Аймақтар • 23 Мамыр, 2018

Қостанай өңірінде ана мен бала өлімі азаяр емес

684 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірдің даму барысы қол жеткізген көрсеткіштерден көрінетіні белгілі. Қостанай облысының 2016-2020 жыл­да­р­ға арналған даму бағ­дар­ламасы 110 көрсеткіш бойын­ша сараланған, оның 82-сі негіз­гі базалық саналады. Осы 82 көрсеткіштің 71-і табысты орын­далса, 11 көрсеткіш өңірдің эко­номикалық және әлеуметтік сала­ларында проблеманың бар екенін көрсетті. Денсаулық сақ­тау саласының өзекті мәсел­е­ле­рі де сол орындалмаған 11 көр­­сет­кіштің қатарында.

Қостанай өңірінде ана мен бала өлімі азаяр емес

Көңіл толмайтын көрсеткіштердің артында толып жатқан проблемалар басын қылтитатыны бар. Денсаулық сақтау саласындағы шешілмеген екі мәселенің бірі – жүкті аналар мен жаңа туған нәрестелер өлімінің азаймай отырғаны. Балалардың шетінеуі 100 000 балаға шаққанда 10,65 болып­ты. Бұл көрсеткіш жаңа дүниеге келген нәрестелердің шетінеуі өткен жыл­ғыдан көп екенін көрсетіп отыр.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының басшысы Еркін Дәуіт­баев бала өлімінің себебін перинатальды мерзім жағдайына байланысты, іштен жетілмей кеміс туудан, ата-ананың нәрестеге дұрыс қарамауынан болатын бақытсыз жағдайлар деп үшке бөледі. Облыста бала көтеретін жастағы әйелдердің 70 пайызының ауыр акушерлік сырқаттары, күрделі гинекологиялық немесе жалпы созылмалы аурулары бар. Сала басшысының айтуынша, нәресте мен ана өмірін сақтап қалу үшін оларды тек қана үшінші деңгейдегі емдеу орнында, яғни облыстық ауруханада босандыру керек. Облыстық перзентханаға аса ауыр халде түскен ананы босандыру кезінде сәбилердің 89,5 пайызы шетінеп кетеді. Бұл әйелдердің қалалық, аудандық, ауылдық емханаларда тиісінше емделмегенін, аурудың алдын алмағанын көрсетеді.

– Бала өлімінің негізгі себебі әйел­дің жүктілікке дейінгі денсау­лы­ғы­ның қалай болғанына, жүктіліктің қа­лай өткеніне, туу жағдайына тіке­лей байланысты. Нәрестелердің ше­ті­неу себептерін саралай келгенде, ана­ларының 87 пайызы құрсақ инфекциясын жұқтырғаны, 80 пайызының гинекологиялық созылмалы ауруы қабынғанын, 74 пайызы бұған дейін жасанды түсік жасатқаны, 48 пайызы анемиямен ауырғаны, 45 пайызы жүктіліктің түрлі сатысында түсік тастағаны, 45 пайызын жедел босандыруға тура келгені, 35 пайызы темекі шегу, араққа салыну немесе есірткі пайдалану секілді зиянды әдеттерге бой алдырғаны, 15 пайызы жыныстық жолмен жұқтырған жұқпалы аурулармен ауыратыны, 15 пайызы әлеуметтік-тұрмыстық ауыр жағдайда өмір сүретіні анықталды. Баласы шетінеген әйелдердің 10 пайызына осы айтылған факторлардың кемінде екеуі тән, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркін Дәуітбаев. Сонымен қатар бала өлімінің 20 пайызын құрайтын туғаннан бір жасқа дейінгі шетінеуі негізінен ата-ананың нәрес­те­ге дұрыс қарай алмауынан, тіпті қарамауынан болады. 

Жүкті әйелдердің денсаулығы бір сәтте нашарламайды. Бұл жүктілікке дейінгі тұрмыстық-әлеуметтік проблемалардың ғана емес, сала­матты өмір салтындағы, қыздар тәр­би­е­сіндегі кеткен кемшіліктер жиын­ты­ғы екені сөзсіз. Жергілікті жерлерде бо­лашақ аналарға меди­циналық-са­ни­­тарлық алғашқы көмек көрсету мен медициналық ағарту жұмыстары да мамандардың жетпеуінен ақсап қала береді. Соңғы жылдары облыста бала туу санының төмендегені де байқалады. 

Ана денсаулығы – бала денсау­лы­ғы десек, айтылған көрсет­кіш­тер көңіл құлазытады. Облыстық ден­­саулық сақтау саласында тығы­рық­тан шығудың жолдары да қарас­ты­ры­лып жатыр, әрине. Өткен жылы 98 педиатр мен акушер-гинеколог рес­публикалық және шетелдік кли­ни­калық орталықтарда біліктілігін кө­терді. Облыстық балалар ауруханасы базасында бала ауруларын ин­тег­ралды жүргізу орталығы қайта қал­­пына келтіріліп, онда жүзден аса ме­дицина қызметкері оқып шықты. Қостанай перинатальды орталығында 400-ден аса маман оқыды. Облыстық балалар ауруханасындағы жансақтау бөлімі екі есе дерлік кеңейтілді. 

Облыста медициналық жабдықтар алу үшін 2 миллиард теңге қарас­ты­рыл­ған болатын. Соның 680 миллион тең­гесі перзентханалар мен балалар ауру­ханаларына жұмсалды. Қаржы да аз емес, жүргізілген жұмыстар да айтарлықтай ауқымды. Бірақ кадр тап­шылығы әлі де бар. Қазіргі таңда облыс бойынша 85 акушер-гинеколог, педиатр, неонатолог, реаниматолог-анестезиолог мамандар жетіспейді. Әсіресе шалғай ауыл, аудандардағы меди­циналық мекемелер осындай мамандарға зәру. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