Өнер • 23 Мамыр, 2018

Мақатаевтың поэзиясына жазылған әндер: «Мұқаң тірі болса, не айтар еді?»

5345 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ поэзиясындағы Тұманбай Мол­дағалиев, Қадыр Мырза-Әлі, Мұх­тар Шахановтардың әнмен өрнек­телген өлеңдерін топтастырса, әрқайсысы бір-бір кітапқа жүк болары анық. Мұқағали Мақатаев та осы санаттан ойып тұрып орын алған ақын. Мұ­қағали жырларына жазылған әндерді еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінгі аралықта шырқамаған қазақ кемде-кем екеніне бәс тігуге дайынбыз.

Мақатаевтың поэзиясына жазылған әндер: «Мұқаң тірі болса, не айтар еді?»

«Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма, 

Өзегіңді дерт басып, жаншымай ма...» деген Мұқағали Мақатаевтың поэзиясына жазылған әндер бүгінде қазақ музыкасының алтын қорына енген. 

Мыңжылдық ақыны деп мойындалған тұлғаның өлеңдеріне қазақтың маңдайалды композиторларының біразы ән жазды. Көзі тірісінде өзі де олармен шығармашылық тан­дем құрып, тізе қосып жұмыс істегенін естеліктерден білеміз. Бұл орайда, «Сары­жайлау», «Дариға, домбырамды берші маған», «Сөнбейді, әже, шырағың» сияқ­ты тамаша әндердің авторы Нұрғиса Тілен­диевтің еңбегі бір төбе. 

Фариза Оңғарсыноваға арналған өлеңді даралай көрсеткен Әбиірбек Тінәлиевке де, «Сәби болғым келедіні» домбыраның шанағында өксіткен Тұрсынғазы Рахимовқа да әнсүйер қауымның алғысы шексіз. Сол сияқты, «Есіңе мені алғайсың» Мұқағалидің төрт томдығындағы мықты өлеңдердің бірі ғана болып қалар ма еді, егер Елена Әб­діхалықова оған ғажап ән жазбағанда?!

«Тоқта, ботам, атаң келеді артыңданы» боздатқан Сәбит Оразбаевтың дауысы да баршаның көкірегінде жатталып қалды. Басқа бірде-бір әнші осы әнді дәл Сәбит Оразбаевтай әсерлі айта алмайтын сияқты. Классик ақындардың шығармаларын тіріл­тіп жүрген композитор Қалдыбек Құр­манәлі де «Қариялар азайып бара жатырды» жаңа белеске көтергені анық.

«Мен деп ойла» атты ертеректе Айжан Нұрмағамбетованың орындауымен танылған Төлеген Мұхамеджановтың әнін қазір Маржан Арапбаева, Қайрат Түнтековтер шырқап жүр. Тыңдармандардың әлі күнге жылы қабылдағанына қарап, бұл да мәтін мен музыканың сәтті үйлесімі деуге болады. 

Соңғы жылдары Мұқағалидің жырлары есімі елге елеусіз жас әншілер мен әуес­­қой композиторлардың да «кәдесіне» жа­рап жүр. Алайда кейбіреуін тыңдап отыр­ғанда көкейіңді «Мұқағали жырының қадірін кетірмегені дұрыс еді!» деген наз түрткілейді. Тіпті, «Көтере алмайтын шоқ­парды беліне байлағандарға» күйінетін сәт­терің де көп.

Мәселен, Айқын Төлепберген «Жалаңаяқ қыз» атты әнді орындап жүр. Әнді тыңдап отырып, Мұқағалиді аяйсың. Әнші жігіт ешқандай мағынасы жоқ, одағай сөздерді тықпалағаны соншалық, өлең барлық қуа­тынан айырылып, бүгін бар, ертең жоқ қарадүрсін әндердің біріне айналған. Бір­неше рет қайталап тыңдап, «Жалаңаяқ қыздың» мәтінін қолымызға ұстап отырып не айтып жатқанын әзер түсіндік. Жырды жалаңаштап тастаған.

«Жалаңаяқ қызды» ақынның кітабынан оқып отырып, жаңбыр астында қалған құлын мүсінді арудың суретін елестетуші едік. Құр даңғырлаған музыка, секектеген жігіт. Клипін көрсеңіз, тіпті ұят. Шөпқораның ішінде, балшыққа аунаған қыз бен жігітті көрсету үшін басқа әнді пайдалануға да болар еді ғой.

Төпеп тұрған нөсерге қарамай-ақ,

Бір қыз кетіп барады жалаңаяқ.

Еске түсіп кетті ме бала кезі,

Елең қылмай ешкімді (де) барады өзі.

Жалаңаяқ жүргендей дала кезіп,

Еркін ұстап елігім барады өзін. 

«Бір қыз кетіп барады...» дегенді «бара жатыр» деп өзгерткен, «Еркін ұстап елігім барады өзін» деген жолдағы «елігім» сөзі түсіп қалған. «Да», «де» деген сияқты шы­лау, жалғауларды қосқан немесе айт­паған тұстары көп. Мұны ұлы ақынның мұра­сына мұқият қарау деп айта алмас едік. Пушкиннің «Я вас любил» деген атақты өлеңіне жазылған романс бар. Орыстың әншілері екі-ақ шумақ өлеңнің бір сөзін өзгертіп айтқан емес. Ал Мұқағалидің екі шумағына артық шылау, жалғаулар қосылып, тұтас бір сөздер неге түсіп қалуы керек?! Бұл ақынға деген құрметтің аздығын айтпағанда, авторлық құқықты бұзу емес пе? 

