Әлем • 24 Мамыр, 2018

Қазақстан - бейбітшілік пен тұрақтылық торабы

1769 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қай заманда да қауіпсіздік пен тұрақтылыққа басым­дық берген ел саяси-экономикалық өркендеу жолынан табылады. Қазақстанның осы тұрғыдағы ұста­нымы қазір көпке үлгі. Алыс-жақын шетелдермен өзара сенім, тең дәрежелі әріптестік байланысқа негіз­делген қарым-қатынасы елімізді аймақтағы көш­басшы елге айналдырды. 

Қазақстан - бейбітшілік пен тұрақтылық торабы

Оның үстіне Қазақстан бейбіт­ші­лікті көксеген тараптардың бас қосып, мәмілеге келетін орталығына айналды. Еліміздің бітімгерлік миссиясы біраз жылдан бері Ауғанстанның ішкі-сыртқы жағдайын да қамтып, аталған елден таралуы ықтимал лаңкестік, есірткі саудасының алдын алуға үлес қосуда. Ауғанстанды қалпына келтіру мақсатындағы гуманитарлық көмегімізді айтпағанда, халықаралық қоғамдастықтардың жүгін ел шекарасы арқылы өткізу – сауапты һәм жауапты іс. Ал жуырда рати­фи­кацияланған «Қазақстан мен АҚШ арасындағы Ауғанстанның тұрақтылығы және қайта қалпына келтіруге АҚШ-тың қатысуына байланысты Қазақстан аумағы арқылы арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы» құжат та осы мүддені көздейді.

Солтүстік торабының мақсаты анық

Бұл жөніндегі бастапқы келісім қос мемлекет арасында 2010 жылы қа­был­да­нып, стратегиялық тасымалдар қам­та­масыз етілген еді.

Аталған жоба Ауғанстандағы АҚШ және НАТО әскерлерін жабдықтау мақ­сатында тасымалданатын жүктің Пәкістан арқылы өтетін негізгі бағы­тын­­дағы сол кездегі қиындықтарға орай баламалы жолы ретінде іске асы­рыл­ған болатын.

Күні кешеге дейін келісімнің бас­тап­­қы жобасы бойынша арнайы жүк­­тің Елек-Жайсаң және Сарыағаш-Келес, Бейнеу-Қарақалпақстан арқылы Өзбекстанға және одан әрі қарайғы тран­зиті қамтамасыз етілді. Бұл даң­ғыл дәліз өзінің стартегиялық маңыз­ды­лығы мен мәніне байланысты Сол­түс­тік тарату торабы деген атауға ие бол­ды.

Алайда 2015 жылы Ресей Федера­ция­сының үкіметі Ауғанстанға жет­кі­зіліп жатқан қару мен әскери тех­ни­каның Ресей аумағындағы транзитін тоқ­татып тастады. Бұл іс жүзінде Сол­түс­тік тарату торабының та­рат­ы­луы­на себеп болды.

Осы келіспеушілікке орай амери­ка­лық тарап Қазақстанға қайта шы­ғып, то­раптың жұмысын жандандыру мақ­сатында Солтүстік тарату тора­бы­ның жұмысын қамтамасыз ету мақ­сатында бұрынғы келісімге Ақ­тау және Құрық порттарын енгі­зу­ді ұсы­нды. Ол арнайы жүктерді Әзер­бай­жан­нан Каспий теңізі арқы­лы Қазақ­станға және одан әрі темір­ жол­мен бел­г­і­ленген бекеттер арқылы Өзбек­стан­ға және Ауғанстанға жеткізуге мүм­кіндік беретін еді.

Бұл дәліз біздер үшін де, амери­ка­­лықтар үшін де стратегиялық ма­ңы­зы жоғары жоба болып қала бере­ді. Мәселен, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевқа кезінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай АҚШ халқы атынан құттықтауын жет­кізген Американың сол кездегі пре­зиденті Барак Обама да «Қазақстан Ауған­стандағы әскери опера­ция­ларға қол­­д­ау көрсету үшін Сол­түстік та­ра­ту желісінде маңызды рөл ат­қа­ра­ды. Мен Үкіметтеріңіздің біз­­дің солдат­тарымызды жақсы қор­ғау­ды және Ауғанстандағы ұзақ мер­зім­ді қауіпсіздік перспективаларын қам­та­масыз етуге көмектесетін доң­ға­лақ­ты брондалған машиналар мен екі­­жақты транзит туралы келісімді қу­ат­тағаны үшін Сізге алғыс білдіргім келе­ді. Сіздің көлік инфрақұрылымын жақ­сарту мен жас ауғандықтарды кәсі­би оқытуға қолдау жасауыңыз Ауған­стан­ның дамуы үшін нығайтушы күш бол­мақ», деген лебізін білдірген бола­тын.

Мүдделер тоғысатын мәселе

Үстіміздегі жылдың қаңтар айын­да Елбасының Америка Құрама Штат­та­рына ресми сапары барысында мем­лекеттер басшылары Қазақстан-Аме­ри­ка қарым-қатынастарын ауқым­ды стратегиялық әріптестік деңгейіне кө­теру жөніндегі бірлескен мәлімдеме қа­былдағаны белгілі. Бұл сапары аясында келісімдердің бірі ретінде үн­­дес­тік тапқан ортақ ұстаным мен мүдде Ауғанстанға байланысты болды. Әрине аталған елдегі ахуалды тұрақ­тан­дыру – АҚШ Президенті Дональд Трамптың сыртқы саясатта басымдық беріп отырған саласы.

