Қазақстан • 24 Мамыр, 2018

Сәкен Абдолла: Ең маңыздысы – халықтың сенімі мен құрметіне ие болу

605 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сот жүйесінің ашықтығы мен судьялардың әділ төрелігі – мемлекет пен қоғамның дамуында маңызды орын алатыны белгілі. Осыған сай тәуелсіздік жылдары бұл сала көптеген реформаларды бастан өткерді. Сот жүйесі алдымен материалдық-техникалық жағынан толықтай қамтамасыз етіліп, судьялардың қолайлы жұмысына жағдай жасалды. Судьялардың тәуелсіздігіне кепілдік беретін құқықтық құжаттар да халықаралық талаптарға сәйкестендірілді. Ендігісі – адами фактор. Біз осы орайда еліміздегі алғашқы мамандандырылған сот саласы – әскери соттың тәжірибесі арқылы бүтін жүйенің жетістіктері мен жоспарларын білуді жөн көріп, Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы Сәкен АБДОЛЛАМЕН аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз. 

Сәкен Абдолла: Ең маңыздысы – халықтың сенімі мен құрметіне ие болу

– Сәкен Жүсіпахметұлы, әңгіменің әлқиссасын сот жүйе­сіндегі жаңашылдықтар­дан бастасақ, сот саласындағы соң­ғы жылдардағы реформалар судьялар жұмысының тиім­ділігіне қалай әсер етті?

– Қазақстан судьялар қа­уым­дастығы үшін бұл жылдар ғасыр жүгін арқалаған, ізденістерге толы жылдар болды. Осы уақыт аралығында мемлекет тарапынан аталмыш салаға соттардың материалдық-техникалық жабдықтармен қам­тамасыз етілуіне, судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмыс істеуіне көп көңіл бөлінді. Оны­мен қоса, сот ісін жүргізуде жа­­­ңа ақпараттық технологиялар енгізіліп, соның арқасында жұ­­­мыс та едәуір жеңілдетіліп, халыққа да сот төрелігінің ашық­тығы мен қолжетімділігі сезіліп отыр. Дәлірек айтқанда, сот саласындағы қазіргі жағдай мен 20 жыл бұрынғы ахуалды мүлде салыстыруға келмейді. Қазіргі уақытта судьялар, жалпы, сот са­ласының мамандары небір заманауи техникалармен, технологиялармен қамтамасыз етілген. Зәулім ғимараттар еншілеген сот­тарда азаматтарға барлық жағ­­­дайлар жасалған. Ал ең басты және маңызды мәселе – судьялар мен оның айналасындағы мамандарды дұрыс іріктеп, халықтың сеніміне және құрметіне ие болып, әділеттік пен заңдылықты қамтамасыз ететіндей жұмыс атқару болып қала береді.

– Ал әскери сот жүйесінің соттың басқа тармақтарынан қандай ерекшелігі бар?

– 1992 жылғы маусым айын­­­­да құрылған Қазақстан Ре­с­пуб­ликасының Әскери соты – елі­міздегі алғашқы мамандан­дырылған сот.

Жалпы, әскери деген аты бол­маса, сот құрылымының басқа­лар­дан айтарлықтай өзгешелігі жоқ. Әскери соттың мәртебесі – облыстық соттармен, ал республика аумағындағы 10 гарнизондық әскери соттар және аса ауыр қыл­­мыстық істерді қарайтын ма­мандандырылған ауданаралық әскери соты – аудандық соттармен теңестірілген.

Алайда әскери соттардың бас­қалардан ең басты айырмашы­лығы – онда қаралатын істердің ерек­шелігінде. Мәселен, әскери сот қарайтын азаматтық істер бойынша тараптардың бірі әс­кери қызметші, әскери басқару ор­ганы немесе әскери бөлім бо­луы тиіс. Ал қылмыстық істерде сотталушылардың біреуі әс­кери қызметші болуы ләзім. Осы жерде айта кететін бір мә­се­ле, өркениетті, дамыған ел­дер­­дің соттары міндетті түрде ма­манданған соттарға бөлінген.