Мұқағалидің ең алғаш қазақ оқыр­мандарына жарқ еткізіп танытқан өлеңі – «Өмір сүрейік алмасып». Индира Расылхан оны «Ақ қайың» деген атпен шырқайды. Шынын айту керек, «Ақ қайыңды» ән ретінде қабылдау қиын. Мұңлы музыка мен әншінің зарлы дауысы мәтіннің қырық қатпарын аша алмаған. Мұқағалидің сөзіне жазылған өзге әндерді ыңылдап айтып жүрген адамдарды кездестіріп жатамыз. Бірақ Индира Расылханның орындауындағы шығарма туралы олай дей алмаймыз. Себебі «Аққайыңда» ән жоқ, тек зарлы ырғақ қана бар. 

Жаңа әндердің бәрін бірдей күресінге тастаудан аулақпыз. Мейрамбек Бесбаев «Көзіме көрінбесең, көрінбе сен» деген Мұқағалидің сөзіне жазылған әнді орындайды.

«Көзіме көрінбесең, көрінбе сен,

Күнім боп тұра бергін көгімде сен.

Бұлт болып шуағыңда тұтыла қап,

Нөсер боп селдетіп мен төгілмесем» деген қайырмасына келгенде, еркіңнен тыс қосылып кеткеніңді байқамай қаласың. Композитор туралы әңгіме басқа. Әннің әрленуі де, Мейрамбектің дауысы да мәтінмен шебер үйлескені көңіл қуантады. Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер алғаш шырқап шыққан «Сағындым» атты әнді де өзгеше баяу нақышпен, бірақ бояуын бұзбай алып шықты. 

«Каспий» тобының орындауындағы «Жарығым-ай», Ерболат Құдайбергенов рэп жанрында өңдеген «Сүйгісі келе берер сүйген ерін», «Сәт» триосының репертуарындағы «Қайтеміз көнбегенде…» біршама әсерлі шыққан дүниелер. «Нұр-Мұқасан» мен «МузАРТ» топтары «Бақытыңды жырлайды», «Сенің көзің…» сияқты шығармаларды да өз деңгейінде алып шықты. Аталған әндер түрлі хит шерулерде топ бастағаны – жақсылықтың нышаны.

Қарап отырсақ, Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндер қазақтың мықты әншілерінің репертуарына еніпті. Халық әртісі Роза Рымбаева айтатын «Наурыз-думан» жыл сайын Ұлыстың ұлы күні теледидар, радиолардан беріліп, алаңдарда шырқалып жатады. Сәбит Оразбаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Мақпал Жүнісова, Елена Әбдіхалықова, Рамазан Стамғазиев, Мейрамбек Бесбаев... Бұлардың қай-қайсысы да миллиондардың жүрегінде із қалдырған өнердің нағыз майталмандары екені сөзсіз. Яғни мық­ты мәтін композитордың шабытына ар­қау болды, орындаушысын да биікке көтер­ді. Мұқағалидің әндері әншілерді Шәмшінің сөзімен айтқанда «тағы бір биікке лақтырды». Ал шабытсыз туған шәлкем-шалыс дүниелер елеусіз қала берген. Елеусіз қалғанымен, ақиық ақынның шығармашылығынан хабары аздау жас буын Мұқағалиді сол әнші арқылы таниды. Әнші бұзып айтса, олар да ақынның сөзін дәл солай «қисық» күйінде қабылдайды. Сол жағы алаңдатады. 

Ауладағы жастар да, үлкен сахнадағы әншілер де жиі шырқайтын бір ән бар. «Ұнатамын» деп аталады. Сөзін жазған Мұқағали, әннің авторы атақты бард әнші Табылды Досымов.

«Ұнатамын мен сені, дегенменен,

Көрмегенді өзгеден сенен көрем.

Өз обалың өзіңе, өзіңнен көр,

Ғайып болсам бір күні егер де мен»,– деп келетін әннің жарық көргеніне жиырма жылдан асса да, әлі күнге ескірген жоқ. Табылдының өзі шырқаған әнді қазір ұлы Абыл шығармашылық кештерінде орындап жүр. Айтайын дегеніміз, ән авторы Табылды Досымов өлеңнің екінші шумағындағы «Сенің ғана ырқыңа бас алдырып» деген жолға аздаған өзгеріс енгізіп, «ырқыңа» деген сөзді «еркіңе» деп алмастырыпты.

«Ұнатамын мен сені,

Арманымдай еңселі,

Жүрегімнің бөлшегі,

Ұнатамын…» – деген қайырмасын да өз жанынан қосқан. Марқұм Табылды Досымовтың өзінің айтуынша, ұлы ақынды «түзеткеніне» көңілі күпті болған ол жаңа әнін ең алдымен ақын Жұматай Жақыпбаевқа тыңдатыпты. Жұматайға гитарамен орындап беріп, «Аға, Мұқаң тірі болса, не айтар еді?» деп сұраған ғой. Жырдың да, әннің де парқын түсінетін ақын: – «Әй, бала, Мұқаң тірі болса «керемет ән» деген болар еді. Айта бер», – деп композитордың көңілін демдеген екен.

Иә, Мұқағали Мақатаевтың шығар­маларына ауыз салғыш әуесқой композиторлар мен әншілер аз емес. Жырдың бағасын түсіріп жүргендердің бір парасын жоғарыда тізбелеп өттік. Солар Мұқағалидің мұрасына қол сұғар сәтте Табылды Досымов сияқты өз-өздеріне «Мұқаң тірі болса, не айтар еді?» деген сауал қоя ма екен?!

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»