Облыс қалаларындағы мектептерде түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу деңгейі ауыл балаларына қарағанда әлдеқайда жоғары. Өйткені ауыл мектебіндегі білімнің деңгейі қалай болғанда да қаладағы білім ошақтарынан төмен. Ол ҰБТ-ға қатысу пайызының көрсеткішіне де негіз болады. Демек, жыл сайынғы түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу пайызы мен олар алған баға көрсеткішінен ауыл мектептеріндегі көптеген өзекті мәселенің төбесі қылтияды. Денисов ауданында мектепті биыл бітіріп отырған 121 түлектің 70-і ҰБТ-ға қатысады. ҰБТ-ға қатыспайтын 51 түлектің 15-і жоғары білімді көрші елге барып оқуды мақсат еткен. Қалғаны колледждерге құжат тапсырмақ.
– Қанша дегенмен ауылды жерлерде әлеуметтік тұрмыстың төмендігі бүгінгі мектеп оқушыларының білім деңгейіне әсер етпей қоймайды. Ауданда мәселелі 43 отбасы бар. Үйде ата-ананың біреуі ішкілікке салынған немесе жұмыссыз. Сонымен қатар толық емес отбасында өсіп жатқан балалардың тәрбиесі қиын болғандықтан, сабағы да дұрыс болмайды, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Валерий Важничий.
Ауылдық жерлердегі мектептердің негізінен шағын жинақты болуы, баланың аздығы да білім сапасына теріс әсер етеді. Денисов ауданындағы 27 мектептің үшеуі ғана толық білім ошағы болып саналады. Бұл бір Денисов емес, өңірдегі барлық ауданға тән көрініс. Мысалы,Ұзынкөл ауданындағы 24 білім ошағының 4-і ғана толық жинақты, қалған 20-сы шағын жинақты мектептер.
– Ауылдағы білім сапасының да, деңгейінің де төмендігі осы шағын жинақты мектептерде болып отыр. Оларда сағат саны тіпті аз, оған қандай білікті мұғалім барады? Кадрлар жетіспейді. Бұрынғыдай емес, қазір қос пәнді, мысалы, математика мен физиканы, сурет пен ән-күй пәнін, химия мен биологияны қатар беретін мұғалімдер дайындалмайды. Ауыл мектебінде химия пәнінің мұғалімі бос отырса да, оның биологиядан сабақ беруіне рұқсат жоқ, – дейді Ұзынкөл аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Дүзенова.
Негізі мұғалімнің пәндерді қосақтап меңгеруі де лаждың жоқтығынан қолға алынған шараның бірі. Немесе қазіргі уақыт талабы тұрғысынан қараған адамға мұғалімнің математика-физика, химия-биология секілді негізгі пәндерді игеріп, оны оқушыға жеткізуі оңай шаруа емес. Мұғалім де адам баласы, оның да мектептен тыс тіршілігі, үй-жайы бар. Ет пен сүйектен жаралған адам соның барлығына қалай үлгереді? Облыста бүгінде жас ұрпақты біліммен сусындатып отырған 514 білім ошағы бар, соның ішінде 351 мектеп шағын жинақты болып саналады. Яғни, осы мектептің барлығы да ауылдық жерлерде. Онда бүгінде 21 мың 74 бала оқиды. Бұл жалпы облыстағы мектеп оқушыларының төрттен бірі. Аз емес. Ал шағын жинақты мектептердің өзекті мәселесі тіпті көп.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнара Үкинаның бұл туралы алдағы күннен үміті үлкен.
– Қазір ауылдарға кең жолақты интернет барып, цифрландыру ісі жүріп жатыр. Осының арқасында шағын жинақты мектептерде ресурстық орталықтар жақсы жұмыс істейтін болады, білім сапасы көтеріледі, – дейді Г.Укина. Цифрландыру жалпы экономиканы, әлеуметтік саланы көтеретініне күмән жоқ. Бірақ мектеп туралы сөз болғанда кемеңгер ағартушы Ыбырай Алтынсариннің «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзінің қуаты қалай кете қояр екен? Қазір ауылдарда 20-25 бала, тіпті 5-6 бала оқитын мектептер бар. Әрине бұлар облыс картасынан ертең сызылып тастайтын ауылдарда орналасқан. Мемлекеттік бағдарлама бойынша барғанмен, мұндай ауылға мұғалім тұрақтамайды. Мұғалім ауыса берген мектепте білім сапасы көтерілмейтіні кімге болса да аян.
ҰБТ-ға түгел қатыспауының тағы бір себебі түлектердің көрші елдерге кетуі екені айтылып жүр.
– Аудан бойынша 15 шақты түлек іргедегі Ресейдің Қорған қаласындағы жоғары оқу орындарына құжат тапсырады. Ондағы жоғары оқу орындары түлектерді грантпен, жатақханамен, қала ішіндегі қоғамдық көліктерде тегін жүрумен, тіпті Қостанай облысында тұратын ата-анасына келіп-кету жолын төлеумен қамтамасыз етеді. Қорғандық жоғары оқу орындары біздің түлектердің білім деңгейінің жоғарылығына да қызығатын көрінеді. Ең өкініштісі, сол түлектердің елге қайтатыны бірлі-жарым ғана. Енді бізде де грант көп бөлініп жатыр. Осы жөнінде түлектермен, ата-аналармен әңгімелер өткіздік. ҰБТ тапсырмайтын түлектер колледждерді қалап отыр, – дейді Ботагөз Дүзенова.
Жангелдин ауданындағы Ы.Алтынсарин мектебін биыл бітіргелі отырған Шерхан Есенбек те ҰБТ тапсырмайтындардың қатарында.
– Мен мектепті «жақсы» бағамен бітіргелі отырмын. Бірақ ҰБТ тапсырмаймын. Арқалық қаласындағы медицина колледжіне құжат тапсырамын, фельдшер болғым келеді, – дейді Шерхан.
Расында, ауылға білікті фельдшер де керек емес пе? Ең бастысы, түлек уақыт талабынан қалып қоймаса, білімін жетілдіре берсе, білікті фельдшер болып, туған жерге келсе ұтыламыз ба? Шерханның қатарластары, армандастары қай оқуды бітірсе де, туған жерді түлетсе еңбектің қайтқаны да сол болар еді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