Қазір мемлекеттік корпорацияда мамандар оқудан өтіп, осы қызметті ұсыну бойынша басқа да дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу құзыреті мемлекеттік корпорацияға берілсе, қызметтердің көрсетілу мерзімін және тіркеу барысындағы шығынды қысқартуға, сондай-ақ қызметтерді кешенді түрде алуға жол ашылмақ.
Бұл өз кезегінде әкімшілік кедергілерді жойып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Мысалы, бүгінде азамат жеке баспана салатын кезде мемлекеттік корпорация арқылы пайдалануға қабылдау актісінің негізінде құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне сәйкестендіру мәліметтерін енгізеді.
Мәліметтерді жүйеге енгізген соң бір жұмыс күнінен кейін меншік құқығын тіркеу үшін осы құжаттарды қайта тапсырады. Функциялар корпорацияға берілген кезде осы екі қызмет ХҚО арқылы бір өтінішпен ұсынылатын болады. Нотариалды куәландырылмаған шарттар мен құқықтарды тіркеу бойынша қызметті алу тәртібі де өзгереді. Қазір қызмет алушы алдымен Әділет министрлігінің жергілікті бөлімшесіне барып, нотариалды куәландырылмаған шарттар бойынша қызмет алады, сосын корпорацияның фронт-офисіне барып, құқықтарды тіркеу үшін құжаттарды тапсырады. Бұл функциялар мемкорпорацияға өткенде азаматтар ХҚО-ға келіп, екі қызметті бір өтініш бойынша ала алады. Сондай-ақ мәліметтерде қателіктер мен ақаулар кездесіп, ақпараттық жүйеге түзету енгізу керек болса, қызмет алушы Әділет министрлігінің бөлімшесіне бармай-ақ, сол жерде ХҚО операторының көмегімен жөндей алады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»