– Бүгінде әскери соттың алдында қандай міндеттер тұр?

– Осы жылдар аралығында әскери соттарда жүргізілген жұ­мыс­тардың жемісті болған­дығын заң шеңберінде және уақтылы қаралған қылмыстық, азаматтық істердің сапа көрсет­кішімен есептеуге болады. Ең бастысы, азаматтардың заңды мүд­де­­лері мен құқықтары уақтылы және толық көлемде қорғалып ке­леді. Осы жылдары әскери сотқа сенім қалыптасқандығын арыз-шағымның азайғанынан да байқауға болады. Оның үстіне біздің ұжымда тәртіп, ынтымақ, сый­ластық жоғары екендігін ерекше айта кеткен жөн болады.

Жалпы бұған дейін әскери сот саласында сот аппараты мен сот төрелігін жүзеге асыру ке­­зінде қажетті жағдай жасайтын тиісті ұйымдастырушылық және техникалық материалмен қамтамасыз етуге жауапты бө­лімдер болмаған еді. Сол кезде әскери соттың жұмысында біраз қиын­шылықтарға кезігіп келдік. Осыған орай, Президенттің Жар­лығымен 2016 жылы «Әскери сот әкімшісі» республикалық меке­месі құрылып, құрамында персоналды басқару және қар­жы бөлімдері, құжаттамалық қам­тамасыз ету басқармасы, әскери соттардың қызметін қамтамасыз ету сияқты жаңа құрылымдар пай­да болды.

– Жоғарыдағы бір сөзіңізде сот ісін жүргізуде жаңа ақпарат­тық технологиялардың енгі­зіл­­ге­нін тілге тиек еттіңіз. Бұл жұмысқа қандай артықшы­лықтар берді? Осыны тарқа­тып айтып берсеңіз.

– Иә, соңғы жылдары сот жүйесі заманауи ақпараттық-коммуникациялық технология­лар арқылы электрондық іс қағаздарын жүргізуге және сот ісін жүргізуге ауысу бойынша үлкен жұмыстар атқаруда. Соттар қазір күнделікті жұмы­сында IT-технологиялар мен ғаламтордың озық мүмкіндік­терін кеңінен пайдаланады. Себебі жаңа технологиялар іс жүргізу уақытын елеулі түрде қысқартып, сот жұмыстарының көрсеткіштерін оңтайландырады. Ең бастысы, халықтың жүйеге қолжетімділігі қамтамасыз етілуде. Мәселен «Сот кабинеті» ақпараттық қызметі іске қосыл­ған сәттен бастап пайдаланушылар оның мүмкіндіктерін жоғары бағалауда. Оған қызмет арқылы жолданған үш милионнан астам құжат дәлел бола алады деп ойлаймын. Жалпы аталмыш қызметті қолданудың нәтижесінде республикадағы әскери соттарға электронды түрде келіп түскен талап-арыз­дың көрсеткіші былтыр 99,7 пайыз­ды құрады.

Сонымен қатар сот жүйесінің тағы бір айқын жетістіктерінің бірі – сот отырысы залдарын 100 пайыз дыбыс-бейне тіркеу құрыл­ғысымен жабдықтау. Осы жүйенің артық­шылығы дыбыс-бейне тіркеу құрылғысы барлық процеске қаты­сушыларды, оның ішінде судья­ларды да тәртіпке салады, онымен қоса сот отырысын жүр­­гізу барысында туындайтын дау­лы мәселелерді шешуде көмегі зор. Бейнеконференция байланысын ұйымдастырып, сот отырыс­тарын қашықтықтан жүргізуге де қол жеткіздік. Сондай-ақ бұл құ­рыл­ғы сот отырыстарының уақ­­тылы басталуын бақылауға, хат­­тамаларды қысқа түрде жа­зу­ға да мүмкіндік береді. Яғни, сот процесіне қатысушы тарап­тардың, судьялар мен сот қыз­меткерлерінің жұмысын жеңіл­детіп, уақыттары біршама үнем­делуде. Айта кету керек, былтыр гарнизондардың әскери соттарында сот процестерінің 98,5 па­йызы дыбыс-бейне тіркеу жүйесін қолдану арқылы жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде тараптардан түсетін арыз-шағымның мүлдем тоқтағанын ерекше атап өтуге болады.

