызмет түрлерін көбейтуді жоспарлауда. 

Сонымен бірге компания egov.kz порталының редизайнын жасауды қарастырып отыр. Порталдың қазіргі дизайны 2012 жылы жасалған, қазіргі заманауи талаптарға сай емес. Қолданушымен кері байланыс орнату үшін портал­дың beta-нұсқасы әзірленген. Азаматтар онда өздерінің ұсыныс-пікірлерін қалдыра алады, дейді Ә.Тұрысов. Жос­парға сәйкес, Ұлттық куәлан­дырушы орталықтың (pki.gov.kz) да сайты қайта жасалмақ.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ e-gov.kz порталын іске қосқаннан бергі 8 жылда оны пайда­лану­­шы­лар саны 650 есеге көбейіпті. Ал аталған уақыт ара­лығ­ында электронды үкі­меттің қолданыстағы 235 қыз­меті мен сервисі бойынша азаматтарға 200 мил­лионға жуық қызмет көрсетілген. Бұл дегеніміз қағазбас­ты­лықтан арылып, қажетті құжаттар­ды электронды түрде алу­дың қолжетімді бола түскендігін көрсетеді. 

Бұған дейін «100 нақты қа­дам» Ұлт жоспарының 94, 96-қадамдарын іске асыру бойынша «Ашық үкімет» пор­талы іске қосылған бола­тын. Онда 2828 ашық дерек жиынтығы, 25 492 норматив­тік-құқықтық акті, 26 357 бюд­жеттік бағдарлама, 7 408 аудит, қаржылық бақылау, 63 мемлекеттік органдардың бюд­жеттік есептерінің элек­трон­дық нұсқасы қамтылған. Бұған қоса, «Ашық диалог» алаңы құрылып, оған соңғы 5 жылда 221 мың­нан аса өтініш келіп түсіп­ті. Олардың 88 пайызына мемлекеттік органдармен бірлесе отырып нақты жауаптар берілген.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»