Ал Қазақстан үшін Ауғанстандағы жағ­дай тіпті етене жақын. Басынан со­ғыс бұлты кетпей қойған бұл мемле­кеттен бастауын алатын есірткі биз­­несі, діни экстремизм, лаңкестік қыл­мыс­тары алдымен құрлықтағы көр­ші­лерге салмақ болатыны даусыз. Ал Ауғанстандағы тұрақтылық біз­дің елдің сыртқы қатерін де азайта түсе­ді. Пуштундардың тұрақтылығы мен бейбіт өміріне сондықтан да мүд­деліміз.

Қазіргі уақытта Қазақстан тарапынан Ауғанстанға гуманитарлық кө­мек көрсетіліп, мектеп, ауруханалар мен көпірлер құрылысы қаржы­лан­дырылуда. Еліміздің жоғары оқу орын­дарында 1000 ауғандық жасты оқы­тып шығару да басты жобалардың бірі. Олардың білім алуы үшін еліміз 50 млн АҚШ долларын бөліп отыр.

Жоғарыда аталған Вашингтондағы кездесу барысында өңірлік қауіпсіздікті қам­тамасыз етудегі ынтымақтастық жо­ғары бағаланып, игі істерді одан әрі нығайту мәселесі бойынша уағда­лас­тықтарға қол жеткізілген болатын.

Орталық Азияның транзиттік әлеуетін арттырады

Торап бойынша транзит төлемдері халықаралық тауарларды тасымалдау тарифтері бойынша жүзеге асырылады. Оның қызметі Ауғанстандағы бей­біт­шілік пен тұрақтылық орнату­ды қалайтын ел ретінде Қазақстан Респуб­ли­касының ұлттық мүдделеріне то­л­ықтай сай келеді. Мүдденің сәйкес­ті­гін жоғарыда айттық, ал пайдасы ше?

Мамандардың пікірінше, Солтүстік тарату торабы Орталық Азия тран­зит­тік көлік жүйесін дамытуға жағым­ды әсе­рін тигізеді, әрі еліміздің логис­ти­ка­лық инфрақұрылымын дамытуды жал­ғастыруға мүмкіндік береді.

Оның үстіне Сириядан бас сауға­ла­ған содырлардың жинақталатын орны Ауғанстан болуы мүмкін деген жорамалдар да жоқ емес. Демек, жер­гілікті халықтың көретін қиямет алда болуы да ықтимал. Оның үстіне Бірік­кен Ұлттар Ұйымының өзі Ауған­стан­да­ғы жағдайға көңіл бөлуге құлықты емес болатын. Ал жыл басында атал­ған ұйымның Қауіпсіздік Кеңесі төр­аға­лығын атқарған Қазақстан алдымен әлемдік қауымдастық назарын осы мәселеге аударды. Қазақстан тарапы Ауған жеріне 2011 жылдан бері ат ізін салмаған Қауіпсіздік Кеңесінің 11 мемлекетінің өкілдерінен құралған де­легацияның Ауғанстанға баруына бастамашы болып, халықаралық са­рап­шылардың жағдайды өз көздерімен көруіне ықпал етті. Қазақ е­лінің бұл баст­амасы Ауғанстандағы тұрақтылықты қам­тамасыз етуге бағытталған батыл әрі маңызды қадам еді. Негізгі жұмыс­тар мұнымен шектелмей, Ауғанстанға гу­­мани­тарлық көмек көрсету мәсе­ле­ле­рін Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәр­тібіне енгізіп қойды.

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүше­сі Нұржан Нұрсипатовтың пікі­рінше, Қазақстан тарапы халықаралық қау­ымдастықтың жауапты мүшесі ретін­д­е лаңкестік, діни экстремизм жә­не есірткі саудасы түріндегі жаңа қатер­лер мен қауіптерге бейжай қа­ра­майды. «Жүктерді Ауғанстанға атал­ған жол арқылы жеткізіп отыру транзиттік әлеуетімізді, сондай-ақ Орталық Азия елдері арасында сау­да-экономикалық ынтымақты жаң­ғыр­туға және Ауғанстандағы жал­пы жағдайды тұрақтандыруға оң әсер етеді деген пікірдемін. Бұл Пре­зи­ден­тіміздің Орталық Азиядағы эко­но­­микалық интеграцияны нығайту бас­­тамасына сәйкес келеді. Торапты ке­ңейтуге біздің қатысуымызды өңір­де­гі бейбітшілікті, тұрақтылықты және өр­кендетуді қамтамсыз ету жөніндегі халықаралық іс қимылдарды қолдауға еліміздің қосқан нақты үлесі ретінде қарастырған жөн» деп атап өтті сенатор.

Жалпы, Ауғанстан тарапы Қазақ­стан­­мен саяси, әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық байланыстарға қашанда жоға­ры мән беріп келеді. Атап айтқанда, екі­­жақты ынтымақтастықты одан әрі да­­мытудың өзекті мәселелері, оның ішінде сауда-саттық, Қазақстанның асты­ғын, Ауғанстанның көкөнісі мен же­міс-жидегін екі жаққа тасымалдау, темір жол тасымалын дамыту, екі ел арасындағы тауар айналымының көле­мін ұлғайту күн тәртібінен түскен емес.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»