Сонымен бірге «Төрелік» ақ­­па­раттық талдау жүйесіндегі «Жазаны тағайындау» жаңа қыз­меті судьялардың, әсіресе жаңа­дан тағайындалған қазылар­дың нағыз көмекшісіне айналды. Бұл жүйеде қылмыстық іс бойынша ақпаратты зияткерлік тұрғыда талдау үшін барлық алгоритмдер жинақталған. Атап айтқанда, бұл жүйе сотталушының жасаған қыл­­мысына қарай және жеке басына сәйкес жаза тағайындауға бағыт-бағдар береді. Оған қоса сот шешімі шыққаннан кейін автоматты түрде атқару құжат­тарын сот орындаушыларына жолдауға және оның орындау қозғалысын бақылауға мүм­кіндігі бар. Бұл сот орган­дары мен Әділет министр­лігі­нің ақпараттық базаларын инте­грациялаудың нәтижесінде орын алып отыр.

Қазіргі таңда әскери соттар­да ішкі құжат алмасу да, мем­лекеттік органдармен хат алмасу да 100 пайыз электронды түр­де жүргізіледі. Бұл өз кез­е­гін­де пошта шығындарына төле­нетін мемлекеттік бюджеттік қара­жатты және азаматтардың уақы­тын үнемдейді. Сот төрелі­гінің жүзеге асыру процесін де бір­шама жеңілдетеді.

– Әскери сот арқылы ақпа­рат­тар электронды түр­де шұ­ғыл алынатынына қара­мас­тан, ­көпшілік мұндағы жұмыс­тың­ бәрі құпия деп ойлайды. Шын мәнінде солай ма?

– Әрине, «әскери» деген сөзді естігенде, көпшіліктің ойында «жабық режім, мемлекеттік құпия» деген ұғым қалыптасқан. Бәлкім, әскери сот болған соң да солай ойлайтын шығар. Әлбетте, әскери сотта құпия белгісі бар істер мен жабық сот отырысында қаралатын істер бар. Қоғамның назарын аударған істер де бол­ды. Мысалы, мемлекеттің жоғар­ғы шенділеріне және әртүрлі гене­ралдарға  қатысты қыл­мыс­­тық істерге төрелік жасалды. Кей­бір ауқымды істердің кө­ле­­мі мың­нан астам томды құра­­ған. Алай­да сот шешімінің жария­­лануы ашық түрде, БАҚ өкіл­дерінің қатысуымен өткізілді. Көпшіліктің бізді «жабық мекеме» деп ойлауының бір себебі әскери сот туралы жағымсыз жа­ң­а­лықтардың аздығымен байланысты болуы да мүмкін.

Сонымен қатар, сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақ­сатында бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнаттық. Бізде өтетін іс-шаралар мен қоғамдық мәні бар істер туралы ақпараттар үне­мі интернет парақшалары мен басылым беттерінде жария­ланып тұрады. Соттардың сайттары тұрақты жұмыс істеп, онда аза­матт­арға қажетті ақпа­раттар үне­мі жаңартылып, толық­ты­рылады. Соттың барлық жұ­мы­сы азаматтарға ашық әрі анық кө­рініп тұрады. Оған қоса, әр­бір азамат ашық сот процесіне қатысып, сот төрағасының қа­был­дауында болуға кедергі жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»