Аймақтар • 23 Мамыр, 2018

Ертіс өзенінің жағасында көне күн обсерваториясы болған

1049 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыдан төрт-бес ай бұрын Өскемендегі А.Пушкин атындағы кітапханада белгілі қылқалам шебері, «Егеменде» қызмет істейтін Айдарбек Ғазизовпен кездесу өткен-ді. Әріптесіміз кездесуге өзімен бірге кішкентайынан құлын-тайдай тебісіп бірге өскен, бүгінде осы қалада адвокат болып еңбек ететін сыныптасы Ерсін Молдамжаровты ерте келіпті. Ел, жер тарихына бей-жай қарамайтын, әңгімешіл кісі екен. Кездесу аяқталғаннан кейін әртүрлі тақырыптар жөнінде пікір алмасып, бір сәт әңгімеміз тарихи ескерткіштер жайына ойысқанда Ерсін ағамыз кезінде Күршім ауданы аумағында, Ертістің сағасында күн обсерваториясы болғаны, қазір ол су астында жатқаны туралы айтқанда елең ете қалған едік.  

Ертіс өзенінің жағасында көне күн обсерваториясы болған

Жақында ол кісімен арнайы кездесіп, Күршімдегі күн обсерваториясы турасында кеңірек әңгімелесудің сәті түсті. «Алтай, Қытайдағы Тибет таулары көне тауларға жатады. Бұл жерде тір­шілік ерте басталған. Адамзат та ерте жайлаған. Өкініштісі сол, Алтай таулары әлі күнге дейін дұ­рыс зерттелмей жатыр. Алтай тау­лары ғана емес, өңірімізде әлі де жөнді зерттелмей, назар ауда­рылмай келе жатқан мекен­дер жетерлік. Кезінде әкем үш кластық білімі болса да мені атының артына мінгестіріп алып, тау-тасты аралатып, «мына жерде анадай тау бар, ана жерде мынадай тас тұр» деп жердің тарихын санама құятын. Соны әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын» деп әңгімесін тау-тас­тан бастаған ағамыз одан әрі су астындағы «сұраусыз» қалған тарихымызға қарай ойысқан.

Ерсін Молдамжаровтың айтуынша, кезінде Күршім өзенінің Ертіске құяр тұсында (Құйған ауы­­лының маңы) жеті бөліктен тұра­тын күн обсерваториясы бо­лыпты. Сол жерде өткен ға­сыр­­дың 60-65 жылдары қазба жұ­мыстары жүргізіліпті. Алайда Бұқ­тырма су қоймасының салынуына байланысты қазба жұ­мыс­тары тоқтатылуы себепті күн обсерваториясы су астында қалған деседі. «Қазба жұмыстарымен шұ­ғылданған орыс ғалымдары «Жар­ты жыл мұрсат бері­ңіз­дерші, біз мына жерді аяғына де­йін зерттеп алайық» деп «Гос­планға» (Мемлекеттік жоспарлау комитеті) хат жазған дейді. Бірақ «Госплан» оған қарасын ба? Оларға елдің, жердің тарихы маңызды емес, жоспарды орындау маңызды болса керек. Сөй­тіп әлгі текше су ас­тына ке­тіп қалған. Естуімше, Ново­сі­бір қаласының бір жерінде қаз­ба жұмыстарының нәтижесі сақталған дейді. Университетінде ме екен, мұрағатында ма екен? Бұл күн обсерваториясының жа­сы 4,5-5 мың жыл болуы әб­ден мүмкін. 5 мың жыл бұрын біз­дің бабаларымыз күн обсер­ва­ториясын салатындай, күн­ді, жұлдызды есептейтіндей жағ­дайда болса, онда сол ма­ңай­дан елді мекен немесе қала да табылып қалар, бәлкім. Осыны Күршімдегі билік басындағы, өзге де азаматтарға айтқанымда еш­қайсысы сенбеді. Бұл – менің ашып отырған жаңалығым емес, құн­ды жәдігер туралы Евгений Кур­даковтың «Ақбауыр» деген кітабында да жазылған», дейді Ерсін Молдамжаров. 

Расында, 1940 жылы Ресейдің Орынбор қаласында дүниеге келген, кейін Өскеменде тұрып, қызмет атқарған ақын, жазушы, суретші Евгений Курдаков 2008 жылы жарық көрген «Ак-баур: тайны и открытия» атты кіта­бында күн обсерваториясы жайында жазады. Автор күн обсерваториясы туралы жазбас бұрын Алтайдың зерттелуіне де аз-кем тоқталып: «Абырой болғанда Алтайға ірі ғалымдар дұрыс назар аудармай жанынан өтіп кетті, тек археолог С.Чер­никовтың үш барлау экспедиция­сы жұмыс істеді. Жұмыс істеді деген аты ғана. Черников сол кез­де өңірдегі 3045 нысанды тір­кеу­ге алғанымен, кейін қайы­ра тек­сергенде, олардың саны екі есе­ге дейін көбейтілгені анық­тал­ған», дей келе, сол заманда ас­тро­археологияға мүлде мән бе­ріл­мегенін тілге тиек етеді. 

Ал Евгений Курдаков Күр­шімдегі күн обсерваториясын өз пайымынша Құйған астрокешені деп атапты. Автордың ойын сол қалпында жеткізу үшін үзіндіні орысша ұсынуды жөн көріп отырмыз. «Потому, когда на берегу большого залива на Иртыше у поселка Куйган среди древнего курганного поля с кольцевыми каменными вкладками я совершенно случайно обнаружил словно бы прицел из двух мегалитов, через который просматривалась визирные гряды камней, разбегающиеся по восточному фронту горизонта. Я не сразу понял, что это древный календарный астрокомплекс». Осылай дейді де жақша ішіне: «Нужно сказать, что гораздо позже пересмотрев съём­ки местности, я понял, что хотя в принципе я и разгадал сис­­тему этого мегалитического ус­­тройства, сакральный смысл я его в то время еще не понимал» деп жазады («Ак-баур: тайны и от­крытия», Өскемен, 2008 жыл, 24-бет). Сонымен қатар жазушы астрокешеннің сызбасын да ұсы­нып (25-бетте), Күршімдегі күн обсерваториясы туралы Ал­матыда шығатын «Простор» жур­­налының 1989 жылғы №11 нө­мірінде «Колесница Солн­це» деген тақырыппен очерк жа­рық көргенін айтады. Алай­да Е.Молдамжаров бұл мақала «Прос­тор» журналында шықпа­ға­нын, басылымды қанша рет қарап, таба алмағанын, очерк «Ғы­лым және өмір» журналында ба­сылуы мүмкін деген болжамын жет­кізді. 

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы