Парасатты Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елі үшін төккен маңдай терінің жемісі. Елбасымыз әлемнің алпауыт елдерімен терезесі тең, иық тірестіре даму жолында тынбай еңбектеніп, алға жетелейтін үлкен мақсаттар мен міндеттер қойып келеді. Солардың бірі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат.
Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыс пен ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріледі. Онда Қазақстан үшін қайта түлеудің айрықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.
Мақаланы мән беріп оқыған саналы азаматтың көкейінде өзіндік көзқарас қалыптасатыны заңды. Ертеңгі тәуелсіздігіміздің тұғыры шайқалмауы әрі мемлекетіміздің мәңгілігі үшін жасалынуы керектің барлығы Елбасы қаламымен айшықталған. Берілген тапсырмалар мен артылған ауыр жүктің астарында бір ғана ұғым жатыр. Ол – ұлттық патриотизм. Осы сөздің өзі мақала аясында туындайтын сыни сұрақтарға жауап бола алады. «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» делінген мақалада. Жаңа тарихи кезең үшін алдымызға қойылған міндет алдыңғы қатарлы отыз елдің қатарына кіру болса, ұлтын сүйген ұландарсыз, елім дейтін ерлерсіз бұл мақсатқа жетеміз деп масаттанудың өзі қате болар.
Тарихтың бұл жаңа кезеңі бабаларымыздың басынан өткен ашаршылықтан да ауыр, соғыстан да салмақты. Тағдыр мен тарихтың таразысында тұрған адам ресурсы емес, сана ресурсы. Демек бұл білек емес, білім бәсекесінің кезеңі. Ұлттық сананы тас қамал таптаурындардан азат ету бізді барлық бәсекеге қабілетті етеді. Рухани жаңғырудың да мәні осында деп ұғамыз. Болашаққа бағыт алуымызға бастама болатын тың көзқарастарға жол ашуды, заман ағымына ілесуді ұлттық «менталитетімізге сай емес» деуден аулақ болған жөн. Терең тарихымызға көз жүгіртсек, ата-бабамыздың аңсаған арманы азаттық болғаны белгілі. Олар сол үшін атқа қонды. Олар жаудан ұлтарақтай жерімізді ғана емес, ұлттық санамызды қорғады. Алайда сол санамызға «сызат» түскенін де мойындағанымыз жөн. Ал тәуелсіз елдің ендігі міндеті егемендігімізді уысымыздан шығарып алмауды былай қойып, дамыған отыз елдің қатарына кіру. Демек жаңа тарихи кезеңнің күресі белгілі.
Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың салт-дәстүрлерін, тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерілеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш.
Рухани жаңғыру бүгін ғана қолға алынып жатқан жұмыс емес. Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бері қыруар шаруалар атқарылды. Мәселен, 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттар жүйелі түрде жиналып, зерттелді.
Жаңғырудың тағы бір тармағы – бәсекеге қабілеттілік. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін өзге елдердің білім-ғылым, технология секілді салаларда жеткен жетістіктерін таңсық көрмей, сол жолдармен жүру керек. Бұл арқылы бірден оң нәтижеге қол жеткізбесек те, түбінде жемісін көреріміз анық. Сұлтанмахмұтша айтқанда:
«Ғылымның орны бас пен көкіректе,
Бүйір шығып, қампия тоймас қарын». Ал таяу жылдардағы атқарар міндеттеріміз латын графикасына көшу мен гуманитарлық ғылым өкілдерінің санын арттыру. Қазақ халқының тарихында латын қарпі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданыста болған. Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Мектеп қабырғасында ұл-қыздарымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін үйреніп келеді. Технология қарыштап, теориялар іс жүзінде шындыққа айналған тұста философия, мәдениет, тарих, филология сияқты гуманитарлық ғылым салаларының мықты мамандары бізге ауадай қажет. Жастарымыз қазірдің өзінде әлемнің бірқатар шет мемлекеттерінің маңдайалды оқу орындарында білім алуда.
Мақаладағы «Туған жер» бағдарламасын қолға алу ұсынысы жас ұрпақты тәрбиелеуге дәл және уақытында айтылған нақты тапсырма деп білемін. Әрбір адамның жүрегінде кіндік қаны тамған жеріне, өскен ауылына, туған жеріне деген сүйіспеншілік, құрмет болмайынша, Отан деген ұлы ұғымға адал қызмет ету, жан дүниесімен беріле сүю екіталай.
Салт-дәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі берік болмақ. Неғұрлым тұтастыққа жету үшін елді айшықтап тұрған ұлттың танымдық, тәрбиелік маңызға бай әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері қажет. Кез келген халықты өзінің төлтума рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері ғана біріктіре алады. Елбасы мақалада осы ұстанымды айқын көрсетіп берді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бас-
тамасы» атты халыққа Үндеуі де жоғары білім беретін оқу орындарына жаңа тың серпін әкеледі деп нақты айта аламыз. Осы маңызды құжатта баяндалған үшінші бастама жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға арналған.
Елбасы ұсынған бұл бес әлеуметтік бастаманың қай-қайсысы да елдің көкейінде жүрген мәселелер екені анық. Мектеп бітірген түлектер үшін оқу гранттарын ұлғайту, студенттердің жатақхана мәселесін шешу, тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру, жеңілдетілген шағын несие беруді көбейту, елдің өңірлерін газбен қамтуды жалғастыру сынды мәселелердің барлығы да айрықша маңызды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда Елбасы алға қойған міндеттер өз кезегімен мүлтіксіз жүзеге асып келеді. Бұл жолы да солай болатынына сенімдіміз.
Елбасы Үндеуі төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға тамаша мүмкіндік береді. Бұл да мемлекетіміздің жастарға жасап отырған қамқорлығының айқын көрінісі. Сонымен бірге өңірлердегі техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына берілетін гранттардың құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру мәселесі аймақтың жоғары оқу орындарының мәртебесін арттыруға септігін тигізері хақ.
Заман талабына сай өмір сүру керек деп жатамыз ғой, заманға сай жаңа мамандықтар қажет. Қазіргі жас-
тардан шетел тілін білу, компьютерді жоғары деңгейде қолданып, оның әртүрлі бағдарламаларын игеру талап етіліп отыр. Яғни инновациялық озық технологияларды жоғары деңгейде меңгерген, нанотехнологияларды игерген, компьютерлік бағдарламаларды құрастырушы мамандар – заман талабына сай пайда болып жатқан мамандықтар. Елімізде нанотехнология саласы қолға алынып жатыр. Бұл сала информатика, физика, химия тәрізді ғылымды жетік меңгерген, біліктілігі мол мамандардың бірлесе отырып жұмыс істеуін керек етеді. Нанотехнология дамыса, онымен бірге химиялық биология, биотехнология өріс алады. Өйткені олар бір-бірімен тығыз байланысты.
Елбасының көтерген бес бастамасы іс жүзінде жастардың сапалы білім алуына, парасатты тұлға болып қалыптасуына, кәсіби маман ретінде өмірден өз орындарын табуына жасалып жатқан қамқорлық, олардың болашағына деген сенімді бағдар екендігі даусыз. Бұл ел рухын көтерген, сенімін нығайтқан зор серпіліс болды.
Жақсы өмір қоғамға тыныштық сыйлап, үздіксіз серпілістер туындатып тұрады деп ойлаймыз. Ал жақсы өмір сүру үшін Елбасымыз адамға өзгеру керектігін айтады. Өзгерістер басты қағидамызға айналған жаңаша жаңғыру нәтижелі түрде жүзеге асса, нұр үстіне нұр болар еді.
Нұрлыбек СЕЙІТҚҰЛОВ,
профессор