Бағдарламаны іске асырып жатқан «Иркут» корпорациясы – ресейлік, тіпті әлемдік авиация нарығындағы ең үлкен сегментке арналған бәсекеге барынша қабілетті ұшақты жасап шығармақ ниетте. Соңғы инженерлік шешімдер МС-21 үлгісіне екі негізгі бағыт бойынша өз бәсекелестерінен асып түсуге мүмкіндік береді. Ол – экономикалық тиімділік және ыңғайлылық.
МС-21-300 деп аталатын негізгі ұшақ бизнес-класта 16 жолаушы және эконом класта 147 жолаушы тасымалдауға арналған. Бір класта жолаушылар тасымалдауға арналған ұшақта 211 жайлы орындық тығыз орналастырылады. Бұдан бөлек, екі класта 132 жолаушыны ыңғайлы орналастыратын салоны бар МС-21-200 ұшағы құрастырылып жатыр. Сонымен қатар бұдан да көбірек жолаушы сыйдыра алатын МС-21-400 ұшағын құрастыру мүмкіндігі зерделеніп жатыр.
МС-21 ұшағын құрастырушылар лайнердің аэродинамикалық көрсеткіштерін қолданыстағы ұшақтармен салыстырғанда 5-6%-ға арттырды. Бұл ұшақ қанатын ұзартудың арқасында мүмкін болған. Алайда мұндай көрсеткіші бар қанатты темірден жасау мүмкін емес болғандықтан, заманауи полимерлік-композиттік материалдар пайдалану туралы шешім қабылданды.
Кең фюзеляж жолаушыларды шығару және отырғызуды жылдамдатады. «Иркут» корпорациясының вице-президенті Кирилл Будаев атап өткендей, «әрбір жолаушының кіріп-шығуынан 5-7 минут уақыт үнемдеуге болады. Әдетте жылына 1500 рейс жасайтын әуе компаниясы осы мерзімде 150 сағат үнемдей алады, демек, қосымша рейс жасай алады.
МС-21-300 ұшағының алғашқысын сынақтан өткізу 2017 жылғы 28 мамырда басталған. 2017 жылғы қазан айында Иркутскідегі зауыттан Мәскеу маңындағы сынақ алаңына 6 сағат ұшып барды. Алғашқы сынақтардан-ақ ұшақ мақсатты пайдалану көрсеткіштеріне қол жеткізді: ұшу биіктігі – 12 000 метр, жылдамдығы – 860 км/с.
«Иркут» корпорациясының авиация техникасын құрастыру бойынша вице-президенті Константин Поповичтің айтуынша, бұл сынақтар негізгі конструкторлық және өндірістік шешімдер дұрыс бағытта жүргізілгенін көрсетті.
2018 жылғы 12 мамырда екінші МС-21-300 сынақ ұшағы көкке көтерілді. Ұшу сынақтарына барлығы 4 әуе кемесі жұмылдырылмақшы.
МС-21 бағдарламасы 20 жылдың ішінде 1000-ға жуық ұшақ жасап шығаруды көздейді. Қазірдің өзінде «Иркут» 175 ұшақ жасауға тапсырыс алған.
Алғашқылардың бірі болып Ресейдің ұлттық әуе тасымалдаушысы – «Аэрофлот» компаниясы 50 МС-21 ұшағына тапсырыс берген. Олар 2020-2026 жылдар аралығында жеткізіледі деп жоспарланған.
Қамбар Ахмет,
«Егемен Қазақстан»