Аймақтар • 24 Мамыр, 2018

Депутаттар маңғыстаулық полицейлермен кездесті

319 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысына іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытжан Ертаев пен Құдайберген Ержан маңғыстаулық тәртіп сақшыларымен кездесті. 

Депутаттар маңғыстаулық полицейлермен кездесті

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері еліміздің ішкі әскеріне қарасты 6656 әскери бөлімінде және Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінде өткен көшпелі отырыс аясында сарбаздармен және сақшылармен жүздесіп, еліміздің тыныс-тіршілігі туралы жан-жақты әңгімеледі.

Кездесуде Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауындағы басты бағыттардың бірі ретінде анықталған – цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізуді заңды тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.

– Біздің еліміз небір қиындықтарды артқа тастаумен қатар, сол қиын­дық­тар­дан сабақ, тағылым алып жетіліп ке­леді. Мемлекет басшысы ал­ды­­мызға қойған тапсырмалар – ел ке­ле­шегінің кепілі. Елбасы әлеуметтік жаң­ғырту жолында жаңа қадам жа­сау­ға дайын екенімізді мәлімдеп, 5 әлеу­меттік бастаманы ұсынды. Бұл – жа­ңаша түлеу, болашаққа жаңаша қа­дам басу деген сөз. Өздеріңіз бі­ле­сіздер,  бірінші бастама – бұл әр­бір отбасы үшін тұрғын үй алудың жа­ңа мүмкіндіктері. Қазіргі кезге дейін көптеген отбасылардың өз бас­паналары жоқ. Демек, бұл ай­рық­­ша әлеуметтік маңызы бар мә­се­ле. Ипотеканың қолжетімділігін арт­­тыру, оны шешу үшін барлық жағ­­­дайды жасау қажет, – деген  Мәжілістің Ха­лықаралық істер, қорғаныс жә­не қауіпсіздік комитетінің мүше­сі Бақытжан Ертаев полиция қыз­мет­керлерінің жұмысымен танысып, тәртіп сақшыларына халықтың әлеу­меттік жағдайын жақсарту үшін жас­тарды патриоттық тәрбиелеу бойын­ша жүргізіліп жатқан шаралар туралы айтып берді.

Жауапты қызметте жүрген полицейлерге Елбасы Жолдауының өзек­тілігімен қатар, тәртіп сақшы­лары қызметінің алар орнын, олар­ға жүктелген міндеттердің маңыз­ды­лығын, сондай-ақ олардың ел алдындағы жауапкершілігінің те­рең­дігін әңгімелеген депутаттарға Маң­ғыстау облысы ішкі істер де­пар­таментінің бастығы, полиция полковнигі Қанат Таймерденов ал­ғыс айтып, ризашылығын білді­рді.

– Біз сіздермен кездесіп, әлеу­мет­тік мүм­кіндіктер туралы мә­се­­­лелерді тал­қы­лауды үлкен құр­мет деп қараймыз. Полиция қыз­мет­­керлері қызметтің қиын­дық­та­рына қарамастан, халық­тың игілігі үшін күшейтілген тәртіпте жұ­мыс істейді. Техникалық базаны же­тіл­діру мақсатында жаңа техно­ло­гия­лардың енгізілуіне байланысты  аймақтағы криминогендік жағдай айтарлықтай жақсарды, – деді департамент басшысы Қ.Таймерденов.

Адал қызмет етіп, халықтың қалаулысына, елінің қаһарман еріне айналған азаматпен кездесу – по­ли­цейлерді, әсіресе жас сақшы­лар­ды қанаттандырып, қызметке деген қыз­ы­ғу­шылығын арттыра түсетін әсер бер­гені анық.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы